Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ау, мен сізге айттым ғой, достым, мұның бәрі біздің ерігіп-зеріккен ой-санамызға ермек болу үшін жасалып жатыр ғой, — деп қарсылық білдірді священник. — Төрт құбыласы түгел мемлекеттердің қай-қайсысында да жұмыс істегісі келмейтін, не болмаса жұмыс істеуге міндетті емес, не жұмыс істей алмайтын жандардың бәріне шахмат, доп және бильярд ойнауға қалай рұқсат етілетін болса, мынандай кітаптарды басып шығаруға да тап солай рұқсат етіледі, өйткені күллі әлемде осы хикаялардың біреуі болмаса біреуін өмірде болған оқиға деп сенетін қас надан табыла қояр деп ешкім ойламайды, — ойламайды емес, шын мәнінде де солай. Егер маған мүмкіндік берілсе және тыңдаушыларым ықылас танытса, жақсы рыцарьлық роман қандай болуы керектігі жайында бірдеңе айтып берген болар ем, — бәлкім, бұның пайдасы да тиіп қалар, ал кейбіреулерге тіпті ұнар да. Бірақ, мен қашан да болса әйтеуір бір күні осы олқылықтың орнын толтыруға қабілетті адамдармен тілдесермін деп үміт етем, ал әзірше, бекетші мырза, айтқан сөзіме сеніңіз, міне, мынау кітаптарыңыз — ондағының қайсысы шындық, қайсысы өтірік екеніне өзіңіз баға беріңіз, оқығыңыз келсе оқи беріңіз, бірақ тек құдай сізді мейманыңыз Дон Кихоттың қисайған жағына қарай қыңыратқудан сақтасын.

— Жоға, — деді бекетші, — есім ауысқаннан аманмын және кезбе рыцарь болуға да құлшынып отырғам жоқ. Осынау сүйкімді рыцарьлар жер дүниені кезіп жүретін заманның әлдеқашан өтіп кеткенін де жақсы түсінемін.

Осы әңгіменің үстіне Санчо келді, сөйтіп қазіргі кезде кезбе рыцарь дейтіндер жоқ және рыцарьлық роман атаулының бәрі жалған, ойдан шығарылған өтірік деген сөзді құлағы шалып, не істерді білмей абдырап, ойланып қалды да, егер қожайынының саяхаты сәтсіз аяқталатындай болса одан бірден қол үзуге, сөйтіп қатын-баласы мен бұрынғы тірлігіне қайта оралуға сол жерде өзіне-өзі қолма-қол серт берді.

Бекетші кітап салынған сандықшаны алып кетуге оқталған болатын, алайда священник оған:

— Сәл кідіре тұрыңыз, андағы қағаздарда сондай әдемі қолтаңбамен не жазылғанын көрсем деп ем, — деді.

Бекетші қағаздарды шығарып, священникке алып берді, сол арада анау мұның көлемі сегіз табақтай қолжазба екенін, “Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят” дейтін тақырыбы жоғарғы жағына үлкен әріптермен жазылып қойғанын көрді. Қолжазбаның бірнеше жолын шолып өткен священник:

— Хикаятқа тәп-тәуір тақырып берілген екен, осыны менің оқып шыққым келіп тұр, — деді.

Бекетші бұған жауап ретінде былай деді:

— Оқыңыз, оқыңыз, діндар әкей! Оны оқып шыққан меймандарымның бәрі де өте риза болысты, онымен қоймай оны менен сұрап алмаққа тырысты. Бірақ ақыры бергем жоқ, — мұны осы арада кітаптары мен қағаздары салынған сандықшасын ұмыт қалдырған адамның өзіне қайтармақпын. Күндердің бір күнінде иесі бекетіме бас сұғуы әбден мүмкін ғой, кітапсыз өмірім өте көңілсіз болатын болса да, арыммен ант етейін, бұларды өзіне қайтарып берем: қалай дегенмен де, трактир ұстап тұрсам да, христиан емеспін бе.

— Мұныңыз өте орынды, достым, — деді священник. — Солай бола тұрғанымен, егер хикаят маған ұнаса оны көшіріп алуға рұқсат етерсіз деп ойлаймын.

— Рұқсат еткенде қандай, о не дегеніңіз, — деді қожайын.

Олар сөйлесіп жатқан шақта Карденьо хикаятты алып оқи бастады; сосын священник пікірінің орынды екенін байқап, одан дауыстап оқуды өтінді.

— Мен оқып та берер едім, бірақ оған кететін уақытты ұйқыға жұмсаған тиімдірек пе деп ойлаймын, — деді священник.

— Өзім үшін ең тәуір демалыс әлденендей бір хикаяға құлақ қою, — деді Доротея. — Көңілімді билеп алған елегізу әлі тарқамай тұрғандықтан, ол бәрібір маған ұйқы бермейді, бірақ ұйқтап алғаным да артық болмас еді, әрине.

— Ондай жағдайда, әуестік үшін болса да хикаятты оқып берейін, бәлкім, онда шынымен-ақ қызықты бірдеңе бар шығар.

Маэсе Николас та сондай өтініш білдіріп қалды, оған ілесе Санчо да тілек айтты; соны көрген священник өзгелерді де ләззатқа кенелтетінін, өзінің де ләззат алатынын сезіп, былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий