Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәл осы кезде, қожайындарының көңіл қалауын орындау ниетімен, Дон Кихоттың бөлмесіне Альтисидора (Дон Кихоттың ұғымында ол о дүниеден бұ дүниеге қайтарылған болатын) келіп кірді: басында тап сол катафалкте киіп жатқан гүлтәжі, үстінде ақ тафтадан тігілген, алтын түсті гүлдермен әшекейленген туникасы бар, шашын иығына жайып жіберген, эбен ағашынан жонылған, аса қымбат асатаяққа сүйеніп алған. Альтисидораның келгені Дон Кихотты қатты абыржытып жіберді: бүрісіп, көрпесі мен ақжаймасын бүркеніп, бүк түсіп жатып алды, тіл-жақтан айырылып қалды, сондықтан Альтисидорамен сәлемдесуге де шамасы келмеді. Альтисидора оның бас жағындағы орындыққа келіп отырды да, ауыр күрсініп алып, бәсең де нәзік үнмен былай деп сөйлеп кетті:

— Ақсүйек әйелдердің, жә болмаса ибалы бикештердің ардан аттап, аузына ерік беріп, әдептілік пен сыпайылық қағидаларын белден басып, жүрегінің құпия сырын жайып салғаны — олардың ақырғы шекке жеткені. Мен, сеньор Ламанчалық Дон Кихот, сондай қыздардың қатарына қосылам: мен ғашықпын, есімді жоғалттым — бірақ, менің тауымды қайтарды, алайда, солай бола тұрғанымен, мен төзімдімін және ізгі қасиеттер иесімін, міне, осының бәріне бола іштей күйзелуіме байланысты жүрегім сыр берді, жарылып кетті, сөйтіп өмірмен қош айтыстым. Маған деген қатыгездігіңнің салдарынан,

Өкпе-назға мәрмәр тастай селт етпейтін,

сенің, тас жүрек рыцарь, қатыбастығыңнан бұдан екі күн бұрын дүние салдым, — қалай болған күнде де, өзімді көргендер мені өмірден өттіге балады, — егер Амур маған аяушылық білдіріп, мына мейірбан атқосшының азап-ақиреті арқылы құтылып шығуыма қол ұшын бермегенде, ана дүниеде біржола қала баратын едім.

— Азап-ақиретті Амур маған бергенше есегіме беруі керек еді, бұл үшін оған алғыс жаудырған болар ем, — деп Санчо сөзге араласты. — Алайда, сеньора, құдай тілеуіңізді беріп, мырзамнан гөрі иі әлде қайда жұмсақ ғашыққа жолықтырғай, маған мынаны айтыңызшы: ана дүниеден не көрдіңіз? Тозақта не боп жатыр екен? Мұны сізден сұрап тұрғаным, торығудан үзілген жандардың өлгеннен кейін бірден тозаққа баратыны белгілі ғой.

— Ашығын айтсам, — деп жауап қатты Альтисидора, — мен өзім, расында, біржола өлген жоқпын ғой, сондықтан маған тозақта болудың реті келмеді: өйткені, егер онда бара қалсам, қалай жанталассам да қайтып шыға алмас едім. Шын мәнінде, менің көргенім ұзын саны он екіге жуық шайтанның тозақ қақпасының қақ алдында доп ойнап жүргені ғана болды: бәрі де шалбар және фламанд шілтерімен әдіптелген жағасы бар камзол киіп алыпты, қол ұзындау көріну үшін жеңдері төрт елідей қысқартылыпты және манжеттері шілтермен ауыстырылыпты. Олар қолына от боп жанған ракетка ұстапты, бірақ мені әсіресе қатты таңдандырғаны — доп орнына кітапты қақпақылдап жатқандары болды, ал кітаптар әлде желмен бе, әлде мамықпен бе толтырылған секілді көрінді, — бұл енді құлақ естіп, көз көрмеген ғажайып. Алайда мені одан да қатты таңдандырғаны — ойыншылардың ұтысқа мәз боп шаттанып, ұтылысқа қоңырайып қалатын дағдысына мүлде керіғалаң жағдай болды: ол жерден өне бойы тек күңкілдесу, ырылдасу мен керілдесу ғана естіліп тұрды.

— Бұған таңғалатын дәнеңе жоқ, — деді Санчо, — ойнай ма әлде ойнамай ма, ұта ма әлде ұтыла ма, бәрібір, шайтандардың ешқашан ештеңеге көңілі толмайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий