Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Дауысыңыз шын мәнінде де таңғаларлық, — деді Дон Кихот, — бірақ айтып берген әніңіз маған онша орынды көрінген жоқ. Шын мәнінде де, Гарсиласо өлеңі мен мына сеньораның өлімін не нәрсе ортақтастыруы мүмкін?

— Бұған таңғалмай-ақ қойыңыз, мырза, — деді әнші келіспей, — қазіргі оқуы шала өлеңшілердің дәстүрі осындай: олардың жазбайтын жайлары жоқ және кімнен де болсын қақшып ала береді, ой-мақсатына үйлесе ме, үйлеспей ме, ол жағына қарамайды, оған қоса нендей балдыр-батпақ нәрсе жайында әндетсін, жазсын мейлі, айтар сылтаулары біреу ғана: бұл ақындық еркіндік, деседі.

Дон Кихот бірдеңе дегісі келген, бірақ осы кезде ішке герцог пен герцогиня келіп кірді, сөйтіп олардың арасында ұзақ та ұнамды әңгіме өтті, сол әңгіме барысында Санчоның не қилы күлдіргі де қияңқы нәрсені ағыл-тегіл ағытқаны сонша, жоғары мәртебелілер оның аңғалдығы мен тапқырлығына тағы да тағы қайран болысты. Дон Кихот сол күні аттанып кетуге рұқсат сұрады, өйткені жеңіліс тапқан рыцарьға патша сарайында тұрғаннан гөрі шошқа қорада тұрған лайық, деді. Жоғары мәртебелілер қарсылық білдіре қойған жоқ, ал герцогиня одан Альтисидораға ренжіген жоқсыз ба, деп сұрады. Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:

— Мархабатты ханым! Біліп қойғаныңыз артық болмас, бұл бикештің бойындағы сырқаттың бәрі істейтін іс жоқтығынан туындап жүр, ал оны сауықтыратын ең жақсы дәрмек — күнбе-күн айналысатын адал еңбек. Жаңа ғана ол маған тозақтағылар шілтер тағып жүреді дегенді айтты; шамасы, ол шілтерді жақсы тоқитын шығар, ендеше айналыссын сонымен, себебі, қолындағы ине жылт-жылт етіп тұрған кезде өзі ғашық болған бейне немесе бейнелер қаперінде жылт-жылт етуден тыйылатын болады және бұл ақиқат шындық — мен осындай пікірдемін, айтар ақылым да осы.

— Менің де, — деп қыстырылды Санчо, — себебі, махаббаттан өлген шілтерші қызды өмірі көрген емен: еңбеккер қыз ғашықтық сезімі жайынан гөрі жұмысты тезірек бітіру жайына көбірек алаң болады. Мұны өз басымнан білем: жер қазып жатқан кезімде зайыбым жайында, яғни Тереса Панса жайында, ештеңе ойламаймын, бірақ мұның оны дүниедегі ең асылымдай ардақ тұтуыма бөгеті жоқ.

— Бұл сөзің өте орынды, Санчо, — деді герцогиня, — Альтисидораны бүгіннен бастап көйлек-көншек тігуге жегем: мұндайға оның қолы өте ұсынақты.

— Ондай шара қолданудың, сеньора, текке қажеті жоқ, — деп наразылық білдірді Альтисидора, — мынадай сұмпайы қаңғыбасты қаперімнен сылып тастау үшін маған жасаған қатыгездігінің өзі-ақ жеткілікті, әлденендей бір жасанды шараға жүгінудің жөні жоқ. Ал, енді, мәртебелі мырзалар, маған кетуге рұқсат етіңіздер: оның қайғылы бейнесін, қайдағы қайғылы бейне — жүрек айнитын, жеркенішті сықпытын көргім келмейді.

— Бұл баршаға мәлім мәтелді еске салады, — деді герцог: —

Өкпесін назбен айтқаны —

Райдан жартылай қайтқаны.

Альтисидора өтіріктен көзінің жасын орамалмен сүрткен болды, сосын қожайындарына реверанс жасады да, бөлмеден шығып кетті.

— Жолың қандай ауыр еді сенің, бақ-талайсыз бикешім-ай, — деді Санчо, — ауырлығы сондай — айтары жоқ, себебі сен тас пейілге, емен жүрекке тап болдың. Егер маған көңіл білдіргеніңде, ашығын айтайын, өкініште қалмас ең.

Әңгіме осымен тәмам болды, Дон Кихот киінді, жоғары мәртебелілермен бірге түстік ішті, сөйтіп сол күні жүріп кетті.

LXХІ тарау

Дон Кихот пен атқосшысы Санчоның селоларына қайтып келе жатқан жолда қандай кепке тап болғаны жайында.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий