Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Дұрыс айтасың, тап солай, — деп келісе кетті Альтисидора, — бірақ мені тағы бір нәрсе қайран қалдырады (дәлірек айтсам, сол кезде қайран қалдырған): алғашқы соққыдан кейін-ақ доп әуеге қайта көтеріле алмайтын, ол, жалпы, түкке жарамай қалатын, сондықтан кітаптар, ескісі де, жаңасы да бар, бір-бірін тоқтаусыз ауыстырды да тұрды — ал енді бұған қалай таңғалмассың. Әдемі мұқабамен шыққан әлдебір су жаңа кітапты олар оңдырмай бір қаққанда әлгінің ішек-қарны ақтарылып түсті, парақтары бытырап ұшып кетті. Бір шайтан екіншісіне: “Қандай кітап екен, қарашы”, деді. Анау: “Ламанчалық Дон Кихот хикаясының екінші бөлімі, бірақ бұл бірінші авторының, Сид Ахметтің, шығармасы емес, өзін Тордесильяста туып-өстім деп атайтын әлдебір арагондықтың жазғаны”, деп жауап қатты. — “Лақтырып тастаңдар оны, — деді бірінші шайтан, — көзіме қайта шалынбас үшін тозақтың өзіне атыңдар”. — “Немене, соншалықты жаман кітап па бұл?” деп сұрады екіншісі. — “Жамандығы сонша, — деп жауап қатты біріншісі, — егер қасақана нашар етіп жазғым келген күннің өзінде де бәрібір бұдан асыра алмас едім”. Олар ойынды одан әрі жалғастырып, басқа кітаптарды қақпақылдауға кірісті, ал мен өзім соншалықты сүйетін және қадір тұтатын Дон Кихоттың есімін естігендіктен осынау елесті қаперімде сақтап қалуға тырыстым.

— Әлбетте, мұның елес екені күмәнсіз, — деді Дон Кихот, — аталмыш хикаяның қолдан қолға өтіп жүргеніне қарамастан, — айта кетерлігі, ол еш жерден тұрақ таппай жүр, өйткені жұрттың бәрі одан жерініп, желкелеп қуып салады, — дүниеде менен басқа тағы бір Дон Кихот жоқ. Сен құдды елес құсап тамұқтың түнегінде немесе шуаққа шомылған жерде жүрсің, деген сөздерді естігенімде оған бола шала бүлінбеймін, өйткені мен аталмыш хикаяда сипатталған адам емеспін. Егер хикая ұнамды, нанымды және шыншыл болса ғасырлар бойы ғұмыр кешері хақ, егер нашар болса, онда туғаннан өлгенге дейінгі ғұмыр жолы тым келте боп шықпақ.

Альтисидора Дон Кихотты кінәлауға қайта кірісуге құлшынған, бірақ анау оны бөліп жіберді:

— Өзіңізге талай айттым да ғой, сеньора, назарыңызды маған салғаныңыз үшін соншалықты өкінем, себебі менің назарымнан ықыластылықты емес, тек ырзашылықты ғана күтуге болады. Мен Дульсинея Тобосская үшін жаратылған жанмын, жазмыш (егер ол бар болса) мені соған арнаған, сондықтан оның жүрегімдегі орнын басқа бір сұлу басады деп ойлау — бос әурешілік. Бұл сөзім күдер үзу керектігіне көзіңізді жеткізер, сөйтіп сыпайыгершілік аясына қайтып ораларсыз деп ойлаймын, өйткені қолдан келмейтінді кімнен де болсын талап етуге болмайды.

Сол арада Альтисидора жорта өкінген және ашуланған боп, былай деп саңқ етті:

— Аһ, сен, бос белбеу, ынжық, сезім атаулыдан жұрдай қу томар, икемге келмейтін, илікпейтін, бірдеңені айтса болды, қанша жалынып-жалбарынсаң да сол айтқанынан қайтпай қыңырайып тұрып алатын мұжықтан да жаман міскін! Құдай бар, егер тарпа бас салсам, көзіңізді ағызып жіберер едім! Немене сіз, сілікпесі шыққан, құр сүлдесі ғана қалған сормаңдай, өзіңізге ғашық боп өліп бара жатыр деп ойладыңыз ба мені? Ау, түнде көргеніңіздің бәрі әдейі ұйымдастырылған нәрсе ғой: өлу деген не — сіз секілді сүмелек үшін тіпті күрсінер ме екем.

— Бұл әбден мүмкін нәрсе, — деп Санчо сөзге килікті, — себебі махаббаттан өлу деген күлкілі ғой: рас, ғашықтардың қолынан келмейтіні жоқ делінеді, бірақ шын мәнінде оларға есі дұрыс адамның ешқайсысы сенбейді.

Осы әңгіменің үстінде бөлмеге жоғарыда келтірілген екі шумақты әнге қосып айтқан музыкант, әнші әрі өлеңші кіріп келді де, Дон Кихотқа еңкейе басын иіп:

— Сізден, сеньор Дон Кихот, мені ең адал қызметшіңіздің бірі деп санауыңызды және солай деп есептеуіңізді сұраймын, — ауыздан ауызға тараған даңқыңыз бен ерлік істеріңізге көптен тәнті боп жүрмін, — деді.

Дон Кихот оған:

— Шырақ, өзіңізге деген қарым-қатынасым қадір-қасиетіңізге сай болуы үшін, рақым етіп, әуелі кім екеніңізді айтыңызшы, — деген сауал қойды.

Бозбала өзінің түнде мадақ өлеңді әнге қосқан жігіт екенін хабарлады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий