Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қар кетіп, көк алғаш тебіндеп шығып, жер дегди бастағанда Құнанбай Қарқаралыдан шығып, Тобықтыға қайтты. Ендігі қайтысында Тобықтының старшыны Майбасарды орнынан түсіріп, соның орнына өзі сайланып қайтып келе жатыр.

Бұл хабары да Құнанбай дуаннан шықпай-ақ ауыл-аймағына жеткен болатын.

4

Осы көктемде Абай көңілі бар дүниенің дырдуынан, бар адамның реніш, қуанышынан оқшау кеткен, оңашаланып кеткен бір өзгеше құпия сырдың соңында еді. Сол сырына Абай бар жүрегімен, бар қиял сезімімен шомған болатын. Домбырамен, хатпен де талай шыншыл жыр айтты. Жыр емес, жас жүректің тебіреніп толқыған сырын айтты. Бірақ, ол ғана емес, айтылған жыр аз ғана. Айтқанының бәрі, көңілінің бары емес. Әлдеқайда бері жатыр. Егер көкірегін ақтарып, іште барын көрер, тыңдар, ілтипат етер жар болса, айтылып болмас, тілмен жетпес әсем саз, шерлі наз сонда жатушы еді. Ойда барын жеткізе алмай, кеудеде тыныс біткендей құста болған шағында, Абай қатты сенделіп қиналып кетіп: - Япырмау, қайтем енді? Қол шорқақ, тіл мақау! -дейтін. Көңіл сезгенін, тым құрса өзгенің көзін иландырардай қып айта алмағанына күйеді.

Сол айтылған, жазылған жырлар әлі күнге Абайдың өзінде, өз бойында.

Аталған, арналған жеріне бірде-бірі жеткен жоқ. Үміт бар ма? О да жоқ! Тек жалғыз шерленіп, тебіренеді. Тек жалғыз қиял медеуі құлаққа кеп ап-айқын соғып, бір жақындап, бір алыстап кететін шолпы сылдыры. Атқан таңның аққызыл шапағындай, үлбіреген алқызыл шұғыласы. Көз алдынан сол жүз кетпейді. Ұмыттырмайды, тастамайды.

Күн жылынып, қар кетуге айналып, мейрімді анадай жарқыраған жақсы күн келгенде, Абай тақат қыла алмай, атын ерттеп міне сап, бет қараған жаққа таман жортып кететін. Болымсыз сылтауы сары тазы. Ауылдан шығып ап, кейде ағызып, шауып жөнеледі. Қоянға тазының өзі іздеп жүріп кездеседі. Абай оның әрекетін әрберден соң ұмытып та кетеді.

Кейде сары тазыны жоғалтып алып, анда-санда есіне бір-ақ түсіріп, айғайлап шақырған болады. Тазысы қалың қорық ішінен кей уақыт қоянды айдап шығып жазыққа шығарып, көсілте қуғанға да, Абай аңырып, түсінбегендей боп, сілейіп қарап тұрып қалады.

Тағы бір кезде, көз алдында қоянды ұйпалақтап, жетіп соғып, тосып тұрған тазыға қарамастан, қасынан салғырт өте береді.

Әдетте иесі түсе қап айрып алатын еді, жегізбейтін еді. Сары тазы енді таңқалып тұрып, ақырында Абай ұзап кете бастаса, тынышсызданып, үре бастайды. Оның да әсері болмайды. Тазы бұл мінезді тіпті түсінбей, аласұрып, мазасызданып иесіне бір ұмтылып, қоянға қарай бір шауып, өз еңбегінің соншалық қадірсіз болғанына қатты қиналғандай болады. Абай бұл уақытта да шіміркенбейді. Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды.

Бірақ көңіліндегі күйінің желісін үзбейді. Ұзақ сұлу әнді елти сүйіп жырлағандай боп, ұсына береді.

Қарсылай соққан қоңыр жел былтырдан қалған сар көденің басын изетіп, бұралып ессе, Абай тымағын алып, маңдайын төсеп, ұзақ тұрады. Шыңғыстан, Түйеөркеш, Қарауыл жақтан соққан жел де бір жақындық леп әкелгендей бола ма? Бейіс үстінен соғып өткен райыс, шафқат желіндей еміренте ме? Рас, сүйткендей болады.

Бір күні тағы да барлық пен бұлдыр арасындай, тірлік пен қиял арасындай бір түс толқынының құшағында жапа-жалғыз тұрғанда қасына бір салт атты желіп келді.

Жапан түзде оқшау келген жолаушы Абайды селт еткізіп, оятқандай болды.

Байқаса, бір бөгде адам. Жас жігіт. Абай өзі қорықтың шетінде бір қыратқа таман шығып тұр еді. Жат жолаушыға суық қарады. Бірақ анау жігіт жымиып, танығандай боп жылы ұшырап келеді. Жете бере, Абай атын атап амандасты.

Абай енді ғана таныды. Тани сала, екі беті ду етіп, қып-қызыл боп қуанып кетті.

Бұл былтырғы Тоғжан аулынан қайтарда Абай танысқан Ербол екен.

Өзінің кенет өзгергенінен Абай қысылып қалды.

Бірақ Ербол мұның өзгерісін байқамаған екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий