Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осыны айтып ақ ниетті, ақылға бай Лотарио үнсіз тұрып қалды, ал алабұртып, ойға шомған Ансельмо болса, не дерін білмегендей көпке дейін үн қатпады; ақыры былай деп жауап берді:

— Айтпақ болғаныңның бәрін қалай мұқият тыңдағанымды өзің де көрдің ғой, Лотарио досым, жанашыр лебізің, мысалдарың мен теңеулерің асқан ақылды адам екеніңді, достық сезіміңнің айрықша шынайылығын паш етеді, ал мен, өз тарапымнан, пікіріңе құлақ аспай, өз дегенімде қалар болсам, жақсылықтан жырақтап, жамандықтың жетегінде кететінімді аңғарып тұрмын. Мұның солай екені рас, бірақ сен қазір бойымды әлденендей бір дерт жайлап алғанын түсінуге тиіссің, дәл осындай дерт кейбір әйелде де болады, сол кезде олардың топырақты, әкті, көмірді, кейде тіпті бұдан да жаман нәрселерді — ауызға салмақ түгіл қарауға да жүрегің айнитын нәрселерді — жеуге аңсары ауады. Мені бұдан сауықтыру үшін қулық керек боп тұр және бұл үлкен де қулық емес: Камиллаға жүрдім-бардым, жорта ықылас білдіре бастағаныңның өзі жетіп жатыр, ал ол алғашқы қарқыннан қалмай жығыла кететін әлжуаз біреу емес. Осындай бастаманың өзі-ақ мені қанағаттандырар еді, ал сен болсаң мені өмірге қайта оралтып қана қоймай, ар-намысыма төніп тұрған қатердің жоқтығына да көзімді жеткізесің, сөйтіп достық парызыңды өтейсің. Өтінішімді орындауға міндетті болатыныңның себебі мынада: осындай сынақ өткізуге ақи-тақи бел буғандығымнан, бұл пәруайсыз әурешілігім жайында басқа біреулерге хабарлап қоюыма, сөйтіп өзің соншалықты қамқор боп жүрген ар-намысымның ақсап қалуына жол бермеуің керек. Егер Камиллаға ынтызарлық білдіріп жүрген кезіңде оның алдында арыңа азды-кем ақау түскенін сезсең бұған ешқандай немесе мүлдем дерлік мән берме, өйткені, өзіміз күткендей, илікпейтініне көзіміз жеткен соң, сол бойда-ақ оған екеу-ара қулығымыз жайындағы бар шындықты айтып бере аласың, одан соң оның өзің жайындағы пікірі қайта қалпына келмек. Сөйтіп, жоғалтарың түкке тұрғысыз болатынын, ал мені қандай зор қуанышқа кенелтетініңді түсіне келіп, нендей кедергі жолыққанына қарамай сен осыны іске асыр, өйткені, қайталап айтам, сен тек бастап бер, ал мен мұны біткен шаруа санаймын.

Ансельмоның алған бетінен қайтпайтынын көрген, бұл шешімін өзгерту үшін тағы қандай мысал келтіріп, тағы қандай дәлелдемені алға тартуды білмеген, арам пиғылы жайында басқа біреулерге айтып бермек ойы барын естіген Лотарио бұдан да зор лаң-сүреңнің алдын алу үшін дегеніне көніп, дедегімен жүруге келісті, алайда іштей барлығын Ансельмо да ырза болатындай және Камилланың да жаймашуақ көңіліне қаяу түспейтіндей етіп орындамаққа ұйғарым жасады; осы мақсатта ол Ансельмоға ешкімге ештеңе айтпауды тапсырды, өйткені, ол, Лотарио, бұл істі өз мойнына алмақ және Ансельмо қашан лайық көрсе сол кезден кірісіп кетпек. Ансельмо оны елжірей құшақтап, құдды бір анау ерен жақсылық жасағандай алғысын аямай жаудырды; сөйтіп, олар іске ертеңнен бастап кіріспекке келісті, Ансельмо Лотарионың Камилламен оңаша жолығысуына арнап орын тауып, уақыт белгілейтін болды, сондай-ақ сыйлыққа берілетін, тарту етілетін ақшамен және бағалы бұйымдармен қамтамасыз етуді міндетіне алды. Бұған қоса ол Лотариоға музыка ойнап Камилланың көңілін көтеруге, оған арнап өлең шығаруға кеңес етті; егер Лотарио бұдан бас тартатын болса, онда бұл үшін оның өзі-ақ өлең шығарып бере алатынын айтты. Лотарио мен бәріне дайынмын, деп алдай салды, Ансельмо болса бұған сеніп қалды. Өзара осындай келісімге келген олар Ансельмоның үйіне барып, Камилланың мазасы кетіп, уайым шегіп отырғанының үстінен түсті, себебі сол күні күйеуі үйіне әдеттегіден кеш оралған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий