Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сүйкімді сеньора, “табандылық — табыс кепілі” деген сөздің мәтелге айналып кеткені мәлім, оған қоса күнделікті тәжірибенің өзі-ақ өмірдегі алуан түрлі әрі аса маңызды жағдайларда тіпті ең күмәнді деген дау-дамайдың да оң шешім табуы талапкердің талмай талпынуына тікелей байланысты екенін көрсетеді, бірақ бұл ақиқат тек соғыста ғана нақты дәлелдемелерге ие бола алады: соғыс кезіндегі жеделдік пен тегеуірін жаудың жоспарын быт-шыт қып шатыстырып жібереді де, жау қорғаныс қамын жасап үлгергенше жеңіс те қолға тиеді. Мұның бәрін айтып тұрған себебім, асыл туған ардақты сеньора, бұл қамал-сарайда бұдан әрі жата бергеніміздің, меніңше, еш пайдасы жоқ, керісінше, күндердің күнінде тіпті мейлінше зиянды болып та шығуы мүмкін, өйткені, — кім біледі? — құпия да жымысқы жандайшаптары арқылы дәу-дұшпанымыз өзін күйреткелі келе жатқанымды біліп те қойған шығар, сөйтіп жан аямас қарекетім мен қажып-талмас білегімнің қайраты қиратуға шарасыз боп шығатын әлденендей бір қамал-сарайға немесе қорғанға барып бекініп те алған болар. Сондықтан да, мәртебелі ханымым, әлгінде айтқанымдай, жан аямас қарекетіміз оның арам ойларының алдын орауы үшін, оңтайлы сәт туып тұрғанда жолға шығайық, ал өзіңіз арман етіп жүрген бақытты сәтке дұшпаныңызбен өзім бетпе-бет кездескен бойда-ақ қол жеткізесіз.

Осыны айтып Дон Кихот үнсіз қалды, басқа бір ауыз сөз қосқан жоқ, байсалды да басалқалы кейіппен сүйкімді инфантаның жауабын тосып тұрды, ал анау аса бір паң да маңғаз пішінде әрі Дон Кихоттың сөз саптау мәнеріне еліктеп, былай деп сөйлеп кетті:

— Басыма туған зобалаңнан құтқарып қалуға тілек білдіргеніңіз үшін сізге, сеньор рыцарь, айрықша алғыс айтам, — бұл жетім-жесірлер мен қорғансыздарды қанатының астына алу парызы әрі міндеті боп табылатын шынайы рыцарьға ғана тән тілек, ендеше бұл дүниеде ізгі жанды әйелдердің де әлі бар екеніне көзіңіз жетуі үшін осынау ортақ тілегімізге жасаған иеміздің өзі жар бола көргей. Ал енді жолға шығу жайына келсек, осы қазір-ақ аттанайық сапарға, ниетіміз сай келіп тұр екен, — мені басы-бүтін өз ықтиярымда деп санай беріңіз: өмірін қорғау жөнінде өзіңізге әу бастан-ақ сенім білдірген және иелігін қолына қайтарып беру жөніндегі істі өзіңізге тапсырған пенде кемеңгер шешіміңіз қандай ұйғарым жасаса да қарсы тұрмақ емес.

— Сәт сапар! — деді Дон Кихот. — Қандай да бір сеньора көз алдымда жәбір көріп жатса, оның бақ-дәулетін бұрынғы дәрежесіне жеткізіп, тақ мұрагерлігін қалпына келтіру мүмкіндігінен айрылып қалуды өзіме ар санаймын. Ендеше, аттанайық дәл қазір, кеш қалудан асқан кемістік жоқ,

деген бар, жалғыз тек осы ойдың өзінен-ақ тезірек жолға шыққым кеп жаным шырқырап тұр. Мені қорқытып, сескендіре алатын адамды құдай әлі дүниеге келтірген жоқ, тозақ та ондай жанды әлі көрген емес, ендеше, ертте Росинантты, Санчо, жүгенде есегің мен королеваның жорғасын, сосын қамал-сарай иесімен және мына сеньорлармен қоштасайық та — мақсатымызды бетке ұстап тартып кетейік!

Мұны тыңдап тұрған Санчо басын шайқап, былай деді:

— Аһ, сеньор! Біле білсеңіз, деревнямыздағы азғындық, тек әйелдер көңіліне ала көрмесін, жұрт айтып жүргеннен әлдеқайда мол.

— Әй, надан, айтып тұрған азғындығың әлдеқандай бір деревняны ғана емес, әлемнің барлық қаласын жайлап алсын мейлі, бұл жайындағы былшылың мені неге мұқатуға тиіс?

— Ашуланатын болсаңыз, аузымды жаптым, — деді Санчо. — Адал атқосшы ретінде айтуға міндетті нәрсемді, адал малай атаулының бәрі қожайынына құлаққағыс етуге тиіс жайды, айтпай-ақ та қойдым.

— Айтқың келсе, айта бер, — деді Дон Кихот, — сенің сөзіңнен қорқып-үркетін адам мен емес, — қорықсаң сен қорқасың, себебі дәрежең сондай адамсың, ал мен қорықпаймын, себебі тұрпатым мүлде бөлек жанмын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий