Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ағайындықта қызмет еткен бекетші жүгіріп барып үйінен жезлі мен шпагасын алып шығып, туысқандарының қатарына қосылды; ал дон Луистің малайлары болса, мырзасы мына қарбаласты пайдаланып қашып кетпесін деп оны қаумалап алды; алатопалаң басталғанын байқаған шаштараз ерге бас салды, Санчо да қалыспай дереу жармаса кетті; Дон Кихот семсерін суырып жасауылдарға қарай ұмтылды; дон Луис малайларына айқайлап өзін қаумалағанды қойып, Дон Кихотқа, сондай-ақ соның жағына шыққан Карденьо мен дон Фернандоға болысуға әмір етті; священник жаратқаннан жәрдем сұрап жалбарынды; бекетшінің әйелі бажылдап жатты; оның қызы ауыр күрсінумен болды; Мариторнес ойбайға басты; Доротея не істерді білмей дағдарып қалды; Лусинда қатты абыржып кетті, ал донья Клара талып кетті. Шаштараз Санчоны соққылап, Санчо шаштаразды пергіледі; қашып кетпесін деп қолынан ұстап тұрмақ болған бір малайды дон Луис беттен ұрып, аузын қан жалатты; аудитор оны қорғауға ұмтылды; дон Фернандо бір жасауылды ұрып құлатты да, оны аямай тепкілей бастады; бекетші жан дауысы шыға бақырып Қасиетті ағайындық қызметшілерін көмекке шақырумен болды, — қысқасы, бүткіл бекет ыңыранып, айқайлап, ұлып, жан ұшыра шапқылап, үрейге бой алдырып, көмек сұрап, апатқа душар болып, шпагамен түйресіп, жұдырықпен пергілеп, сойылмен соққылап, аяқпен теуіп және қан төгіп жатты. Міне, осынау берекесіз жанжал, былық пен бәтуасыздық шегіне жеткен мезгілде, Дон Кихоттың ой-қиялында өзі делқұлылық жасап, Аграмант қосынында пайда болған өзара қырқысқа араласып жүргендей көрініс қылаң ете қалды, осыған байланысты ол жұрттың құлағын жарып жіберердей қатты дауыспен:

— Тоқта! Семсер қынға сұғылсын! Тұра қал! Өмір қымбат болса, сөзіме құлақ салыңыздар! — деп ақырды.

Оның жер жаңғыртқан дауысы жұрттың есін жиғызды, ал анау сөзін әрмен жалғай берді:

— Сіздерге айтқан жоқ па едім, сеньорлар, бұл қамал-сарай жадыланған және мұны жын-шайтанның үлкен шоғыры жайлап алған деп? Міне, соның бір дәлелі осы: Аграмант қосынындағы өзара қырқыс қазір ғана көз алдарыңызда осында ауысып, біздің арамызда қайта тұтанды. Қараңыздар: біреу семсер, біреу сәйгүлік үшін, біреу бүркіт, біреу дулыға үшін дегендей, бір-бірімізбен шым-шытырық шайқасты бастап жібердік, бірімізді біріміз түсінуден қалдық. Сөйтіп, берменірек келіңіз, мархабатты мырза сеньор аудитор, сіз де, мархабатты мырза сеньор священник, сөйтіп, біріңіз өзіңізді Аграмант патша, екіншіңіз Собрин патша секілді сезініңіз де, өзара бейбіт келісімге келіңіз, өйткені — құдіреті күшті жаратқанның атымен ант етейін — біздердің, текті тұқымнан тараған адамдардың, бір-бірімізді өлтіріп жатқанымыздан асқан масқарашылық жоқ.

Дон Кихоттың сөзінен дәнеңе де ұқпаған, бірақ Карденьодан, дон Фернандо мен оның серіктерінен жақсылап жұдырық жеген жасауылдар басылар болмады; шаштараз, керісінше, қолма-қол тиыла қалды, өйткені төбелес кезінде сақалы мен ері зардап шеккен-ді; шын берілген малай ретінде Санчо қожайын лебізі естілген бойда көне қойды; дон Луистің төрт малайы да енді шынымен-ақ ештеңеге алаңдамауға болады деп түйіп, олар да тыныш тапты; тек жалғыз бекет ұстаушы ғана әманда бекетінің әптер-тәптерін шығарып жүретін мына жындының оспадарсыздығын жазалау керек дегенінен танбай тұрып алды. Ақыр соңында айқай-шу саябыр тауып басылды, бірақ Дон Кихоттың түсінік-пайымында есекке салатын ер — аттың жабуы, леген — дулыға, жолаушылар бекеті — қамал-сарай болып ақыр заман орнағанша өзгермес орнықты күйінде қала барды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий