Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жағалай үнсіз тұрған жұрт та тегіс сүйсіне күлді. Тәкежан, өз басы өмірінде мұндай қимыл жасап көрген емес еді.

Оспанның ерлігіне қайран қап:

– Түу, сарамас. Мынау неткен көз жоқ бетбақ еді? - деп, құла бестіні қамшымен бір салды да, желіп кетті. Барлық балалар қоса қозғалған. Ақ тай да қайтадан көндігіп, шаба жөнелді. Оспан тағы да қамшылап борбайлап:

– Аруақ! Аруақ! Масақбай! - деп, асаудың албастысы - Масақбай биешіні аруақтай сыйлайтынын көрсетті. Бағанадан бері Оспанның шын сыйынғаны сол Масақбайдың айла-тәсілдері болатын.

Бүлдірген иісі аңқыған, көк майса шалғыны бар, жасыл беткейде балалар жеміс теріп жатқалы көп боп еді. Күн екінтіге қарай жақындап, адыр-адырдың көлеңкесі молайып, сай-сайларда қоңыр салқын самал соға бастаған. Аттарын тұсап-тұсап тастаған балалар бүлдіргеннің қызығына әлі қанған жоқ. Алғаш кеп түскен бір беттен жылжымаса да, сол алаңның өзінің жемісін де мойыта алған жоқ. Жегеннен асқанды тақия, тымақ, дорба, қалталарға да сықап жатыр.

Бір мезгілде бар баланың құлағына ап-айқын боп дүрілдеген қалың үн келді. Қаулаған өрт, қаптаған қолдың шабысы сияқты.

Балалар елең-елең етісті. Араларындағы үлкені Тәкежан мен Абайға қарасты.

Абай бұл дүбірдің мәнін ұққандай, саспай ғана Шыңғыс жақтағы бір белеске қарап отыр екен. Сол белестің ар жақ деңгейін жалбылап келе жатқан қалың жылқының жоны көрінді. Кең сайға қарай түсіп келе жатыр. Қылаңы көп, шұбартқан жылқы жиі-жиі пысқыра түсіп, жіті басып келеді.

Араларында тай, құлындар кісінейді. Өзге жылқыдан озғындап шығып, ойнақ салып шапқылаған құнан-дөнендер де көрінді. Балалардың тайлары бұл дүбірді байқап, тегіс алағыза бастаған екен. Тұсауларымен қарғып, сол жылқыға қарай тартқысы келгендер бар.

Тай-құнандар бастарын тегіс көтеріп, қос құлақтарын қалың жылқы келе жатқан жаққа қарай қайшыландыра шаншып ап, үйірсек үнмен шұрқырай кісінеді.

Бала атаулы тегіс аттарына жүгірді. Елсіз өңірде көрінген қалың жылқы -көшкен елдің жылқысы екен.

Балалар аттарына мінісіп, беттерін ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы жылқы асқан белден асып, ойға таман түсіп келе жатқан қалың көш көрінді. Ол бес түйені тізген бір көш өзге нөпірдің алдын ала оқшау шықты. Соған тіркес он түйелі, тағы он бес түйелі, сегіз-тоғыз түйелі салқар-салқар көштер бірі артынан бірі шығып, шұбарыта, шұбатылып келеді.

Алғаш өткен жылқының артын ала көп аттылар келеді екен. Қолдарына сойыл, шоқпар, баулы құрық ұстаған еркектер бар. Әредікте томағалы бүркіттерін балдағына қондырып алған ықшам жігіттер де көрінеді.

Бұл топ Абайлар жақындағанша қиыс өте берді. Соның артынан келе жатқан ең алдыңғы үлкен көш Абайдың да, барлық балалардың да көздерін еріксіз тартты.

Бұл көштің айналасын қоршаған аттылар көп, барлығы да әйелдер. Өңшең сәнді киінген қыз-келіншек пен егде тартқан бәйбішелер. Мінген аттары ылғи семіз жорсалар мен келісті бедеулер.

Әйелдердің ер-тұрманы, тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүгендері тегіс жалпақ күміске малынған. Жарық күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етіседі.

Үлкен кештің алдында есік пен төрдей жерде аттарын қатар бастырып бір топ қыз келеді. Тап орталарында ерттеулі күйде бос жетектелген, кекілі күзелген, қара көк ат бар. Сол топтан әнтек кейін үлкен көштің алдын бастап келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбіше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты.

Бұл бастаған он бес түйелі көштің сәні өзгеше көрінді. Бар түйенің үстіне артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қоңыр алаша, қара ала текемет көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара жамылшыларымен баяу ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді.

Көштің түріне таңданып, үнсіз тоқтап қалған балалар тобы мынадай салтанатты көріністің алдын кесіп өте алмады. Енді амалсыз көш өткенше қарап тұратын болды.

Басында бұларға көш адамдарынан көз салған кісі жоқ еді.

Бірақ алдыңғы қыздар тобы енді жақындап, қастарына кеп қалған екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий