Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Жібердік» деп, Омбыға «үкілі почта» жөнелтіп, Майыр өзі де қағаздарды алып ілесе шықпақ. Содан арғысының есебі жолда табылмақ. Жолдан қалса Омбының өзінде бітпек. Қалай да осы Майыр өзі барып құтқарып қайтпаққа серт етті.

Сонымен Құнанбай жүріп кетті. Көлігін, жылы шанасын, жол азығын, қос аттарын шетінен ортан қолдай қып сайлап алды. Қойын-қонышқа ақшаны да сықап алды. Құнанбай қасына үш жігіт ертіп, тартып кетті.

Бірақ не дегенмен Омбыға қарай беттегелі Құнанбай көңілінде күдік көп.

Әсіресе, діні бөлек, сыры бөлек Майыр ғой деп, параны көп алса да, көп уәде берсе де, сол Майырдың өзіне сенбейтін. Дәл кетерінде Алшынбай мен Тінібекке:

– Соған, сол жағына ұқып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып арылыңдар да, менің артымнан шапқыншы жіберіп, хабар етіңдер! - деген.

Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жігіті Көккөз дәл үшінші күні Құнанбайды қуып жетті. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр еді. Шапқыншы қос атпен салт қуып келіпті. Екі құла айғырдың қалың жалдары төгіліп, ұзын кекіл мен күлте құйрық бәрі де қырауытып, шаңыта түсіп, көпсіп тұр. Бауыр мен жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен.

Көккөз Құнанбайды шанадан өзі түсіріп, қолтықтап оқшау шығарып алды да, көп күбірлесіп, бар сәлемді айтып берді. Аздан соң бұл жігіт оң сапарды көп-көп тілеп қала беріп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелді.

Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны:

– Майырды Керекуде тосыңдар! Тосып алып, содан әрі бірге тартыңдар! -деді.

– Өзі әйтеуір, азбай ма екен? - деп, Мырзахан қадалып еді.

– Азбас! Азып сонша не бопты? - деп, біраз отыра түсіп, - бірақ әлі өзіміз көрсететін бір қайрат та бар. Дер кезінде айтармын. Беліңді әрдайым бекем буғайсың! - деді.

Майырдың ниеті дұрыс болғанда, осы Омбыға жүргізгені қалай екенін Мырзахан түсінбеуші еді. Оған Құнанбай:

– Солай істелу керек! Көрпіс алдында әмірін орындап, мені жүргізгенін, өзі де шыққанын, айтқанды екі қылмағанын таныту керек. Ақталып қайтатын болса, кісіге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдік көрме! - деген.

Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жетті.

Келген күні кешке ол Құнанбайды өзі түскен пәтеріне шақырыпты. Құнанбай қасына жалғыз Мырзаханды ертіп барған.

Майыр Керекудегі өзінің жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестікіне түскен.

Үй иелерінен бөлек, оңаша сәнді бөлмеде Майыр Құнанбай мен Мырзаханды қабыл алды. Өзі Қарқаралыда тілмәш ұстағанмен, қазақшаға ысылып қалған болатын.

– Ал, Өскенбайыш мырза, енді сені айыптайтын қағаздарды көрмексің ғой, солай емес пе? - деді.

– Көрсет енді! Тек бірін қалдырмай, бәрін көрсетші!..

– О-о, мен көрсетем! Мен сені алдамаймын, Алшынбайға уәде бергем, көрсетем! - деп есікті бекітіп, жол сөмкесін ашып қойып, будақ-будақ қағаздар шығарды. Қат-қатқып, кітапша етіп тігіп, тізіп тастапты. Бір құшақтай болды.

Осы қағаздарды шығара берген кезде Құнанбай тоңған кісі тәрізденіп, қалтырай түсіп екі алақанын уқалап:

– Майыр, осы үйің суық па, тоңып отырмын. От жаққызшы! - деді.

Майыр азырақ ойлана қарап тұрды да, күтуші малайды шақырып, бұйрық берді.

Қызметші үйге отын кіргізіп, пештің қақпағын ашып, маздатып жағып жіберді. Бұл кезде Майыр екі бөтелке коньяк алып, закускасын шығарып, Құнанбайға ұсына түсіп іше бастады.

Құнанбай Мырзаханға ішкізіп, өзі Майырға: «Іш-іш» деп, ұсына түсіп, әңгімені созып отырды. Аздан соң пештің іші лаулай жанып қызыл шоққа айналып келе жатыр екен. Бұл уақытта Майыр коньякты көбірек қарбытып жіберіп, масая бастап еді.

Құнанбай үстел үстіндегі қағаздарды бір түртіп қойып:

– Майыр, екеуміз бірге де талай істестік. Дәм-тұзымыз араласты ғой. Енді мені айыптайтын басқа қағаздарың болса, бәрін түгел шығар! Түгел көрсет!

Тамырлығым сол болсын! - деді. Майыр:

– Жоқ енді Өскенбайыш, құдай бар ғой... бәрі осы! Бір де қағаз қалған жоқ!

– деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий