Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Хатты оқып шыққан Ансельмо Лотарио іске кіріскен екен, ал Камилла, шамасы, Лотариомен ара қатынасын бұның, Ансельмоның, өзі іштей қалағандай қалыпта ұстап тұр екен, деп түйді; бұл хабарға қатты қуанған ол қандай да бір себеппен болсын үйді тастап кетпеуін, өйткені ұзамай барып қалатынын Камиллаға айтып баруға әмір етті. Ансельмоның жауабы Камилланы таңғалдырды, бұрынғыдан да бетер абдырап кетті, өйткені үйде қаларын әлде ата-анасына барарын білмеген-ді — қалайын десе, ар-намысын қатерге байлауы ықтимал, кетейін десе, күйеуінің сөзіне құлақ аспаған боп шығады. Ақыр соңында өзі үшін ең ауыр жолды таңдады, атап айтқанда — үйде қалуға және қызметші-күтушілердің сыпсыңына жол бермеу үшін Лотариомен жүздесуден қашқақтамауға бекінді; Камилла енді жұбайына әлгіндей хат жазып жібергеніне өкіне бастады: Лотарио бұның тарапынан әлденендей жеңіл мінез байқап, әдептен аттауына сол түрткі болған-ау деп ойлап қала ма деп қорықты. Бірақ, пәк-тазалығына нық сенімді ол, жаратқанның жәрдемі мен өз ақыл-есіне арқа сүйемекке бекінді, ал ақыл-есі Лотарио өзіне қандай сауал қоймасын мейлі ешқандай жауап бермеуін, бұл жағдаят көңіліне алаң кіргізбеуі үшін және ұрыс-керіс шықпауы үшін күйеуіне енді ештеңе хабарламауын жөн көріп тұрған, — оны аз десек, Камилла енді күйеуі өзінен әлгі хатты неліктен жазғанын сұрағанда Лотарионы қалай ақтап алуға болатынын да ойластыра бастаған-ды. Тығырықтан жол табар ұшқыр қиял деуден гөрі ақжүректік айнасы деуге келіңкірейтін осындай ойдың жетегіндегі Камилла ертеңіне Лотарио сөзіне құлақ тосты, ал анау мүлдем өрекпіп кетті, нәтижесінде Камилланың шыдамдылығы шатқаяқтай бастады; сөйтіп, Лотарионың жылауы мен жалбарынуы оятқан жан ашырлық пен махаббат мейірімін аңдатарлық әлдене байқалып қалмасы үшін, қарапайымдылығына бағып көзін тайдыруына тура келді. Бұның бәрі Лотарио назарынан қалыс қалмады, қанын қыздыра түсті. Ақыр аяғында, Ансельмоның жоқтығын пайдаланып, қоршау шеңберін одан әрі тарылтқанды жөн көрді, сөйткен соң сұлулығын әспеттейтін әдемі сөздермен қаруланған ол Камилланың атаққұмарлығына шабуыл жасады, өйткені сұлулардың жүрегінде орын тепкен даңққұмарлық мұнараларын мақтау мен мадаққа майталман ауыз сомдаған дәріптеулер ғана жедел түрде күйретіп, жермен-жексен ете алатын. Солай болып та шықты: оқ-дәріні аямай жұмсаған Лотарио оның ұстамдылық жартасының астын асқан ептілікпен үңгігені сонша, тіпті Камилла мәрмәрдан қашап жасалған күнде де, бәрібір құламай тынбайтын еді. Лотарио жылады, жалбарынды, уәде берді, жағымпазданды, қасарысты, алдаусыратты — осының бәрін бар ынты-шынтысымен және шынайы ықыласпен істегені сонша, Камилланың ұялшақтығы ұмыт болды, сөйтіп Лотарио өзі онша үміт ете қоймаған, бірақ арман еткен жеңісіне жетті.

Камилла берілді; берілді Камилла; бірақ Лотарионың достық сезімі де төтеп бере алмағанда, бұған таңдана қоярлық не бар? Махаббат ынтызарлығынан құтылу үшін одан тек аулаққа қашу ғана қажет болатынын, мұндай әлеуетті дұшпанмен алысуға ешкімнің тәуекел етпегені жөн екенін, өйткені оның адами күшіне құдіреттің күші ғана тойтарыс бере алатынын анық танытатын бір мысал осындай. Ханымның жолдан тайғанын жалғыз тек Леонелла ғана білді, себебі сатқын достар мен жаңа нақсүйерлер атаулының бәрі оның назарынан тыс қалмайтын. Камилланың алдында өз сезімінің бағасын төмендетіп алудан және көңіл қалауымен емес, кездейсоқ және ғайыптан қолына түсірген екен деп ойлап қалуынан қорыққан Лотарио оған Ансельмоның әурешілігі жайында да, онымен табысу үшін өзіне, Лотариоға, мүмкіндік жасағаны жөнінде де жұмған аузын ашқан жоқ.

Арада бірнеше күн өткенде Ансельмо үйіне оралды, үйіне келуін келгенімен сақтауға мейлінше салғырт қараған, бірақ барынша жоғары бағалайтын нәрсесінің орны үңірейіп тұрғанын аңғармады. Сол бойда Лотариоға аттанып, оны үйінен тапты; екеуі құшақтасып көрісті, содан соң Ансельмо не жаңалық барын, өмір сүруі керек пе әлде өле бергені жөн бе, не істеуі керегін сұрады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий