Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертеңіне Ансельмо деревняға аттанды, кетерінде Камиллаға өзі жоқта Лотарионың үйге көз қырын салып тұратынын, үйден түстенетінін айтып, күйеуіне қандай жағдай жасаса, оған да сондай жағдай жасауға тиіс екенін мәлім етті. Қарапайым да адал жұбай болғандықтан Камилла қамығып қалды да, күйеуінің берген тәртібіне көңілі толмай, өзі жоқта әлдекімнің оның үстелінде отырғанын онша орынды көріп тұрмағанын, ал егер шаруаны жайғау қабілетіне күдіктенсе, онда осы жолы байқап көруіне болатынын —бұдан да қиын істерді атқару қолынан келетініне соған қарап-ақ көз жеткізе алатынын құлаққағыс етті. Ансельмо осындай ұйғарым жасағанын, оған қалғаны тек бас иіп, бұйрықты бұлжытпай орындау ғана екенін ескертті. Камилла оның айтқанын орындайтынын, бірақ бұған онша риза еместігін мәлім қылды. Ансельмо жүріп кеткен күннің ертеңіне Лотарио келді, Камилла оны жайдары жүзбен қарсы алды, бірақ өзін мейлінше сыпайы ұстады. Жалпы, ол Лотариомен оңаша қалмауға барын салды, айнала-маңында малай жігіттер мен малай әйелдер қаптап жүретін болды; көбінесе Леонелла есімді күтуші қыз жанынан шықпайтын, оны айрықша жақсы көретін, екеуі Камилланың ата-анасының үйінде бірге өскен-ді, Ансельмоға күйеуге шыққаннан кейін Камилла оны қасына алған. Алғашқы үш күнде Лотарио оған ештеңе айта алмады, ал оның орайы келген сәттер де болмай қалмаған, дәлірек айтқанда, малайлар ыдыс-аяқты жинастырып, Камилланың әмірімен тез барып тамақтанып қайтуға кеткен кездер соған қолайлы-ақ еді; бірақ, бұл да аз: ол Леонеллаға тамағын ертерек ішіп алуға, одан соң қайтып келіп қасында отыруға бұйрық берген-ді; алайда, есіл-дерті ойын-күлкі болған Леонелла осы мүмкіндігі мен уақытын өз қызығына берілуге арнап, ханымының әміріне әрдайым құлақ аса бермейтін, — керісінше, бейне бір дәл осындай бұйрық алғандай, оны Лотариомен оңаша қалдырып кететін. Алайда, Камилланың биязы қалпы, байсалды бет-әлпеті және артық-ауыс әңгімеге бармай өзін өте паң ұстауы — осының бәрі Лотарионың аузына қақпақ қойған-ды.

Сөйтсе де, Лотарионың аузын аштырмай қойған Камилланың бойындағы ізгі қасиеттердің пайдасы екеуі үшін де зиянға шықты, өйткені, ауызға қақпақ қойылғанымен, ойға бұғау салынбаған еді: ол Камилланың тірі адам түгіл мәрмәр мүсінді де өзіне ғашық қыла алатын әдемі ажары мен жан сұлулығына тән ғажайыптарын тамсана тамашалай алатын. Камилламен сөйлесуге тиіс болған уақыт аралықтары кезінде Лотарио одан көз аудара алмай, махаббатына қаншалықты лайықты екені жайында ой кешетін; осы ой оның Ансельмоға деген адалдық сезімін біртіндеп ығыстырып шығара бастады, соны сезгенде қаланы тастап, Ансельмо өзін көрмейтін, өзі де Камилланы көре алмайтын жаққа қарай кетуге сан мәрте оқталды да, бірақ сұлуға сұқтана көз тігіп отырған кезде табатын жан рақаты оны ешқайда жібермей, табандатып қойды. Камилланың сұлулығына сүйсініп жан рақатын табуға еліктіретін сезімді енді қайта бастан кешпеу үшін, бұл сезімді бойында тұншықтыру үшін өз-өзімен арпалысып-ақ бақты; өзімен-өзі оңаша қалған сәттерде ол мұны сандыраққа бағалады; өзін-өзі залым, екі жүзді дос, тіпті азғын христиан деп те атады; сан-сапалақ ой кешіп, Ансельмо мен өзін салыстырумен болды, бірақ нәтижесінде бәріне кінәлі — бұның, Лотарионың, ұстамсыздығы емес, Ансельмоның есуастығы мен астамшылығы деген тұжырымға тіреле берді, адамдар алдында ақтала алатынындай, құдайдың алдында да ақтала алса, онда күнәсі үшін еш қам жемеуіне болатынына сенді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий