Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Құрып кетсін бәрі! Ау, мұрнымнан шертіп, бетімнен бүргенге көнгеннен түрікке айналғаным тәуір ғой менің! Неғылдейді!.. Мені бетімнен бүргенде бұл бикеш шынымен-ақ тіріліп кететіндей-ақ! Жуас түйе жүндеуге жақсы деген-ау: Дульсинеяны біреулер жадылап тастайды, — ал оның жадысын қайтару үшін алып кеп мені дүрелеу керек; құдай ауру жібергендіктен Альтисидора дүние салады, — ал оның қайта тірілуі үшін, көрдіңдер ме, мені мұрнымнан жиырма төрт рет шерту керек, денемді түйреуішпен шұрқ-тесік ету керек және иығымды көкала қойдай қып шымшу керек! Дәмелерінің зорын қара, мен әккі арланмын, қақпанға түскен жеріме қайтып бармаймын!

— Сен өлесің! — деп айқайлап жіберді Радамант. — Жуасы, жолбарыс, көндік, тәкаппар Немврод, төз және тіл қатпа: қолыңнан келмейтін нәрсені талап етіп тұрған жоқпыз сенен. Және бұл шаруаның қиындығы жайында жоқтан өзгені шатпа: сен бәрібір шертілесің, түйреуішпен шұрқ-тесік түйрелесің және шымшудан зар қағасың. Әй, малайлар! Бұйрығымды орындаңдар деп тұрмын ғой сендерге, әйтпесе, оллаһи, көкелеріңді көрістіріп берем!

Осы кез аулада алты дуэнья пайда болды; олар тізбектеліп бірінің соңынан бірі жүріп келе жатыр еді, сонымен бірге, төртеуі көзілдірік киіп, бәрі түгел қолын жоғары көтеріп алыпты, мода талабына сай, қол ұзындау көрінуі үшін жеңдері төрт елідей қысқартылыпты. Дуэньяларға көзі түскен бойда Санчо өгіздей өкіріп жіберді.

— Бетімнен бүкіл адамзат баласы келіп бүрсе де қарсы емеспін, — деп күңірене сөйледі ол, — бірақ тек дуэньялар жақындаушы болмасын — шыным сол! Осы қамал-сарайда қожайынымды тырнағандай, бетімді мысық тырнасын мейлі, тәнімді өткір қанжармен осқылаңдар мейлі, иығымды отқа қыздырылған қысқашпен жұлыңдар мейлі — мырзалардың көңілін табу үшін бәріне көнем, бірақ шайтан бір жаққа сүйреп алып кетсе де, дуэньялардың денеме жанасуына жол бермеймін.

Сол арада Дон Кихоттың да шыдамы таусылып, Санчоға қарап былай деді:

— Шыдамды бол, балам, сеньорлардың өтінішін орында және бойыңа азап шегу арқылы жадыланғандардың жадысын қайтаратын, қайтыс болғандарды қайта тірілтетін игі қуат дарытқан жаратқанға алғыс жаудыр.

Бұл екі арада дуэньялар Санчоға жақындап та келген-ді, мырзасының уәжіне уанып, райынан қайтқан Санчо креслоға жайғасып отырды да, алда келе жатқан дуэньяға бетін тосты, ал анау оны жақсылап тұрып бір шертті де, тізе бүгіп тәжім етті.

— Маған сыпайыгершілігіңіздің қажеті жоқ, сеньора дуэнья, сондай-ақ иіс майыңыздың да керегі шамалы, — деп салды Санчо, — құдай ақы, қолыңыздан хош иісті майдың иісі мүңкіп тұр.

Дуэньялар бірінен соң бірі келіп оны оңдырмай шертіп кетті, ал қалған қисапсыз құл-құтан шымшылап ит-әлегін шығарды, бірақ Санчоның шыдамын шынымен тауысқан нәрсе — түйреуішпен түйреу болды: креслодан атып тұрды да, сірә, зығырданы қайнап кетсе керек, қолына іліккен алаудың бірін ала сап дуэньялар мен дүйім жендетіне тұра ұмтылып, былай деп айқай салды:

— Аулақ, тозақтың жалдаптары! Мен тастан жаратылған жоқпын, мынадай жан түршігерлік азапқа шыдай алмаймын!

Осы сәт, шамасы, шалқасынан жата-жата әбден жалықса керек, Альтисидора бір бүйіріне аунап түсті, соны көрген қаумалаған қауым бәрі дерлік бір мезетте:

— Альтисидораға жан бітті! Альтисидора тірілді! — деп дауыстап жіберді.

Радамант Санчоға тынышталуға әмір етті, өйткені азап шегуге мәжбүр болғандағы мақсатың орындалды, деді.

Альтисидораның тіршілік нышанын байқатып жатқанын көрген Дон Кихот дереу Санчоның алдына тізерлей кетіп, былай деді:

— Беу, сен, қазір атқосшылықтан қалған, сөйтіп енді сүйікті ұлыма айналған, Санчо! Күткен күн туды, Дульсинеяның жадысын қайтару мақсатында мойныңа алған соққылардың жалпы саны есебінен өзіңе өзің бірнеше соққы дарытшы. Қайталап айтам: бойыңдағы дарулық қуат шырқау шегіне жетті, сондықтан өзіңнен үміт етіліп отырған ізгілікті істі ойдағыдай орындап шығатыныңа еш күмән жоқ.

Санчо бұған былай деп жауап қатты:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий