Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Солар ғана өзінше, біртүрлі түйсінгендей болды білем. Аралары азырақ ауысып, аз ғана бөгелісті де, бір кезде бір топ қыздар ортасынан екі қызды ілгерірек бөліп шығарды.

Бағанағы кекілі кесілген қара көк ат сол екі қыздың орталығында жетекте екен.

Оспан аңырып таңданып, Абайдың қасына кеп:

– Бұлар кім? Бұл қандай көш? - деп тақат таба алмай, ағасын қамшымен түрткілеп, мазасызданып тұр еді.

Қазір екі қыз бөлініп алға шыққанда, олардың көрінісіндегі елден ерекше бір жайды байқап, Оспан қатты күліп жіберді.

– Ойбай, Абай, ананы қара! Тымақты қара! - Абай бұған ашулы түрмен жалт қарап, қатты түртіп қап:

– Тоқта, құтырма! - деді. Оспан Абайдан сескеніп қап, аузын басып, тайының жалын құшақтап, үнсіз күліп жатты.

Бұған ерсі көрінген сурет Абайдың өзінің де өмірде ең алғаш көрген көрінісі.

Бұл көш қаралы көш екенін - Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағана-ақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлім. Бірақ, қазір мына екі қыз істеген іс сол бөлектің ішінде де бір өзгеше болды.

Олары өзге қыздан бөлінгенде байқалды. Бастарына еркектің бас киімін киіпті. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтірі тымақтары бар. Қыз кимейтін бас киімнің артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Енді ғана анық көрінді, орталарына жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстіне Бөжейдің ер-тоқымы ерттеліпті. Ер үстіне сол Бөжейдің осы өткен қыста Қарқаралыға киіп барған қызыл күрең ішігі жабылыпты. Ердің қасына қамшысын шәншіп, соған да теріс қаратып, Бөжейдің қысқы түлкі тымағын кигізіпті.

Екі қыз бөліне салысымен мына көлденеңнен қарап тұрған аттыларды көріп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында, ауыл үстінен өтсе, немесе бөгде жүргіншілер жанынан өтсе, қаралы көштің қара жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен.

Бір күліп, жыны қозып алған Оспан бұндай жайдың бәрін қайдан ұқсын.

Өзі ес білгелі, дәл өз үйлерінен өлім шықпаған. Өлімді бұлайша күтуді көрмеген бала бұл жерде ұқтырам десе де ұқпас еді. Оған жаңағы көз алдынан өткен көріністің бәрі ерсі көрінді де соған күлді. Абайдан қорыққанынан басын көтере алмады. Бірақ тайының шоқтығына жабысып жатып көзінің қиығымен сығалап қарап қояды да, екі иіні дірілдеп, шек-сілесі қатады. Алғашқы екі қыз қиыс өтіп, дауыс бастасымен, кейіндеп келе жатқан бес қыз да аттарының басын қатарластырып ап, баяу бастырып отырып, анау екеуінің дауысына қаралы дауыс қосты.

Абай бұларға көз сала беріп, елең етіп, аласұрып қалды. Қамшысының бүлдіргесін саусағына ілген күйде, оң қолын шұғыл көтеріп қап: «Тоқтасаң нетті?» дегендей, өтініш айтқандай. Бірақ, үн қата алмады. Жүрегі лүпілдеп соғып, өңі сұрланып, әлсіз қолын шарасыз халде құла бестінің жалына сылқ түсірді.

Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргені осы.

Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы шолпандай.

Ат үсті жүріс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары - Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазіргі жүзін бір түрлі мағыналы нұрға малғандай. Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр.

Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр. Топ өтіп кете бергенде, өзге төрт қыз үнінің ішінен Тоғжанның өзгеше жібек талды, бөлекше үнін анық естіп аңғарғандай болды.

Шын Тоғжан үні ме? Жоқ, басқа қыздікі ме? Білу қиын болса да, Абайға мынандай топтан жырылған бөлекше сұлу ырғақ Тоғжан көмейінен ғана шығатындай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий