Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әлгі жерде тұрғандар бір-біріне таңырқана қарасты — Дон Кихоттың оларды қайран қалдырғаны сондай, онша ықыласты бола қоймағанымен, бәрі де оның сөзіне илануға бейіл берді. Есалаңның аяқ асты есті адамға айналуы бұларға мұның татар дәмі таусылуға таяп қалғандығының айқын белгісіндей боп көрінді, оған қоса ол жоғарыда келтірілген сөзден басқа да жүйелі, христиандық рухтағы әрі мейлінше қисынды біраз әңгіме айтқандықтан, ақыр аяғында олардың күдігі біржола сейіліп, Дон Кихоттың ақыл-есі қайтып оралғанына еш күдігі қалмады.

Священник жұрттың шыға тұруын сұрап, Дон Кихот екеуі оңаша қалған соң онымен арыздасты. Бакалавр хатшы шақыруға кеткен, ұзамай хатшыны және Санчо Пансаны ертіп қайтып оралды; Санчо соның алдында бакалаврдан мырзасының қандай халде жатқанын сұрап білген еді, сөйтіп енді күтуші әйел мен жиен қыздың жылап тұрғанын көріп, түсі бұзылып, еңіреп қоя берді. Арыздасудан соң священник сыртқа шығып:

— Ақпейіл Алонсо Кихано шынымен бақиға кеткелі жатыр және шынымен ақыл-есі бүтін. Жүріңдер, барайық бәріміз, қазір ол өсиетін жазып қалдырмақшы, — деді.

Бұл сөздер күтуші әйелді, жиен қызды және мейірбан атқосшы Санчо Пансаны одан әрмен күйзелтіп, онсыз да құрғамай тұрған көздерінен жас бұршақ-бұршақ төгіліп, кеуделерінен күңірене күрсінген дыбыс шығып жатты, өйткені, бұрын айтылғандай, жай ғана Ақпейіл Алонсо Кихано атанып жүрген кезінде де, сол сияқты Ламанчалық Дон Кихот атанған кезінде де Дон Кихот дәйім мінез-құлқының ұяңдығымен және сыпайы қарым-қатынас жасай білетіндігімен ерекшеленетін, сол үшін оны отбасындағылар ғана емес, өзімен таныс-біліс болғандар да ұнататын. Басқалармен бірге оның бөлмесіне хатшы да кірген, ол өсиеттің тақырыбын жазып қойғаннан кейін құдайға құлшылық етіп алған Дон Кихот мұндай жағдайда христиандық салтқа сәйкес атқарылуға тиісті рәсімдерді сақтай отырып өсиетін айтып жаздыруға кірісті, сөйтіп ол былай деп бастады:

— Іteм52, делқұлы боп жүрген кезімде атқосшылыққа алған Санчо Пансаның қолындағы ақшамды қайтарып беру жөнінде талап қойылмасын және қайда кеткені сұралмасын, себебі екеуіміздің өз есебіміз бар; егер өзіне тиесілі сомадан бірдеңе ауыса қалса, мұны өзі ала берсін: ол көп ақша емес және оған артық болмайды; ақылдан адасып жүрген шағымда аралдың губернаторы боп тағайындалуына септік жасасам, қазір енді ақыл-есім бүтін кезде, қолымнан келсе оған тұтас корольдікті тарту еткен болар ем, өйткені оның қарапайымдығы мен адалдығы мұндай сыйға әбден лайық.

Сол арада ол Санчоға қарап былай деді:

— Менің қырсығымнан сен де делқұлы деген атқа қалдың, өзім сияқты адасып, дүниеде кезбе рыцарьлар болған және қазір де бар деп сеніп жүрдің, сол үшін кешір мені, достым.

— Аһ! — деп дауыстап жіберді Санчо жылап тұрып. — Өлмеңізші, мархабатты мырзам, айтқан ақылымды тыңдаңызшы: ұзақ ғұмыр кешіңізші, өйткені қайғы-шерден басқа ешкім сені өлтіріп жатпаса, көрер күніңді бір уыс қып жатпаса, қараптан-қарап аты-жөні жоқ өле салу деген ақылға қонбайтын есалаңдық қой. Жетер енді төсекте шалжиып жатқаныңыз, тұрыңыз, бақташы құсап киініңіз — сосын келіскеніміздей далаға кетейік: бәлкім, әлдебір бұтаның түбінен жадысы қайтарылған Дульсинеяны тауып алармыз, ал бұдан асқан қуаныш бар ма! Егерде жеңіліс тапқаныңызға деген өкініш-күйініштен өлгелі жатсаңыз, онда бәленің бәрін маған жаба салыңыз: атқосшым айылды дұрыстап тартпағанының қырсығынан Росинанттан құлап қалдым, деңіз, оған қоса, бір рыцарьдың екіншісін жерге сұлатып жататыны, бүгін — ол, ертең — анау жеңетіні әдетке айналған нәрсе екені рыцарьлық кітаптардан өзіңізге бек жақсы мәлім емес пе.

— Мейірбан Санчо Пансаның бұл сөзі өте орынды, — деп қоштап қойды оны бакалавр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий