Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Санчоның жауап қатқалы оқталғаны сол еді, аңшылар мен тазы иттер соңына түскен қоянның жазық даламен зымырай қашып келе жатқанын оқыстан көзі шалып қалды, зәресі ұшқан қоян қашқаннан қашып отырып сұр есектің бауырына кіріп бүрісіп жата кетті. Санчо оны құр қолмен ұстап алды да, Дон Кихотқа әкеп берді, бірақ Дон Кихот былай деді:

— Malum sіgnum! Malum sіgnum!51 Қоян қашып келеді, соңынан тазылар қуып келеді, — Дульсинеяны көре алмайды екем!

— Қызық адамсыз, тақсыр, — деді Санчо. — Айталық, мына қоянды — Дульсинея Тобосская десек, оны өкшелеген тазыларды — Дульсинеяны шаруа әйелге айналдырған зұлым сиқыршылар десек, қоян қашып келе жатса, оны мен ұстап алып қолыңызға берсем, сіз оны құшақтап, бауырыңызға бассаңыз — мұнда тұрған қандай жаман ырым бар, бұдан нендей жамандық нышанын аңғаруға болады?

Әлгінде ғана шекісіп қалған екі балақай қоянды көруге келді, сол арада Санчо біреуінен олардың не үшін өжектескенін сұрады. Санчоға әлгі: “Енді сен оны өмір бақи көрмейсің”, дегенді айтқан бала жауап қатып, жолдасынан шілделік салынған торды тартып алғанын және оған оны ешқашан қайтарып бермейтінін мәлім етті. Санчо қалтасынан төрт куарто шығарып, балақайға берді де, торды алып Дон Кихотқа тапсырып тұрып былай деді:

— Осымен бәрі тәмам, сеньор: ырым атаулының бәрі құрып, күлі көкке ұшып кетті, ал шындығында, бұл ырымдардың сіз бен бізге қатысы өткен жылғы жауын бұлтындай ғана; саяздау адам болғаныма қарамастан, мұны тіпті менің өзім де шамалап тұрмын. Егер қара басып қателесіп жүрмесем, шынайы христиандарға, оның үстіне көзі ашық, оқыған адамдарға мұндай болымсыз нәрсеге мән берген жараспайды, дегенді священнигімізден естігем, оған қоса, өзіңіз де, тақсыр, жақында ғана маған: ырымға сенетін христиандар — ақымақтар, деп түсіндіріп едіңіз ғой. Ендеше, оған бола мына арада кідіре беруіміздің жөні жоқ, жүрейік, үйімізге барайық.

Аңшылар келіп, қояндарын талап етті, Дон Кихот оны бере салды; Дон Кихот пен Санчо жүрісін әрмен жалғап, селоға келіп кіргенде көкорайда дұға оқып отырған священник пен бакалавр Каррасконы көрді. Айта кетерлігі, Альтисидораны тірілтетін түнде герцогтың қамал-сарайында өзіне кигізген әлгі жалын тілі бейнеленген бомази мантияны Санчо Панса ат жабу орнына пайдаланып, сұр жорғаны және жіппен байланған сауыт-сайманды жауып қойған-ды. Оған қоса, есектің басына қалпақ кигізген еді, — тоқ етері, есек тұқымдас хайуанаттардың ешқайсысы жер бітіп, су аққалы мұндай құбылуды бастан кешіп, мұндай сәнді киім киіп көрмеген болатын.

Священник пен бакалавр саяхатшыларды бірден танып, құшақ жая ұмтылды. Дон Кихот атынан түсіп, оларды құшағына қысты; деревня балалары есектің басындағы қалпақты сілеусін көзіндей өткір көздерімен шалғай жерден-ақ шалған-ды, енді олар топырлай жүгірісіп келіп, өзді-өзі былай деп дабырласып жатқан:

— Әй, баллар, қараңдар, мынау Санчо — есек мінген: есегі Мингодан да сәнді киініпті, ал анау Дон Кихот — мәстек мінген: мәстегінің қазір барлық қабырғасы бірдей ырсиып тұр!

Ақыр соңында балалар қаумалап алған, священник пен бакалавр серік боп ерген Дон Кихот пен Санчо селоға кіріп, Дон Кихоттың үйіне қарай бет алды; үйдің табалдырығында олардың келгенінен хабардар боп үлгерген күтуші әйел мен жиен қыз тұр еді. Бұл хабар Санчоның зайыбы Тереса Пансаға да жеткен; шашы ұйпа-тұйпа, шала-шарпы киінген қалпы қызы Санчиканы қолынан жетелеп алған ол күйеуін қарсы алмаққа жүгіре жөнелген; алайда күйеуінің, өз ойынша, губернаторға лайық киінбегенін көріп, оған былай деді:

— Саған не болған, әкесі-ау? Үйге жаяу оралып келе жатқандайсың, оның үстіне аяғыңды әзер басасың; түр-сықпытың губернаторға тіптен ұқсамайды, керісінше, губернатор болып тынған адам секілдісің.

— Жап аузыңды, Тереса, — деді Санчо, — адамды киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады, үйге жеткенімше шыдай тұр — не ғажапты еститін боласың. Мен ақша әкелдім, ең бастысы осы және оны епсектілігімнің арқасында таптым, ешкімді ренжіткем жоқ — одан құдай сақтасын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий