Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Санчо Панса губернаторлығының қалай өкінішті түрде тәмамдалғаны жайында “Жер бетіндегі нәрсенің бәрі әу бастағы қалпынан айнымай тұра береді деп ойлайтындар қатты қателеседі; біздің ойымызша, дүниедегі нәрсенің бәрі, керісінше, дамылсыз өзгерісте болады, дәлірек айтқанда, шеңбер жасап өзгеріп отырады: көктемнен кейін жаз шығады, жаздан кейін күз келеді, күзден кейін қыс түседі, қыстан кейін көктем туады, — міне, тыным таппай айналар доңғалақ секілді, уақыт та осылай тоқтаусыз қозғалып отырады, тек адам ғұмыры ғана шекара атаулыдан ада басқа өмірде қайта тірілермін деген үмітпен ақыр аяғына қарай желдей есіп жүйтки береді”. Мұсылман философы Сид Ахмет осылай дейді және бұған таңғалудың да жөні жоқ, өйткені жер бетіндегі тіршіліктің тым шолақтығы мен тұрақсыздығын, сондай-ақ өзіміз үміт ететін мәңгілік өмірдің шексіздігін түсінуге шынайы діннің шамшырағы жол көрсетпейтін, жаратылыстың жарығымен ғана жол табатын жандардың көпшілігінің-ақ өресі жеткен болатын; айта кетерлігі, авторымыздың бұл пайымдауы Санчо губернаторлығының қалайша тез тәмамдалғанына, қирағанына, күйрегеніне, көлеңке не түтін тәрізді қалай жылдам сейіліп кеткеніне қатысты туындаған еді.

Губернаторлығының жетінші түні аталмыш Санчо тойып ішкен тамақ пен шараптан емес, сотқа түскен арыз-шағымдарды сараптаудан, үкім айтудан, ережелер дайындау мен төтенше заңдар шығарудан местей болып төсегінде жатқан-ды, қарнының шұрқырағанына қасақана түрде ұйқы кірпігін айқастыра бастаған; кенет, адам айтқысыз айқай-ұйқай мен қоңыраудың құлақ тұндыратын қаңғыры естілді, құдды қара жер қақ жарылып, арал соның астына түсіп бара жатқандай болды. Санчо кереуетінде отырған қалпы осынау сұрапыл сүргіннің себебі неде екенін білмекке тырысып, тынысын тартып тың тыңдады; алайда ол ақыры ештеңе аңғара алмады, керісінше: адамдардың шулаған дауысы мен қоңыраулар үніне кернейлер дыбысы мен барабан дүңкілі қосылды, сол арада Санчо дегбірден біржола айырылып, қорқыныш пен үрейден тұла бойы қалтырап кетті; орнынан ұшып тұрып, аяқ киімін киді, өйткені жатын бөлменің едені салқын еді, сосын халат немесе сондай бірдеңені иығына ілуге де мұршасы болмай, есікке қарай жақындап, қолына тұтатылған алау ұстаған, семсерін жалаңаштап алған жиырмадан астам адамның дәлізді бойлап жүгіріп келе жатқанын көрді; оған қоса олар бар дауыспен:

— Қаруланыңыз, қаруланыңыз, сеньор губернатор! Қаруланыңыз, аралымызға қисапсыз жау әскері басып кірді! Тапқырлығыңыз бен табандылығыңыз құтқарып қалмаса — құрығанымыз! — деп айқайлап келе жатыр еді.

Осылайша айқай-сүрең салған, еліріп, аласұрған тобыр көзі көріп, құлағы естіген жайлардан құты қашып, төбесіне тас түскендей есеңгіреп тұрған Санчоның жанына жүгіріп келді, сол арада іштеріндегі біреу:

— Өзіңіз де құрып, аралымызды да құртқыңыз келмесе, қолыңызға қару алыңыз, жоғары мәртебелім! — деді.

— Ау, маған қаруланудың қажеті не? — деп дауыстап жіберді Санчо. — Қару-жарақ пен қорғаныстан мені бірдеңе біледі деймісіңдер? Бұл істі қожайыным Дон Кихотқа тапсырған жөн болатын еді — ол мұның қас-қағымда-ақ қыбын тауып, шабуылға тойтарыс берер еді, ал мен, күнәкар пенде, мынадай алатопалаңда есімнен айрылып қалам.

— Аһ, сеньор губернатор! — деп дауыстап жіберді екінші біреу. — Неге сонша бейғамсыз? Қаруланыңыз, тақсыр, сізге қару-жарақ пен сауыт-сайман әкелдік, алаңға шығыңыз, көсеміміз әрі қолбасшымыз болыңыз, өйткені сіздің, губернаторымыз ретінде, мұндай құрметке толық қақыңыз бар.

— Жарайды, қаруландырыңдар мені, — деді Санчо.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий