Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Құлыншақ аулы он шақты үй. Бүгін осындай Құнанбай жағынан келетін бір келісті ерекше аңдып күткендей. Ауыл желкесіндегі тақыр қызыл кезеңге төрт атты қатты желіп шыққанда Құлыншақ төбе басында, «бес қасқа» деген балаларының ортасында отыр еді. Елең етіп көрді де:

– Әне келе жатыр! Құнанбай кісісінің алды осы! - деді.

– Жүрісі суық екен! - деп, бес қасқанын үлкені Тұрсынбай да көз тікті.

– Жә, енді не отырыс бар? Біреуің тез бар да, Пұшарбайға хабар айт!

Алысқа хабар етер жайым жоқ. Пұшарбай барлық Көтібаққа білдірсін! - деп, Құлыншақ бастағанда:

– Е, Жігітек, Бөкеншіге де солар жеткізеді.

– Көшіріп алуға жарайтын болса, жетсін тегіс!

– Уәделері шын болса, осы іңірде табылсын! - десіп, Құлыншақтың айналасын қоршап отырған Тұрсынбай, Садырбай, Мұңсызбай, Наданбай сияқты төрт ұлы қостай қоя берді. Бес қасқаның біріне Манас қосылатын. Ол бәрінен жас. Тегінде Құлыншақтың өз баласы емес, ерте ер жеткен немере, анау Тұрсынбайдың баласы еді. Манас үлкендердің әмірін күткені болмаса, өзі үн қатқан жоқ.

Жаңағы бәрінің айтқан бұйрығы соған қарай айтылып еді. Пұшарбай аулына хабаршыға тез кететін болып, Манас тек қана мына келе жатқан төрт аттының келісін күтті.

Майбасарлар Құлыншақ үйінің сыртына кеп тоқтағанда төбе басындағылар да жетіп еді.

Екі топ ақырын ғана салқын амандасты.

Бірақ келгендерді тыста бөгемей, Тұрсынбай бастап:

– Үйге жүріңдер! - деді. Тегіс ертіп, үлкен үйге кіргізді.

Сол кезде Манас тыста жалғыз қап, шеткі отаудың тасасында тұрған бөрте атқа мініп алып, Қарауыл жаққа қарай дүсірлете жөнелді. «Келе жатқан кім екен?» деп тосып еді, ішінде Майбасардың өзі барын көрген соң, енді аялдайтын дәнеңе жоқ.

Майбасар бұл үйге ашулы пішінмен кірді. Белін шешпей, көк елтірі тымақтың бір құлағын жымырайта киіп ап, қамшысын қос бүктеп, мықынына таянып отырып, Құлыншақтарға ызғарлана қарады. Түсі сұрланып, екі танауы желбірей түсіп, тентек көздері жиреніш отын шашып отыр.

Отыра бере, Құлыншаққа қадалып:

– Жә, ағайын, бұл қайткенің, атшабарымды неге сабайсың? Теріс болса арыз айтар жер таппадың ба? Тым құрыса мырзаның алдынан бір өтсең нетті?

Оған да сенбей, оған да жоныңды көрсетейін дедің бе? Жуандығыңды көрсетейін дегенің бе? Кеше ғана қатарда қолтықта жүрген туысқан емес пе ең?

Жөніңді айт, бетіме айтшы кәне! «Сонысын өз аузынан естіп кел» деп жіберді мырза. Мына баласы Құдайбердіні әдейі қосып отыр қасыма, - деді. Үй ортасында бықси жанып тұрған сары қидың отына шырт түкірді де, Майбасар Құлыншаққа бұрылып алды.

Бес қасқаның төртеуі төмен қарап томсарып, түк естімегендей жым-жырт отыр. Мұңсызбай мен Наданбай тіпті басылып отырған да жоқ. Анадай жерде, арқаларын керегеге сүйеп, жүресінен отыр. Жондарын сыртқары қаратып, тұмсықтарын шекпен күнінің жағасына тығып апты.

Құлыншақ өзінің жер төсегінің үстінде отыр еді. Соның дәл қасында, төменірек отырған Садырбай ғана Майбасардан көз алмай, суық қарайды.

Құлыншақ азырақ көзін жұмып отырды да:

– Атшабарыңның сабалғанын айтасың. Жарықтығым Майбасар, басыма сырық, малыма құрық сілтеген өз қылығыңды, осы Майбасар қылығын сен неге айтпайсың? Мырза көрсе, әуелі соны неге көрмейді. Сені неге тергемейді? -деді.

– Теріс жайылма! Теріс көшпе, оңға көш, ақсақал! Мен кінәласқалы, арылғалы келдім!..

– Теріс көшпе деймісің? Жоқ, мен көшкелі отырмын. Сенен ажырап, ана жаны ашитын ағайынның ортасына көшкелі отырмын!

Оныңа ырзалығым, рұқсатым жоқ! Көшпесін, кетпесін, ұғысамын Торғаймен деп, сәлем айтты мырза.

– Сәлемет болсын! Бірақ, енді бақыл болсын, мен көшем!

– Неге, не көрінді, ақсақал?! - деп, осы арада Құдайберді сөзге кіріп: -«Бұл көшу, исі Торғайды маған жат қылам деген көшу ғой. Кінәлассын, айтысатынын айтсын, тіпті алмағын алсын, олқысын атасын. Бірақ көшуден тыйылсын, бармасын жауыма!» деді менің әкем, - деп еді.

Майбасар Құлыншақты тоспай киіп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий