Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Дұрыс айтасың, Санчо, — деп мақұлдады оны Дон Кихот, — мына суретші Убедадан шыққан кескіндемеші Орбанехаға ұқсас екен, одан не салып жатырсың деп сұраса: “Әйтеуір бірдеңе шықпас деймісің”, деп жауап қататын көрінеді. Егер ол, мысалға, әтешті салса, жұрт оны түлкі деп ойлап қалмасы үшін міндетті түрде астына: “Бұл — әтеш” деп жазып қояды екен. Менің ойымша, Санчо, жаңада жүз көрсеткен Дон Кихоттың хикаясын жариялаған кескіндемеші немесе жазушы, — шынтуайтына келгенде, бұл арада олардың айырмасы жоқ, — тап осындай қияпаттағы біреу болса керек: ол әйтеуір бірдеңе шықпас деймісің деп шимайлай берген немесе жазған. Оған қоса, ол кешегі өткен мадридтік ақын Маулеонды еске салады, оған не жайында сұрақ қойылса да ойланбастан жедел жауап қайтарады екен, сөйтіп бір жолы біреулер одан: Deum de Deo деген нені білдіреді деп сұрапты, сөйтсе анау: De donde dіere50 деп жауап қатыпты. Жә, бұл жайында осы да жетер, одан да, Санчо, сен маған мынаны айтшы: алдағы түнде тағы бір сыбаға қамшы жеуге қалайсың және мұны баспанада ма әлде ашық аспан астында ма, қай жерде жегің келеді?

— Олла-біллә, сеньор, — деді Санчо, — бұл іспен қаласаң — үйде, қаласаң — түзде, қай жерде зауқың соқса, сонда айналыса беруге болады. Әйтсе де, мен өзім онымен ағаш түбінде айналысқанды хош көрген болар ем: олар маған біртүрлі жанашырлық білдіріп, жәрдемдесіп тұратын секілді.

— Жоқ, достым Санчо, айнып қалдым, — деп мәлім етті Дон Кихот, — саған көбірек күш жинау керек, сондықтан мұны үйімізге қайтып оралғанға дейін қалдыра тұрамыз, ал біз, әрі кеткенде, бүрсігүні барамыз ғой.

Санчо оған қалауыңыз білсін, бірақ темір қызып тұрған шақта және қолым қышып тұрған кезде бітіріп тастасам деп ем, өйткені, кеш қалудан асқан қатер жоқ, құдайдан сұрауын сұра, бірақ өзің де қапы қалма, “ал!” деген бір ауыз сөз “берем” деген екі уәдеден жақсы, сондай-ақ, көктегі тырнадан қолдағы шымшық артық, деді.

— Христос үшін өтінем, жетер осы мақалдатқаның, Санчо! — деп жалынды Дон Кихот. — Дағдылы кәсібіңе қайта кіріскенсің-ау деймін, шамасы: өзіңе бұрын талай үйреткенімдей, анық та түсінікті етіп сөйле, тұспалдап сөйлеме: аз болса да саз болсын.

— Не басыма ат тепкенін білмей-ақ қойдым, — деді Санчо, — мәтелсіз сөйлей алмаймын, қай мәтел болсын өзіме өте бір қисынды сөздей көрінеді, алайда түзелуге бар ынты-шынтымды салармын.

Осымен олардың әңгімесі уақытша тәмам болды.

LXХІІ тарау

Дон Кихот пен Санчоның селоларына қалай қайтып оралғаны жайында.

Бұл күнді Дон Кихот пен Санчо елді мекенде, бекетте өткізді, бірі — жазық далада өзін-өзі осқылауды аяқтау үшін, екіншісі — оның аяқталуына, — бұл арман-ойының асқар шыңы болатын, — куә болу үшін түн қараңғылығы түскенін күтті. Бұл екі арада бекетке жанына үш-төрт малай ерткен жаңа саяхатшы келіп кірді, сол жерде малайлардың бірі мырзалары шығар деп жорамалдауға лайық адамға қарап былай деді:

— Осы арада, сеньор дон Альваро Тарфе, талма түстің аңызағынан пана табасыз: мейманхана таза да қоңырсалқын тәрізді көрінеді.

Мұны естіген Дон Кихот Санчоға:

— Мына қызықты қара, Санчо, хикаямның екінші бөлімін парақтаған кезімде маған дон Альваро Тарфенің есімі кезіккен секілді, — деді.

— Әбден мүмкін. Атынан түскенін күтейік, сосын өзінен сұрап білерміз, — деді Санчо.

Жолаушы атынан түсті, бекет иесінің әйелі оған төменнен, Дон Кихот бөлмесінің тура қарсы бетінен, бөлме берді: бұған да сурет салынған полотнолар ілінген еді. Жаңа келіп түскен кавальеро жазғы киімін киіп, кең де қоңырсалқын галереяға шықты, сосын сол галереяда серуендеп жүрген Дон Кихотты көріп, одан:

— Қай жаққа қарай бара жатырсыз, мархабатты мырза? — деп сұрады.

Бұған Дон Кихот былай деп жауап берді:

— Осы маңайға жақын жердегі өз селома. Ал, өзіңіз қайда бара жатырсыз, мейірбан мырза?

— Мен, сеньор, — деп жауап қатты кавальеро, — Гранадаға бара жатырмын: ол менің туған жерім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий