Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әй, Бауыржан, мен бір білместік істеп алыппын, кешір, ұятай, ұят болды, — деді сол үйден түстік ішіп отырғанымызда.

— Не боп қалды, Сәке?

— Біз бүгін кешке қарай Жамбыл қарттың ауылына барып келейік. Жәкеңнің алдын көріп, сәлем беріп қайтқаның орынды болады.

— Жарайды.

Сол күні кешке Ұзынағашқа бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем бердік.

— Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, — деді Сәбит Жамбылдың құлағына дауыстап. — Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері.

Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.

Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сәбитке қарай мойнын бұрды да:

— Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! — деді.

Сәбит оған қарқ болып күліп жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.

— Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы, — деді.

Мен ойланбастан жауап бердім.

— Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен — оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке, — дедім.

Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады.

— Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, — деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай, Балуан Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе, Сәбит: «Ау, тәте» деп жауап береді.

Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ қайрандай болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу, шабуылға шығатын кавалеристей екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да:

— Әумин, — деп алақанын жайды.

Малдас құрып отырған Жәкең мойнын бұрды да:

— Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші ме еді батаны? — деді.

— Ойбай, тәте, өзіңіз жасаңыз, — деді Сәбит.

Жамбыл алақанын жайды да:

Батырдың жолы болсын!

Самсаған қолы болсын!

Түсі де суық екен,

Ісі де долы болсын, аллаәкпар! —

деп бетін сипады.

Ақ қошқар ауыз үйде сойылып жатты. Бір кезде ішек-қарын аршыған әйелдердің де дыбысы естіле бастады. Олардың үстіне сырт жақтан мұрнынан міңгірлей сөйлеп тағы біреу келді.

— Екіндіде елге сүйкімді қонақ келеді деуші еді. Бір кәдірлі қонақ келген-ау тегі... Ойбай-ай, шарбысын-ай ақтарылып жатқан. Тура бір тегене май түсіпті ғой... Өй, мыналарын Жәкемнің ең сыйлы қонаққа соямын деп жүрген ай мүйізді ақ қошқары ғой, қарақтарым-ау. Кім келгенін айтсаңдаршы өздерің!..

Осылай деп есіктен төртбақ денелі жалпақ бет біреу кіріп келді. Келді де:

— Ой, айналайын, жүрген жері құт Сәбитімнің өзі екен ғой. Әйтпесе Жәкем ай мүйізді ақ қошқарды кімге союшы еді? Өзім де біліп едім-ау! — деп қос қолдап келіп Сәбиттің алақанын алды. Содан соң бұрылып маған қарады да:

— Мына литенант жігіт кім? — деді Сәбитке. «Лейтенанттың» да бір әрпін қымқырып жіберді деп ойладым ішімнен.

— Ой, Ғали, қара бассын сені, — деді Сәбит. — Лейтенант емес, полковник Бауыржан Момышұлы ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий