Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Карденьоның сөзі Доротеяны таң-тамаша қалдырды; осынау ізгі ниетіне ырзашылығын қалай жеткізерін білмеген қыз оның аяғына жығыла кетті де, құшақтамақ ыңғай білдірді, ал Карденьо болса қашқалақтаумен болды; бірақ, осы арада лиценциат сөзге араласты: жан тебірентер лебізі үшін Карденьоны мақтап алған священник деревнясына екеуінің өзімен бірге баруын өтініп, сөйткендері жөн болатынын айтып, үгіттей бастады; оның айтуынша, ол жерде бұлар не қажеттің бәрімен қамтамасыз етілмек, қалған шаруаны сол арада реттеулеріне болады: дон Фернандоны іздей ме әлде Доротеяны ата-анасына алып бара ма, қысқасы, патша көңілдері не қаласа соны істеуге ерікті. Карденьо мен Доротея оған ризалық білдіріп, ұнамды ұсынысты қабыл алмаққа ұйғарды. Осының бәріне таңырқана қарап үнсіз тұрған шаштараз да ақыры тіл қатып, священник секілді елгезектікпен ол да бұларға өз көмегін ұсынды; сонан соң священник екеуінің бұл араға қалай тап болғаны жайында қысқаша ғана баяндап берді, Дон Кихоттың әдеттен тыс ауыштығы жайында хабарлап, атқосшысы қожайынын іздеуге кеткенін, өздерінің соны күтіп отырғанын құлаққағыс етті. Сол арада Карденьо Дон Кихотпен шекісіп қалғанын еске алды, бірақ бұның бәрі көз алдына көрген түстей бұлыңғыр түрде елестеген-ді, серіктеріне сол жайында айтып берген ол шатақтың неге бола шыққанын ұмытып қалғанын хабарлады.

Осы кез оқыстан айқай естілді, священник пен шаштараз айқайды салып тұрған Санчо Панса екенін сезе қойды, — бұларды қалдырған жерінен таппай қалған ол енді екеуін дауыстап шақырып жатыр еді. Бәрі соған қарай бет алды, олардың Дон Кихот жайындағы сұрақтарына анау Дон Кихоттың үстінде жалғыз ғана жейде, әбден арықтап кеткенін, өңі аппақ қудай, қарны аш, жүрегінің әміршісі Дульсинея жайында аһылап-уһілеп отырғанын айтты. Сол жерде бұл, Санчо, Дульсинея оған бұл арадан кетуге, Тобосоға келуге әмір еткенін, қыздың өзі оны сонда күтіп отыратынын хабарлапты, бірақ анау сүйгенінің абырой-атағына лайық ерліктер жасамайынша оның ай дидарлы әлпетін көре алмайтынын мәлім етіпті. Егер бұл ахуал осылай жалғаса берсе, — деді Санчо ренжіңкіреп, — Дон Кихотқа өзі жаулап алмақшы империя түгіл, архиепископтық та бұйырмауы мүмкін, айтқандайын, архиепископтық — бұл тек басқа тәуір ештеңе табылмағандықтан ғана айтылған нәрсе, сондықтан оны қайткен күнде де бұл арадан алып кетпесе болмайды. Лиценциат оған босқа әбігер болмауын: бәрін Дон Кихоттың патша көңілі білетінін, ал оны бұл жерден алып шығуды олар өз міндетіне алатынын айтты. Одан соң ол Карденьо мен Доротеяға шаштараз екеуінің Дон Кихотты дертінен емдеу үшін, оның сәті түспесе, тым құрығанда, үйіне алып бару үшін қандай амал қарастырғанын хабарлады; Доротея бұған жауап ретінде қорғансыз бикештің рөлін шаштараздан гөрі өзі тәуірірек орындайтынын, оның үстіне соған лайықты киім-кешегі де барын, өзінің орындағаны табиғилау боп шығатынын, осы себепті ойға алғандары оң нәтиже беруі үшін не істеу керек болса, соның бәрін өзіне тапсырғандары жөн екенін, өйткені рыцарьлық романдарды көп оқығанын, жәбір көрген бикештердің кезбе рыцарьлардан көмек сұраған кезде қалай-қалай сөйлейтінін жақсы білетінін айтты.

— Ондай жағдайда, — деді священник, — бізге тек іске кірісу ғана қалмақ. Тағдырдың бізге септесіп тұрғанында сөз жоқ: өздеріңізді құтқаруға арналған есікті ойда жоқ жерден ашып жіберген ол, біздің де жағдайымызды жеңілдетіп тастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий