Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қателесіп тұрсыз, мархабатты мырза, — деп принцесса қарсылық білдірді. — Менің ол жақтан шыққаныма екі жыл да бола қойған жоқ, шын айтып тұрмын, ауа райы да әрдайым қолайсыз боп тұрды, алайда өзім бір көруге зар болған адамымды, атап айтқанда, сеньор Ламанчалық Дон Кихотты ақыры жолықтырдым: ол жайындағы аңыз-әңгімелерді Испания жағалауына қадам басқан сәтте-ақ құлағым шалды және тағдыр-талайымды оның ізгі жүрегіне табыс етуге, әділетті ісімнің шешімін оның жеңімпаз білегіне жүктеуге құлшындырды.

— Жетер! Мені мақтап-мадақтағанды енді қойыңыздар, — деп Дон Кихот оны бөліп жіберді, — мен өзі әспеттеушілік дегенді жаным сүймейтін кісімін, бұл өзі әспеттеушілік болмаса да, мұндай сөздер кіділеу көңіліме кірпідей тиеді. Сізге айтарым біреу ғана, әміршім: қаһармандығым қандайлық болсын мейлі, әйтеуір, ондай қасиеттің бойымда бары анық болғандықтан, сізге жанымды құрбан етуден де қаймықпай қызмет істеуге тиістімін. Бірақ, бәрінің өз кезегі бар, ал енді қазір сізден, сеньор лиценциат, мына өңірге жүгіңіз жоқ, малайыңыз жоқ, жападан-жалғыз қалай тап болғаныңызды айтып беруіңізді сұрар едім, — осыған шынымен түсінбей келемін.

— Бұл сұрағыңызға жауабым қысқаша болмақ, — деді священник. — Айт десеңіз айтайын, сеньор Дон Кихот, ортақ досымыз, ортақ шаштаразымыз маэсе Николас екеуіміз бұдан көп жыл бұрын Америкаға қоныс аударған бір туысқаным салып жіберген ақшаны алмаққа Севильяға барғанбыз, ол аз ақша емес-ті: алпыс мың толыққанды песо — бұл дегеніңіз анау-мынау нәрсе емес. Сөйтіп, кеше осы арадан өтіп бара жатқан кезімізде бізге қарақшылар шабуыл жасап, қолда барымыздың бәрін, тіпті сақалымызға шейін қалдырмай тартып әкетті. Бойымыздағыны түгел сыпырып кеткендері сонша, шаштаразға жапсырма сақал тағуға тура келді, ал мына жас жігітті, — деді ол Карденьоны нұсқап, — тіптен жалаңаш қалдырды деуге болады. Бірақ, бұл да ештеңе емес, жергілікті тұрғындардың бір ауыздан жар салғандарына қарағанда, бізді каторгаға кесілген қылмыскерлер тонапты, оларға тап осы өзіміз тұрған жерде деуге болады, әлдебір адам еркіндік әперген көрінеді; әлгі адамның батылдығы сонша, комиссардан да, күзетшілерден де қаймықпай, қылмыстыларды қалаған жағына босатып қоя беріпті. Әлбетте, ол да әлденендей бір есерсоқ немесе аналар секілді барып тұрған оңбаған біреу болса керек, жалпы өзі ардан да, ұяттан да жұрдай адам сияқты: себебі, қасқырды қойға, түлкіні тауыққа, шыбынды балға аттандырып отыр ғой. Шамасы, әділ соттың шешімін тәрк етіп, қастерлі қағидаларына бой ұсынбауына қарағанда, корольге, өзінің туа бітті мырзасына қарсы бүлік бастауды ниет қылған секілді. Өз ойымша, ол, шамасы, галераларды ескекшісіз қалдыруды, бұдан көп жыл бұрын қызметін доғарып, тарап кеткен Қасиетті ағайындықты қайта шабындыруды ниет қылған іспетті. Қысқасы, мұндай қылықтары үшін оның жаны да жаһаннамға кететін шығар, тәні де азапты көретін болар.

Каторгаға кесілгендер мен қожайыны арасындағы аса абыройлы аяқталған оқиға жайында Санчо священник пен шаштаразға жеткізіп те үлгерген, ал священниктің мұны әңгіме еткен себебі Дон Кихоттың бұған қалай қарайтынын білгісі келген, ал Дон Кихот болса анау аузын ашқан сайын түсі бұзылып, құты қашып тұрды, бірақ осынау бұзақылар тобырын босатқан адам мына тұрған өзі екенін мойындауға дәрмені жетпеді.

— Міне, бізді тонап кеткен солар болатын, — деп қорытты сөзін священник. — Ал, сен, жаратқан ием, мейірбандығың шексіз ғой, оларды тиісті жазадан құтқарған жанның күнәсін кешіре гөр.

ХХХ тарау

Мұнда сүйкімді Доротеяның тапқырлығы жөнінде, сондай-ақ басқа да жанға жағымды әрі ұнамды нәрселер жайында баяндалады

Священник осы сөзді айтып аузын жапқанша болмай Санчо килігіп:

— Әділін айтсам, сеньор лиценциат, мырзам осы ерлікті жасағанда мен оған не істеп жатқаны жайында ойлануы керегін, оларды босату күнә болатынын ескертіп, бұларды ол жаққа нағыз бұзақы есебінде айдап бара жатқанына сендіріп баққанмын, — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий