Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Анығында Қарқаралыға жаңа аға сұлтан сайланған, Ол бұрын бір болып түсіп қалған Бөкей төренің нәсілі Құсбек. Бұл қайта болысымен, Құнанбайға жақсы қараған жоқ. Өткен сайлаудан қалған кегі бар.

Және тегінде Баймұрын арқылы Бөжей жағын ұстанып келген кісі.

Аға сұлтандар ауысса да, Майыр ауыспаған. Ол да Құнанбайға оң қарамаған кісінің бірі болатын. Осы екеуі Құнанбай ісін күзден бері созып, астыртын шолақ қағаздармен бірге Омбыға, көрпіске беттетіп жатқан. Тергеуді Құнанбайдың өзіне білдірмей, солай ауыстырмақ. Олай әкетсе, Құнанбайдың айдалуы да ғажап емес.

Осы жайын бірер айда анық сезген Құнанбай Қарқаралыдағы жанашыры Алшынбай сияқты кісілерді іске қосты.

Араға Алшынбай кіріскен соң, істің бетін Құсбек жеңілге саймақ боп, босаңси бастады. Бірақ кетіп қалған азын-аулақ қағаз бар. Омбыдан келген шенеунік пен көмейі кең Майыр бар. Осылардың бабын табуды Алшынбайдың өзіне тапсырған. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз. Қыс түсіп, мал арзандады. Семізін елден алғызуға жер мойны қашық. Құнанбай да, Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда, Семейдің үлкен саудагері Тінібек бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терісін бір өзі баурап, жиып алғызбаққа келіпті.

Тінібек Құнанбай мен Алшынбайды ел-елдің ішіндегі өз саудасына керек, мықты тірек деп санайтын. Несиеге бұл беріп, қойын - торпақ, торпағын - өгіз ғып, қызыл елтірісін құнан қой қып елден жиып алу үшін, бұл саудагер сол елдің жуандарына сүйенбекке керек. Тартып та, қорқытып та алып беретін солар. Құнанбайға осы ретпен бейімделуден басқа, былтыр Семейде Тінібек құда болайық, жақындасайық деп те бір қолқа салған.

Ол кезде Құнанбай қаланың саудагеріне қыз беруді намыс көрді. Жұрттың:

«Аталы жерге бермеді, бұлға берді» деген өсегі болар деп те қорықты.

Жарытып жауап бермей, құр дәмелендіріп қана кеткен.

Қазір ақшадан қысылған Құнанбайға Тінібек сол сөзін қайта салды.

Алшынбай араға жүріп, екі жағын құда қылды. Құнанбай Мәкіш деген қызын Тінібектің баласына атастыратын болды.

Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай бастаған.

«Омбыдан келген Чернов деген шенеунік қиын бола ма, сол алмай жүре ме?» деп, Құнанбай күдік қып еді.

Алшынбай мен Қасқа тілмәш екі кеш оңаша айналдырып, қонақ қылды да, жақсы хабар әкелді. Алшынбай күліп келіп:

– Күзден бері осыны бір қанды қақпан көріп жүр ем. Тілеуің бергір, құлқын осыныкі екен ғой. Көзді жұмып қылғи беретіннің өзі осы боп шықты. Тіпті талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді, қыл-қыбырды қоса жұтқызсаң да е-е дер емес! - деген.

Сонымен Құнанбай ісі пара арқылы ұшталып болды да, ем-дем істеліп жетіп, енді қағаз атаулының тоқталып жойылуы ғана қалып еді. Дәл осы кезде Омбыдан бұйрық сап еткен-ді. Бұрын жіберілген болымсыз қағаздар жөнінен көрпіс Құнанбайды және оның барлық «жұмысын» Омбыға әкел деп Майырға бұйырыпты.

Қарқаралының пара жеп қойған бұл ұлығы енді қатты қысылды.

Құнанбайдың Омбыға жүруі даусыз болды. Осы ортада Құнанбай өз аулына тағы да кісі шаптырған. Ел іші Құнанбай Омбыға кетеді екен дегенді естігенде айдалды, жазаланды деп түсінді. Жігітек, Бөкеншілер: «Құнанбай кесіліп кетіпті. Итжеккенге барады» деп бір сөйлеп: «жоқ, Тескен тауға, Темірқан шораға кетеді» деп бір лаулап, неше саққа мінгізіп жатты.

Құнанбай дәл өзінің үйлеріне және әсіресе, шешесіне сәлем айтып:

«Қорықпасын! Бір сапар барып қайтсам да, түбі қайыр болар!» деген.

Жалғыз-ақ, Құнанбай не десе де, осы хабардан соң Зеренің күрсіні күшейді.

Үндемес уайымы, ұзақ намазы көбейді. «Жалғыз... жалғыз-ақ еді сорлы...» деп, кейде намаз арасында байқамай, «күбір» етіп дауыстап сөйлеп те қояды Алшынбай, Майыр, Чернов және Тінібек төртеуі Омбы бұйрығы келген соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий