Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Осыншалықты теңдессіз ізгілікке жететінімді болжаған жан, сен өзің кім болсаң да, сенен жалынып сұрарым, өзіме оң көзбен қарап жүрген сиқыршыға маған жеткізген аса қуанышты әрі таңғаларлық осы жорамалың орындалғанша мына өзімді алып бара жатқан абақтыда ажал табуыма жол бермеуі жөнінде менің атымнан өтініш айтшы, өйткені бұл жорамалың жүзеге асса тар қапастың азабын — бақыт, аяқ-қолымды бұғаулаған шынжырды — жан рақаты санар едім, ал өзімді әкеп лақтырған түрме едені маған қу тақырға айналған айқас алаңы емес, мамық көрпе, ләззатқа бөлейтін жар төсегі секілді көрінер еді. Ал, енді атқосшым Санчо Пансаның көңілін аулап айтқан сөздеріңе келсек, адал да ақпейіл адам болғандықтан оның қуанышта да, қайғыда да мені тастап кетпейтініне кәміл сенем. Егер оның да жолы болмай, менің де ісім оңғарылмай оған бір аралды, немесе соған жетеқабыл басқа бірдеңені тарту ете алмасам, онда, қайткен күнде де, ол әйтеуір, жалақысын алатын болады, өйткені қазірдің өзінде-ақ дайын тұрған өсиетімде, — әрине, оның мейлінше көп әрі маңызды қызметін бағалау тұрғысынан емес, жалғыз тек қолда бар дүние-мүлкім тұрғысынан ғана, — оған не тиесілі болатынын көрсетіп те қойғам.

Санчо Панса айрықша құрмет білдіре еңкейіп, оның екі қолын бірдей сүйіп-сүйіп алды, ал оны бір қолынан ғана сүюдің еш мүмкіндігі жоқ-ты, себебі қолдары бірге байлаулы тұрған.

Одан соң елестер торды иықтарына салып алды да, өгіз арбаға апарып орналастырды.

ХLҮІІ тарау

Дон Кихоттың қалайша қызықты түрде жадыланғаны жайында, сондай-ақ есте қаларлық басқа да оқиғалар жөнінде

Өзін торға қамап, торды арбаға әкеп тиегендерін көрген Дон Кихот былай деді:

— Кезбе рыцарьлар жайында не түрлі ғажап хикая оқыған едім, алайда жадыланған рыцарьларды мына жалқау да жайбасар жануарлардың сылбыр аяңындай жүріспен бір жаққа әкеткендерін ешқашан оқыған да жоқпын, көрген де, естіген де емеспін. Әдетте рыцарьларды адам таңғаларлық жылдамдықпен сұрғылт немесе қара бұлтқа қымтап әуемен алып ұшады, отқа оранған екі аяқты арбамен, гиппогрифпен немесе басқа да сондай хайуанмен әкетеді, ал енді өгіз арбамен әкетті деген мүлдем ақылға қонбайды-ақ! Бірақ, бұған таңданудың да реті жоқ, біздің заманның рыцарьлығы мен сиқыршылығы бағзыдан қалған жолмен емес, басқа жолмен кеткені анық. Бәлкім, тіпті менің өзім жаңа заманның рыцары, яғни әлдеқашан ұмыт болған кәсіпті — шытырман оқиға іздейтін рыцарьлықты қайта тірілткен дүниедегі тұңғыш рыцарь болуым себепті, сиқыршылықтың жаңа түрлері мен жадыланғандарды алып қашудың жаңа тәсілдері пайда болуы да мүмкін ғой. Бұған сен қалай қарайсың, Санчо балам?

— Оған қалай қарайтынымды өзім де білмеймін, — деп жауап қатты Санчо, — себебі кезбелік жайлы жазбаларды өзіңіз секілді көп оқыған жоқпын ғой, тақсыр. Солай бола тұрғанымен, осы маңайды кезіп жүрген елестердің әсте де тақуа біреулер еместігіне ант беруге бармын.

— Тақуа деймісің? О не дегенің сенің! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Қайдағы тақуалық, бұлар деген арамза ойын іске асырып, мені осындай жағдайға жеткізу үшін адам секілді алдамшы кейіпке енген нағыз ыбылыстар ғой. Бұған көзіңді жеткізгің келсе, қолыңды тигізіп, сипалап көр, денелерінің ауадан тұратынын, алыстан ғана дене секілді көрініс беретінін сонда өзің де білесің.

— Құдай ақы, сеньор, олардың денесіне қолымды тигізіп те көрдім, — деп мәлім етті Санчо. — Осы арада тыным таппай жүрген әне бір шайтанның денесі жұп-жұмыр, оған қоса, оның шайтандарға тән емес тағы бір ерекшелігі бар: шайтандар күкірт сасып және басқа да жүрек айнытарлық жаман иіс таратып жүреді деуші еді ғой, ал мынаның үстінен сонадайдан-ақ амбра аңқиды.

Санчо мұны айтқанда, Фернандоны мегзеген: ақсүйек әулеттен шыққан сеньор болғандықтан, шамасы, одан осындай бір ұнамды иіс келіп тұрса керек.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий