Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл жұмыс өліктің артын күтудің үлкен бір серті еді. Қара дегені - ұзын найзаның басына тігілген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан болса, сол төрелердің өзді-өз тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы, ала тулы деген төрелердің тұқым-тұқымы, жік-жігі осындайда көрінетін. Ал, қарадан кісі өлсе тудың түсі өліктің жасына қарай болады. Ол жөндерге келгенде, Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана ақылдасты.

Сүйіндік жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі өлсе, ақ болатынын айтып келді де, «Бөжейдей орта жасты кісінің қаралы туы - бір жағы ақ, бір жағы қызыл болу керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту - қара дегені осы еді.

Бөжей өлген күннің ертеңінде тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге өлімнен ерекше күтілетінін жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас беріледі, жыл бойы арты қатты күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады. Бұл әдеттің екінші бір белгісі тағы бар. Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі - доға жал семіз күрең ат. Екіншісі - дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат - Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті - осы жаз басынан байлап жүр еді.

Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп, бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып:

– Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! - десіп, күңіреніп еді.

Өзгеден бұрын бойын жиып алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:

– Жануар-ай, иең кетіп тұл қалдың ғой, сен бейбақ! - деп, жақындап келді де күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен жоғары келтіре, қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды.

Қара көк атқа да соны істеп, тұлдаған екі атты барлық осы өңірдің өзге жылқысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті айтылды. Мынау тұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады.

Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:

– Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің қаралы ер-тұрманы осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осы жануарға жабылсын! - деді. Бұл сөзі байлау еді.

Осыдан соң Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық басты ру, бай ауылдарының мал иелерін алып отырып, Бөжейдің жаназасына, підиясына байлайтын мал-мүліктің әңгімесіне кірісті.

«Өлім - бардың малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжей бай болмасын, бірақ жоқ емес. Әсіресе, ағайын тұрғанда, мынандай шебі бүтін тұқымы тұрғанда, неге жоқ болады! Тіріде тілеуі бір туысқан өлісінде неге ұмытады?

Бет топырағы жасырынбай тұрып қайтып ұмытады?

Осыны айтыспаса да ойламаған ағайын жоқ. Сондықтан олар Бөжейдің өз үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті.

Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тіккен үй, әсіресе өткен-кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан болса, аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргіншісі болсын, баршасы да бұл бір жылдың бойында, ылғи ғана Бөжейдің үйіне түсетін болады. Солардың тие берсіні, тілек батасы Бөжейге сауап. «Өлгендердің артын күту, аруағын күту сол сауабын ойлауда» деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар еске алды.

Сонымен Бөжейдің өз үйінің шығыны әлі алда жатыр. Ол санаусыз көп.

Ендеше мынадай қауырт шығасыны ол үйдің өзіне салмай, бөліп әкету шарт.

Жиылған ағайын ынтымағы сараңдыққа бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан болмаған бай підия және де осы Бөжейдікі болатын болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий