Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бастығы Сүйіндік, Байсалдар болып: «Азаға салғаным», «қосқаным», «аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос ат, іңген, жамбы, тай тұяқ, қон тұяқ сияқты бұйымдар атасты. Сүйтіп, кеңес аяғында підиясының өзі талай тоғыз болып саналды. Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді.

Осы таңертеңде, дәл осы кеңесте, мынау қара тіккен ақ үйге бұдан былай мол жасау, қаралы сәнді жасау жиюдың жайы да байланды.

Сүйіндік, Байсал, Байдалы бар, бәрінің үйлерінде, тең, сандықтарында жатқан қаралы қалы кілем, қымбат ішік, өзгеше тон, тұскиіз сияқты асыл бұйымдар тегіс осы үйге әкеліп жиылмақ. Түске жақын ақ үйдің ішіне әзірше жасау қып ілмесе де, ертең өлік шыққан соң ілетін боп барлық септің жасауларын да әкелісіп қойысты.

Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр.

Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол жоқтауларын айтумен отыр.

Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды. Аңыраған ел жер қайысқан қалың нөпір боп кеп, бірнеше күн жыласып, аза салып болды да, ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды. Сүйегін бұл жайлауға қоймай, Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды.

Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды.

БЕЛ-БЕЛЕСТЕ

1

Күн түске жетпей-ақ Бақанас бойы қайнап, шыжып кетті. Аспанда теңгедей бұлт жоқ Бұл атрапта бұлт көрінбегелі және бір тамшы жауын жаумағалы талай күн болды. Шыңғыс сыртының өзге жайлауы қоңыр салқын, жауынды келсе, дәл осы Бақанас суынан оңтүстікке қараған жақ өзгеше бір бүк, ыстық болушы еді. Суы молдығына және көк шалғынымен қатар қарағанды, көкпекті, ақ от, қара отына қарап қоныс етеді. Әйтпесе, мынау теріскендеп қалың қара биіктің арғы сыртынан артық жер жоқ.

Абай үй ішінен қатты пысынап тысқа шыққанда, бұл маңдағы жан иесінің бәрі де ыстықтан мезі боп күйзеліп жүр екен.

Үлкен ақ үйдің жанында жүндес сары ала төбет тілін салақтатып, аузын арандай ашып, қатты солықтайды.

Бойдақ жылқының бәрі жайылысты тастап, сонау биік адырдың басына шығып ап үйездеп тұр.

Өрістен қайтқан қоралы қой да су маңына шұбырып, баурын сызға төсеп, бүйірін соғып жатыр. Жайылысты ойлар емес. Қумаса су қасынан тұрар емес.

Сиыр атаулы Бақанас суынан бөлінген қара су, шалшық суларға кіріп, көлбей-көлбей жатып апты. Бірен-саран оқшау шыққан тайынша, құнажын болса, сәйгелдің қуғынына ұшырап, құтырғандай жосып жүр. Құйрығын шаншып алып, қос танауы делдиіп, екі көзі дәл бір сойғалы жатқандай аларып, ежірейіп ап, жынданғандай жүйткиді.

Барлық жұрт түңліктерін жауып, іргенің көбін белдеуге шейін шалқита көтеріп, түріп тастапты.

Абай қайда барарын білмей, біртүрлі мең-зең боп, есінеп, іші пысып тұрды да өзенге қарай тартты. Мұрнының ұшы тершіп, басынан күн өтіп, Бақанастың ыстығына наразы боп, асығып келеді. Өзен жағасына келсе Оспан, Смағұл бастаған көп кішілеу балалар салқын, мөлдір суда асыр салып, шулап, ойнап, мәре-сәре боп жатыр екен. Абай бұлардың қасынан оқшауырақ кетіп, жалғыз шомыла бастады. Осы жазда малтып үйренген. Бақанастың кең қара суын әрлі-берлі екі жүзіп өтті. Бойы қатты сергіп, көңілденіп ап енді сүңги бастады.

Өзге балалардың шуында Абайдың жұмысы жоқ-ты. Бірақ анадайдан Абайдың сүңгігеніне қызығып тұрған Оспан, бар баланы ертіп келді. Өзін-өзі жалаңаш санына шапалақтап Абайға айқайлап:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий