Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол екі ортада Доротея священниктің қашырына мініп, шаштараз бұқаның құйрығынан жасалған сақалын бетіне жапсырып алды, сөйтіп олар Санчоға өздерін Дон Кихотқа қарай бастауға әмір етті; жолға шығар алдында атқосшыға екеуінің священник пен шаштараз екенін айтпау қатаң тапсырылған-ды, өйткені, гәп Дон Кихоттың бұларды танымағанында — оның император болу-болмауы осыған тікелей байланысты, делінген еді. Священник пен Карденьо бұлармен бірге ілесіп бармағанды жөн көрді: Карденьо — екеуінің төбелескендерін Дон Кихоттың есіне салмауды көздесе, священниктің ол жерде төбе көрсетуіне енді ешқандай мұқтаждық қалмаған, сөйтіп қашыр мінген екеу ілгері озды да, мыналар асықпай аяңдап соңдарынан ілесті. Өзін қалай ұстауы керектігі жөнінде священник Доротеяға ақыл-кеңес бермек болған, бірақ қыз оның алдын орап, аса көп абыржымауын өтінді: рыцарьлық романдар талабынан қыл елі ауытқымайтынына, онда қалай суреттелетін болса солай, бәрін де майдан қыл суырғандай мүлтіксіз орындайтынына сендірді. Салт мінгендер мильдің төрттен үштей бөлігін жүріп өткен кезде, кенет үйме-жүйме жартастардың қақ ортасында тұрған Дон Кихот бой көрсетті, киімдерін киіп те алыпты, бірақ қаруларын әлі асына қоймапты, сөйтіп оны көрген бойда және Санчодан мұның Дон Кихоттың тап өзі екенін анықтап сұрап алған бойда Доротея жорғасына қамшы басты, сақалды сақал алғыш шоқырақтап соңынан ілесті; олар Дон Кихотқа таяп келген кезде малай қашырынан түсе сап Доротеяны тұтып алмақ болған, бірақ қыз қашырдан асқан әбжілдікпен ырғып түсті де, Дон Кихоттың алдына кеп тізесіне құлай кетті; Дон Кихот оны жерден көтермекке талпынғанымен, қыз орнынан тұрмаған күйі былай деп сайрап қоя берді:

— Беу, айбынды да аса құдіретті рыцарь, қайырымдылығыңыз бен кішіпейілділігіңіз мейірім білдірмейінше тіземнен көтерілмек емеспін, бұл ісіңіз сіздің абыройыңызды арттырып, атағыңызды аспандатса, маған, күллі дүниедегі ең қам көңіл, ең қасіретті бикешке, пайда боп тиер еді. Егер қуатты білегіңіздің айбыны мәңгі өлмес даңқыңыздың дабысына сайма-сай болса, онда құрметке бөленген есіміңіздің шуағын аңсап, алыс елдерден қайғысына көмек сұрай келген бақытсыз әйелге қамқорлық жасау сіздің парызыңыз боп табылады.

— Қашан орныңыздан тұрғанша, аса сымбатты сеньора, мен жағымды да ашпаймын, жалбарынышты лебізіңізге де құлағымды түрмеймін, — деп жауап қатты оған Дон Кихот.

— Орнымнан тұрамын, сеньор, бірақ рақымшылық жасап, алдыңызға тартқан өтінішімді орындағаннан кейін ғана тұрамын, — деп қарсылық білдірді шерге батқан бикеш.

— Оны орындауға ырзашылығымды берем, — деп мәлім етті Дон Кихот, — тек бұдан короліме, отаныма, сондай-ақ жүрегім мен еркіндігімнің кілтін қолында ұстап отырған жанға зиян мен залал келмесе болды.

— Оларға ешқандай зиян да, залал да келмейді, ақ жүрек сеньорым, — деді жәбірі жанын жегідей жеп отырған бикеш.

Осы арада Санчо Панса қожайынына жақындап, құлағына былай деп сыбырлады:

— Сеньор! Бұған жәрдемдесем деп жалтақтамай-ақ уәде ете беруіңізге болады, өйткені әлденендей дәусымақты өлтіре салу — сіз үшін түк емес, ал мұны өтініп отырған бикеш — принцесса Микомикона, Эфиопиядағы ұлы корольдік Микомиконскийдің королевасы.

— Бұл бикеш кім болса ол болсын мейлі, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — мен өзім берген сертіме адалдығымды қашанда бұлжытпай сақтап, ар-ұятымның әмірі бойынша әрекет етем.

Сосын бикешке қарай бұрылып:

— Асқан сұлулығыңыз ажарын қайта тапсын, сізге көмек көрсетуге әзірмін, — деп салды.

— Ендеше, өзіңізден өтінерім, жанқияр рыцарь, осы қазір қолма-қол соңымнан ерсеңіз екен, құдайдың да, адамның да заңын аяққа басып, корольдігімді тартып алған сатқыннан кегімді қайтармайынша басқа ешқандай шытырман оқиға іздемеуге және басқа біреулердің өтінішін орындамауға өзіме алдын-ала уәде берсеңіз екен, — деді бикеш.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий