Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Көптен бүйтіп насырға шауып көрмеген үлкен жойқын соғыс, үшінші күнге қарай кетіп еді. Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей атпал азаматқа ең жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына, тегіс сойылдарын тастатып, айбалта, найза бергізді. Екі күндей жеңгізбеген Жігітекке қаны қайнап, өшігіп өршеленіп алған. Енді қан шығара соқтықпақ болды. Қолы қатты, кегі күшті Құнанбай жеңгенде осымен жеңбек.

Әуелі сойыл, шоқпарлы кісілерін күндегідей жіберіп, әдейі қаша ұрыс салдырып тұрды. Ана жақтың өлермендерін екілендіріп, қоздырып алмақ.

Айтқандай, Жігітек, Көтібақпен екшеліп шығып, екпіндей қуатын айнымас топтар айқынданып қалды. Оның басы Балағаз, Құлыншақтың «бес қасқасы».

Көтібақтан Пұшарбай, Қареке дегендер. Осылар бір рет Құнанбай тұрған төбеге таман аса басымдап етпеттеп келген кезде бағанадан тасада ұстап тұрған ірікті тобын Құнанбай қаптатып кеп қосып жіберді. Өзі де шауып еді.

Айбалталы, найзалы топтың басы ер Ызғұтты болатын. Бұлар араласты да, Жігітек жағын еріксіз қашырып, бастыра жөнелді. Қуа соғысқанда он шақты жігітті шаншып түсірді. Ызғұтты өз қолындағы айбалтамен Пұшарбайды кезей қуып еді. Арадан қорғамақ болған Қареке кеп киліккенде, Ызғұтты соны құлаштап кеп, бастан шапты. Жасқанып қалған Қарекенің дәл басына айбалта тимеді, бірақ мұрнын шауып түсті. Омырауының бәрін ағыл-тегіл қан жапқан Қареке Пұшарбайдың көз алдында шауып келе жатып, жұмарлана құлады.

Жігітектер құтқара да алмады. Жасқанып қаша берді. Жау қаштының алды осы.

Құнанбай енді бастырып омыраулап, «Бар Жігітек қолын қашырамын» деп, екпіндеп келе жатыр.

Бірақ дәл осы кезде Жігітек қолының арт жағындағы Ақадыр жақтан қалың будақ шаң шықты. Шаң ғана емес, адырдың құлай берісінен селдей қаптап, жосытып келе жатқан қалың қол екен.

Алдында «Жігітек Қоңырға кісі шаптырыпты. Мамай көп жасағымен келеді деп дәмеленіп тұр!» деген сыбысты Құнанбай жағы бір жансыздан есіткен-ді. Мамай келсе, Жігітек жағы басымдап кеткелі тұр. Бүгінгі күннің үлкен қаупі сол. Жаңа ғана Құнанбай айласы іске асып, жауды жыпыра бергенде, мына Мамайдың қолы көрініп қалғаны қуғыншылардың жүрегін қатты шайлықтырды. Ызғұттылар еріксіз іркіліп тартына берді. Үйткені анау таудан ағылған нөпірдің сан мөлшері де бір бес жүзден кем емес.

Құнанбай қолы тоқтап қалды. Тоқтасымен кейін сырғи берді. Бірақ бұған орай, Жігітек те өршеленіп қайта қумады.

Қызып соғысатын кезде екі жақ жай ғана айрылысты. Құнанбай бұл күні қатты алданғанын білген жоқ. Білсе, ол жаңағы қаптаған бетінде Жігітекті жеңетін еді.

Үшінші күнгі соғыста, Құнанбай тәсіл ойлаған кезде, Байдалы да бір есеп тапқан. Осы үшінші күнді ол да жеңіс күніне айналдырам деп ойлаған.

Сонымен, бір жақтан «Қоңыр келеді!» деген дақбыртты таратып жатып, екіншіден, өздерінің жақын ауылдарының барлық түйесін жиғызып ап, қырғын соғыс үстінде, Ақадырдан қатты қудырып, құлата айдатқан болатын. Жаңағы Құнанбай жағын тайсалдырған қалың сел, қол емес, сол түйелер екен.

Оны білген Құнанбай жоқ. Қатты шабуылдан Құнанбайлардың өздері іркіліп қайтқан соң, оларды қайта қууға Жігітек қолында найза, айбалта аз болған соң, Байдалы өз кісілерін арандатпады.

Сонымен, үшінші күннің кешінде «Мұсақұл соғысы» аяқталды. Аяқтағанда, Құнанбай жеңе алмай, Жігітек болса қарсыласуға, белдесуге әбден жарайтынын көрсетіп аяқтады. Қол қимылы үнемі ем болмайтыны көрінді. Қарсысына шыққан елдің мықты шебінен Құнанбайдың жүрегі шайлығып қалды.

Жұлысқан майдан тарқады. Бірақ, екі жақтың да гуілдеген сөздер, дақпырт-лақабы, қызу кеңес, ұзақ әңгімелері «лау-лау» етіп, атраптың баршасына тарап жатты.

Дәл соғыстың басшылары - Жігітек пен Құнанбай жағын алғанда Байдалылар басымдай сөйлеп, шоқтықтанып қалғандай. Құнанбай айналасы көбінше үнсіз. Суық ашумен томсарып, томырылған тәрізді. Осының өзі де бұл жақтың ойдағысы болмағанына айғақ.

Ендігі істің айласы не? Тулап шығып, шаншып алысқан елді қалай бағындырмақ керек? Құнанбай осы ойлардың соңында.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий