Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

ризашылығың бар ма, соны айтып хат жазып жібер, ал онда барсам күймемен анда-мында қыдырып жүретін болам және сенің атыңа кір келтірмеуге тырысам. Священник те, шаштараз да, бакалавр да және тіпті шіркеу қызметшісі де губернатор атанғаныңа ешбір сенгісі келмейді. Мұның бәрі қожайының Дон Кихотқа қатысты жайларға тән әзәзілдік немесе сиқыршылық, деседі; ал Самсон болса, сені іздеп тауып алам да, губернаторлыққа әуестігінен құлантаза арылтып берем, ал Дон Кихотты есалаңдығын ешқашан қайталамайтындай етем, дегенді айтады, ал мен бұған тек күлем де қоям, маржан моншақтан көз ала алмаймын және шапаныңнан қызымызға қандай киім тігуге болатынын бажайлаймын.

Сеньора герцогиняға азын-аулақ емен жаңғақ жібердім — бұлар жаңғақ емес, өңкей алтын болса ғой шіркін. Егер аралыңдағылар інжуден алқа тағып жүрсе, сондай алқаның бірнешеуін маған беріп жібер.

Селомыздағы жаңалық мынадай: Беруэка қызын селомызға не болса соны шимайлау үшін келген әлдебір шалағай бояушыға ұзатты; біздің кеңес оған аюнтамьенто қақпасының үстінен король гербін салуға тапсырыс берген, бұл үшін ол екі дукат сұрады, оған бұл ақша алдын ала төленді, бірақ анау бір аптадай әуреленіп, ақыры ештеңе сала алмады: мұндай сан қилы өрнекті аудыртпай бейнелеу қолымнан келмейді, деді. Ақшаны қайтарды, бірақ есесіне үйленіп алды: шебер суретші деген дақпыртпен жұртты алдарқатып үлгерген еді; сосын қылқаламын былай лақтырып тастады, сөйтіп қазір қолына күрек ұстап помещик құсап егістікте жүр. Ал Педро де Лобоның ұлында – тонзура43, барлық дәрежесін алды, енді священник болмақшы; Минго Сильватоның немере қызы Мингилья мұны естіп қап, әлгінің өзіне үйленуге уәде бергенін айтып арыз түсірді, алыпқашты әңгімеге қарағанда, қыз одан жүкті боп қалғанға ұқсайды, бірақ анау ондай ештеңе болған жоқ, деп қарғанып-сіленіп отыр.

Биыл зәйтүн жеміс салмады, бүкіл селодан уксустың да бір тамшысын емге таппайсың. Селомыздың үстімен бір полк солдат өтіп, үш қызды ертіп кетті. Саған олардың кім екенін айтпаймын, бәлкім олар қайтып оралар, мүмкін, күнәкар болғанына қарамай, күйеуге де тиер.

Санчика шілтер тоқиды, күніне сегіз мараведи таза табыс табады, онысын сандықшаға салып қояды — жасауына ақша жинап жүр, бірақ қазір енді губернатордың қызы атануы себепті, бұл үшін арам тер болудың да қажеті жоқ: жасауды оған өзің-ақ бересің ғой. Алаңдағы фонтанымыз кеуіп қалды; қорлық бағанасына жасын түсті, мұндай бағананың бәрі осының кебін құшса нетті.

Хатыма жауап қайтар және астанаға баратын сапарыма қатысты шешіміңді айт. Жаратқан өзіңе мен жасайтын жастан да ұзақ ғұмыр берсін немесе дәл сонша жас берсін, өйткені мына жалған дүниеде өзіңді жападан-жалғыз қалдырып кеткім келмейді-ақ.

Әйелің

Тереса Панса».

Аталмыш хаттар жұртты мәз-майрам қылды, күлдірді, біреулер мақтап, екіншілері таңырқанып жатты, бұл аз болғандай дәл осы кезде Санчоның Дон Кихотқа жазған хатын алып тағы бір шабарман келіп жетті, бұл хат та дауыстап оқылды, бұдан соң губернатордың кеңкелестігіне деген күмән тіптен күшейе түсті. Санчоның деревнясында өзін қалай қарсы алғанын сұрап білу үшін герцогиня шабарман пажды өз бөлмесіне ертіп әкетті, анау ештеңені қалыс қалдырмай, болған жайдың бәрін егжей-тегжейлі баяндап берді; одан соң герцогиняға емен жаңғағы мен сүтсірнені табыс етті, Тереса мұны өте дәмді, тіпті трончондықтан да артық деп есептеп, жаңғаққа қоса беріп жіберген. Герцогиня сүтсірнені үлкен ырзашылықпен қабыл алды, біз енді оны осы арада қалдыра тұрамыз да, арал губернаторы атаулының бетке ұстары мен айнасы, атақты Санчо Пансаның губернаторлығы немен тынғаны жайындағы әңгімеге ойысамыз.

LІІІ тарау

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий