Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Беу, шарапатты Санчо! Беу, қадірменді Санчо! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Бұдан соң Дульсинея екеуіміз сенің алдыңда өзімізді өмір-бақи қарыздар санайтын боламыз! Егер Дульсинея жоғалтқан әлпетін қайта таба қалса (ал басқаша болады деген тіптен көңіліме қонбайды), оның бақытсыздығы бақытқа айналады, ал менің жеңілісім абыройымның асқар шыңға көтерілуі боп шығады. Сонымен, Санчо, өзіңді өзің дүрелеуге қашан кіріспексің, жауабыңды күтіп тұрмын, — бұл істі жеделдету үшін тағы да жүз реал қосуға әзірмін.

— Қашан дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Санчо. — Тап бүгін түнде, оған еш күмәніңіз болмасын. Бұл түнді жазық далада, ашық аспан астында өткізуімізге қам жасаңыз, тақсыр, ал менің өзімді оңдырмай осқылайтыным сонша, ғажап қаласыз!

Сөйтіп ақыры түн болды, Дон Кихот оны алабөтен тағатсыздықпен тосқан-ды, өйткені оған Аполлон күймесінің доңғалақтары сынып қалғандай, күн әдеттегіден ұзарып кеткендей көрінген: бұл орайда оның өз еркіне өзі ие бола алмай, дегбірсізденген ғашықтардан еш айырмашылығы болмаған. Ақыры олар жол іргесіндегі паналауға жарамды бір шағын тоғайға келіп кірді, Росинант пен сұр жорғаның ерін алып, өздері көк шалғынға сұлай кетті де, Санчоның сақтап жүрген азығымен жүрек жалғады; сосын аталмыш Санчо Росинанттың жүгені мен сұр жорғаның ноқтасынан оңдырмай осатын солқылдақ шыбыртқы дайындап алып, мырзасынан жиырма қадамдай жерге, шамшат аясына барды. Оның қалай тас-түйін кейіпте батыл адымдап бара жатқанын көрген Дон Кихот былай деді:

— Байқа, достым, өзіңді есің танып құлағанша сабама, арасында үзіліс жаса, шектен тыс қызулыққа салынба, әйтпесе жарты жолда қалжырап қаласың, — айтайын дегенім, өзіңе аяушылық білдір, әйтпесе көздеген мақсатыңа жеткенше ана дүниеге аттанып кетесің. Ал сенің артық қылам деп тыртық қылмауың үшін өзім мына арада, қасыңда тұрып, салған дүреңді таспиықпен санап тұратын болам. Ал, енді ізгі ниетіңді іске асыруыңа жаратқан иеміз жар болсын саған.

— Тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ, — деп мәлім етті Санчо, — жаныма бататындай, бірақ жаным шығып кетпейтіндей етіп ұратын болам өзімді: өйткені бұл кереметтің мақсаты мен мәні де нақ осында ғой.

Сол арада ол белуарына дейін жалаңаштанды да, қайыс шыбыртқыны қолына алып, өзін-өзі осқылай бастады, ал Дон Кихот соққыны санауға кірісті. Санчо шамамен сегізінші шықпыртуға жеткен, одан соң мұның өзі анау айтқандай жеңіл шаруа еместігін, бұған жарытымсыз баға белгілегенін сезіп, өзін-өзі осқанды доғарып, қожайынына арзанға келісіп қойғанын, мынадай әр соққы куартильо емес, жарты реал тұратынын айтты.

— Жалғастыра бер, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — әсте абыржушы болма: мен саған екі есе ғып төлеймін.

— Олай болса, — деп іліп әкетті Санчо, — жаратқан өзің қолдай гөр! Өй, қазір өзімді өкіртіп тұрып осайын!

Алайда жылпос өзін-өзі жон арқадан шықпыртқанды қойып, ағаштарды шықпыртуға кірісті, сөйтіп жатып деміл-деміл ыңырана ыңқылдап қоюды да естен шығармады: әр сондай ыңқылмен бірге жаны да тәнін тастап шығып жатқандай көрініп тұрды. Ал, Дон Кихот жүрегі жұмсақ адам болғандықтан ақылсыздығы салдарынан анау өзін-өзі өлтіріп жібере ме, сөйтіп көздеген мақсатына жете алмай қала ма деп қорқумен болды, осы себепті ол Санчоға былай деді:

— Достым, жақсылық жасап, шұғылданып жатқан шаруаңнан осы арада кішкене қол үзе тұршы: мына амалдың ауыртпалығы маған ғаламат көрініп тұр, бұл үшін демалыс қажет, “Самора ұзақ уақыт қоршауда болды, әйтпесе тікелей шабуылға төтеп бере алатын” деген сөз тегін айтылмаған ғой. Қателеспесем, қазірдің өзінде сен өзіңе мыңнан астам соққы дарыттың, — әзірге осы да жетер. Дөрекілеу көрінсе де айтайын, есекке жүкті арта бересің, арта бересің — былқ етпейді, ал артық артсаң — сылқ етеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий