Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осымен көпті таратып жіберді де, Жақып пен Майбасар, Ызғұттыны ғана оңаша алып қалып, ендігі дәнекер болатын кісілерді айтты.

Жауға жалынбақ оңай емес, Байдалының өздеріне тура бара ма? Ол кішірейген үстіне, ерекше бататын қорлық. Бірақ мынау ақыл таппас ағайын соған да барып қалуға болады.

Сол жағын ескерген Құнанбай араға түсетін кісілерді атап берді... Бұның бірі - Тоғалақ ішіндегі мықты жас Байғұлақ. Екіншісі - Құнанбайға араз болса да, кеше Жігітектің жасағына келмей қалған Көкше - Қаратай. Ара ағайын деп осы екеуін алу керек. Байдалыға соларды салу қажет. Байлау осы болды.

Тегінде бұл екеуінің қиыны Қаратай еді. Оның Құнанбайға дос боп жүріп, қатты өкпелеп кеткені бар. Сол Қаратайға айт деп, Құнанбай бір сәлем жолдады.

Сәлемі:

– Өлмесек әлі талай көрісерміз. Тіріге тірінің ісі түсетін күндер болар.

Көрісуге күн жақсы болсын! Айтарым сол-ақ, - деген.

Келесі күн Құнанбай ауыл, ауданымен, бала-шағаларымен үндемей көрісті де, ұлықтарға еріп, атқа мінді. Қасына ерткен бес жігіті бар. Соның ішіндегі ең сенімдісі Мырзахан. Бұл бала күннен Құнанбайдың жігіті боп, қабысып кеткен адам. Аянар жаны жоқ. Тұқымы Ескене деген алыс ру болса да, қысталаңда Құнанбайдың анық сенетін жігіті осы.

Құнанбай ел ішінен жүріп кетті. Ұлықтар да тегіс кетті. Бірақ, кешегі осы елдің ұлығы болған аға сұлтанға енді не істейтінін айтпай кетті. Түсіре ме, тіпті орнында қалдыра ма? Онысын да сездірген жоқ. Байдалылар барын салып, тым құрса осы жағын білмек еді.

Бірақ, әйтеуір, кеше ел шауып ығыр қып отырған Құнанбай өз ықтиярынсыз дуанға шақыртылып кетіп отыр. Соғысқан, белдескен күнінде жеңе алмай қалғаны тағы бар.

Осының өзі де Жігітек, Бөкеншіні қатты қуантқан. Қазіргі күндер - ол рулардың үсті наурыз күніндей мәра-сәра. Айтшыласқан елдей ойнақ салу, бала-шаға емес, үлкендердің өздеріне де пайда болды.

Бірлесіп қарсылық көрсеткен үш ру ел біржолата қойындасып, құшақтаса араласып жатыр.

Осымен қатар: «Құнанбайды елге қайтартпаймыз, айдатамыз, үстінен арызды айдап, су түбіне біржолата кетіреміз, Бөжей кегін аламыз! Өлі аруақ қарғысын мұның басына жеткіземіз!» деген ызғар, қайрат та күшті. Арыз, піргауарларын қамдатып, тағы сол Түсіпті жөнелтпек болысып та жатқан.

Бірақ осы кезде Қаратай, Байғұлақ кеп килікті. Арлы-берлі көп ырғап, көп қажап кеп, арыз дегенді тоқтаттыратын болды.

Жігітек сөзінің иесі Байдалы еді.

Қаратай соған ауыр салмақ салып, асылып кеп:

– Тынбаймын дегенді мақұлдамаймыз. Ара ағайын біз келіп отырмыз. Бұл тынымсыздық Құнанбайды өкіндіріп отыр, әнекей! Одан жер ал! Есесі кетіп ойсырап қалған елдеріңнің қызылын толтыр! - деген.

Осы сөздер екі-үш күнге созылып, көп ырғаққа түсіп жүрді де, ақыры сол Қаратайдың дегені болды.

Байдалы, бірақ жер жағынан ойдағысын бұйырды. Құнанбайдың он жыл бойында, тірнектеп жүріп тартып алған жерлерінен дәл он бес қыстау қайтып алды. Жігітек, Көтібақ, Бөкенші, Торғай - бәрі де, әлденеше қоныс, қыстаулардан алысты. Алғанмен, сол төрт рудың ру басылары және малды, жуан ауылдары алатын қыстаулар боп шықты. «Көптің дерті, көптің жоғы» деген «мұңның» бәрі, тоқырау жерде сол Байдалы, Байсал, Сүйіндіктердің өздерінің қыстау басуымен аяқталған. Оған орай көпті малмен, сойыспен, ат майы және тайынша-торпақ, соғыммен ырзалаған болысты. Бұл ретте берілетін мал-мүлікті Ырғызбай түгел бөлісіп көтерген.

Құнанбай кеткен соң он шақты күн өткенде, бұндағы елдің арасы осылай боп, өзінше тыныштана бастады да, арттан қуа кеткен арыз болмады. Қыстау алып, мал алған ру басылар енді елдеріне осы жеңістерінің өзін де қуаныш деп қайта таратты, мол таратты. Арада тағы да әлденеше көкқасқа айтып, күндіз-түн көл-көсір қып мал сойып, қалжыңға, күлкі айғайға, ән, жырға бөленіп, ұзақ қызық көріп жатты.

3

Ұрыс-қағыс басылып, тіршілік сабасына келгелі жұрт Жидебай, Мұсақұл сияқты қыстаулардан кетіп, ойға қарай ілгерілеп, көшіп келе жатқан.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий