Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Шынымен-ақ жақсымын ба, ол жағын білмеймін, — деді Дон Кихот, — айтарым тек, онша нашар да емеспін; бұған дәлел ретінде, мархабатты мырзам дон Альваро Тарфе, мынадай бір деректі қаперіңізге салайын: мен Сарагосада өмірімде бірде бір рет болып көргем жоқ, мұны аз десеңіз, ойдан шығарылған Дон Кихоттың сарагостық турнирге қатысатынын білгеннен кейін әлгі жазғышты әшкерелеу үшін Барселонаға қарай тартып кеттім, ол өзі — меймандостық ордасы, жат жерліктер мекен-жайы, кедей-кепшіктер баспанасы, ержүректер отаны, қыспақ көргендер қорғаны, шынайы достықтың қонақжай шаңырағы, орналасқан жерінің көріктілігі жөнінен теңдесі жоқ қала. Рас, онда бастан кешкен жайларым онша қуанарлық болған жоқ, керісінше, тіптен қайғылы болды, сөйте тұрғанымен, көңілге медет санарым — қаланың өзін көргенім. Сонымен, сеньор дон Альваро Тарфе, даңқы алысқа тараған Ламанчалық Дон Кихот деген мына мен болам, ал анау әлгі менің есімімді иеленіп, ой-арманымды олжалап, сол арқылы әлеуметтің алдында абыройын арттырғысы кеп жүрген арамза — ол басқа біреу. Сізді шынайы кавальеро санап, мынадай өтініш айтқым кеп тұр: рақымшылық жасап, күні бүгінге дейін мені ешқашан көрмегеніңізді, менің екінші бөлімде бейнеленген Дон Кихот еместігімді, сондай-ақ атқосшым Санчоның да өзіңізге жақсы мәлім Санчо емес, басқа адам екенін жергілікті алькальдқа мәлім еткеніңізді қалар едім.

— Бұл өтінішіңізді қуана-қуана орындаймын, — деді дон Альваро, — алайда, өзіңіз айтыңызшы, есімдері бірдей, бірақ іс-әрекеті мүлдем басқа екі Дон Кихотпен және екі Санчомен бірден таныс болу деген көз көріп, құлақ естімеген нәрсе емес пе. Әйткенмен, көрген жайларымды көрмедім деп, басымнан өткен оқиғаларды өтпеді деп растап беруге әзірмін.

— Сіздің де, мырза, дәп сол сеньора Дульсинея Тобосская секілді жадыланғаныңызға шүбә жоқ, — деп тұжырды Санчо. — Сол сеньора үшін тәуекел етіп жүргенімдей, өзімді өзім қамшымен үш мыңнан астам осу арқылы сіздің де жадыңызды қайтара алсам қандай ғанибет болар еді — сіз үшін, әрине, мұны тегін-ақ атқарар едім.

— Қамшылау жайынан хабарсыз екем, — деп мойындады дон Альваро.

Санчо оған мұның ұзақ әңгіме екенін, бірақ егер бірге жүретін болса жолда бәрін жыр ғып беретінін айтты. Сөйтіп жүргенде түскі ас ішетін уақыт та таяды; Дон Кихот пен дон Альваро бірге түстенді. Сол арада ғайыптан тайып бекетке хатшысын ертіп жергілікті алькальд келе қалды, Дон Кихот аталмыш алькальдқа заңға негізделген мынадай өтініш білдірді: өзінің, Дон Кихоттың, құқына қол сұғудан қорғану үшін осы жерде отырған кавальеро дон Альваро Тарфенің алькальд мырзаның алдында өзі де осы жерде отырған Ламанчалық Дон Кихотты бұрын ешқашан білмегеніне, сондай-ақ оның Тордесильяста туып-өскен Авельянеда дегеннің шығармасы боп табылатын, Ламанчалық Дон Кихоттың екінші бөлімі деген атпен жарыққа шыққан кітапта бейнеленген Дон Кихоттан мүлдем басқа адам екеніне куәлік етуін қалаймын, деді. Алькальд мұның бәрін заңға сәйкес туралап берді: куәгер берген түсінікті хаттау тәртібі мүлтіксіз сақталды; Дон Кихот пен Санчо, бейне бір мұндай түсінікке ие болу өздері үшін шын мәнінде де айрықша маңызы бар нәрседей және екі Дон Кихот пен екі Санчоның арасындағы айырмашылық олардың істеген ісі мен айтқан сөзі арқылы онсыз да жеткілікті дәрежеде дараланып тұрмағандай бұған мәз-майрам боп қуанды. Дон Альваро мен Дон Кихот бір-біріне ұзақ сыпайыгершілік лебіз білдіріп, адалдықтарын жария қылды, осы сұқбат барысында даңқты ламанчалық өзінің бар парасат-пайымын паш етті, ал дон Альваро Тарфенің ол жайында ұшқары ойда болғанын мойындауына тура келді: осынау мүлдем екі басқа Дон Кихотты өз көзімен көрген ол өзінің де жадыланып қоюы мүмкін-ау деген ойға жақындап та қалған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий