Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жұмабай Бөжей аулынан түнеріп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей жауабына түгел қанды. Бөжей қасында Байдалы, Түсіптер бар еді. Қатыны да Айғыз жағынан есіткендерін жеткізген-ді. Үй ішімен, ағайынымен күңкілдесіп алып, Бөжей Құнанбайға ашулы жауап айтыпты.

– Құнанбай жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы бітті» дей ме екен? Не жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде өзгелер үйелменімен өртенсе де, өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан не шықты. Шашыраған бір ұрығы ма? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, күйдірмесін ағайын! - депті.

Үлкен ызаның сызы жатыр. Тоңы жібімеген араздық қайтадан тағы бір рет:

«Мен арылған жоқпын!» дегендей жота көрсетті.

Құнанбай демігіп тыныс алып, қап-қара боп кетті. Бөжейдің бұл жауабынан Абай да қатты түңілген еді.

– Адамшылық рақым қайда? Өзге емес, ақылсыз, надан қатыны емес, Бөжей өзі өсте ме екен? Көз алдында соншалық жазықсыз нәрестені ұзақ өлімге бұйырып, сол үшін және биттей де шімірікпеу не деген қаттылық? Әншейінде мінезді, мейірбан көрінетін сырты екен ғой. Өзіне сын жетпей, жұртты сынап жүргенде сүйтеді екен ғой. Ендеше, жауығып, қарсыласып, кінәлап жүрген Құнанбайдан қай қасиетімен артты? - деп, аса наразы боп қалды.

Құнанбай бұл арада шешілген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап:

– Менің балам адамзат баласы емес, өштескен қасқырдың күшігіндей көрінгені ғой. Көрге бірге кететін жаулық десеңші мынаны. Аузына осы тірі жүрген ұрпағымның қайсысы түссе де, шайнап тастағалы, көзге шұқып жоқ еткелі отырған түр ғой мынау! Жалғыз-ақ тәуекел! Тостым, күттім артын! - деп, тоқырап қалды.

Осыдан кейін аз күн еткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жаман хабар оқыс келді.

Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Керек десе, Құнанбай аулына, Айғыздай көзі тірі шешесіне хабар да айтпапты. Айғыз бен Ұлжандар есіткенде бүгін қойшыдан есітіп отыр.

Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне шынымен аса қатты ренжіді. Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі тіпті бір қырыс надандық пен қаталдық тәрізді. Бөжей өзі осыны сезген болу керек. Кәмшат елген күні, ол: «Айғызға хабар қылсақ нетеді?» деп, үй ішімен, Байдалымен ақылдасқан еді. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді.

Қопа мен Қаршығалы сияқты қоныстарды Бөкеншіге Жігітектен алып бергеннен бері, қазір міне күн сайын көші-қоң да, жайылыс-өріс, биебау да даулы болып тату ағайым тоңырайысып барады.

Байдалы, Түсіптер күнде көріп, күнде сезіп: «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ екен, қолтығымыздан шығарып алмасақ екен» деп, дамылсыз күдіктеніп отыратын болған. Сол мазасыздықтың өзі де Құнанбайға бұларды өшіктіріп отырған. Бұл жайдың бәрін танып сезген Бөжей Құнанбайға қатты ашулы еді.

Кәмшат жайы осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдің рақымсыз боп жүргені рас.

Абай көңілінде Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін айыптаған үкімге ақтау жоқ. Үлкенмен араздық, дәл бұндай адамшылық ар сыналатын жерге арашашы бола алмайды.

Хабар-ошарсыз Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қатуланды. Астыртын хабармен Құнанбайдың үлкен аулына Ырғызбай, Топай, Жуантаяқтардың көп ірі кісілері жиналып қалған. Солардың тобына Құнанбай Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып отырып, тағы кісі жіберді.

Бұл жолы Жігітекке барған Жұмабай емес, Ызғұтты мен Жақып.

Құнанбайдың жан күйер жақындары.

Бөжейге кеп:

– Бұ не қылғаның? Шабындыдан келген күң бе еді? Құнанбайдың бел баласы, оң көзі емес пе еді? Тым құрыса іштен шыққан анасына хабар айтып, топырақ бұйыртсаң етті! Бұ не деген білместік, не деген өштік? - деп сөйледі Ызғұтты.

Бөжей мен Байдалы, Түсіп бірігіп отырып жауап берді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий