Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әр ру, әр ауыл өзді-өз күзектеріне қонып жатыр. Жайлаудай, қыстаудай емес, енді, тарап қонысатын болған. Бұл кезде, оқта-текте болмаса, қалың ауылдар азырақ кездеседі.

Құнанбай ауылдары да бір-бірінен шанжау-шанжау болатын. Тобықтының кең өріс, мол дала, көп адырлары осы «бауыр» деген күзекте. Күзектің ақ от, қара отын қыс түспей малға жақсылап жегізіп, тойынта түсу үшін, ауыл-ауылдар шашырай қонғанды тілейді.

Зеренің ауылы биылғы күзекке жылдағыдай ұзап кетпеді. Жидебайдан үш көшіп Есембайға жетті де «Күземді осында алып, қыстауға ерте қайтамыз» деп, жұрттың бәрінен кейіндеп қалған.

Биылғы күз аса салқын. Қара суық желі де, бұлыңғыр жауыны да ерте иектеп, мезгілсіз бүрсеңдеп тұр. Қыс ызғары ерте білінетін болса, қыстауға жақын отырған артық. Ұлжан кәрі енесі мен балаларының жайын ойлап, әдейі осылай тартынып қалған. Қастарында көрші елден үш қана шағын ауыл бар.

Абай әкесі кеткелі үйден шаққан жоқ Бірақ Жігітек жағының желігін, асыр-сауығын, мәз-мерекесін естіп жүрген. Ырғызбай жағынан тиген он бес қыстауды азулы мықтылар басқанын бір есітті. Артынан тағы да сол жуандардың өздері, ішін-ара әлі ұғыса алмай, енді бірінен бірі қызғанысып, қырбайласып қалып жүр дегенді де есіткен. Бұндай хабарларға Абай біртүрлі сыншы үлкен жанша қарап, наразы боп күлуші еді.

Бөжей намысын қуғандары шын болса, ол намыс, ол ар деген нәрселер оңай ма еді?

Сондай кірсіз, шетін, ақ нәрсені жермен, қыстаумен емдеуге бола ма екен?

«Ел жылады... Елдің белі талды. Көп қысылды» дегендері кәні? Абай осыны да көп ойлап, аса бір қиналып, қысылушы еді. Ақыры ол шерудің барлығы осы адамдардың өз жемсауын тойдырса тыпа-тыныш басыла қалады екен.

Осындайларды қазып ойлап, Абай осы күзде бар үлкеннің шама-шарқын танып алды. Таныған сайын басын шайқап, қыжалданып қояды. Көбінесе, тани тыңдап, мысқыл ете күледі. Сол себепті: «Жігітек масайрап, шат-шадыман боп жатыр. Біз мырзаның артында жабырқап, уайым ойлап отырғанда, олар сүйсініп, ойнақ сап жатыр!» - деп Ырғызбай кісілері қорланған уақытта, кіжініп, күйген уақытта да Абай оншалық шіміркенбейтін. Әсіресе, күйік шегіп, қызғанбайды.

Көбінше үндемей, езу тарта береді. Осындай, бір оқ өтпес сауыт тауып кигендей. Көптен бөлек, өзінше оқшау, қатаң өсіп келе жатқан тәрізді.

Соңғы күндер көбінше домбыра алып, мөлдір күйлер, сұлу әндер тарта беруші еді.

Бүгін кеште де ат үстінде біраз жүріп кеп, шешелерінің үйіне кіріп, Ғабитхан, Тәкежан, Оспан және бірнеше малшылар отырған уақытта домбыраны қолға алды. Ширақ тартып отырып, бір кезде аса бір өткір мысқылы бар, қызық өлең айтып шықты.

Сөзі ұнап қалды білем. Ұлжан: «Бұл кімнің өлеңі екен өзі?» деп еді. Абай жай, шындап қана:

– Байкөкшенікі! Сол айтыпты! - деді.

Өлең Байкөкшенікі емес, өзінікі болатын.

Осы күз бойы, әсіресе, қыс түсіп, Жидебайға тамға орныққан соң, Абай домбыраға қатты зер салды. Біткенбай домбырашы, Тәттімбет домбырашы деген атақты күйшілердің тартысына салып, бұған домбыра үйрететін кәрі күйшілер табылды.

Бір жағынан домбыра үйрене жүріп, Абай осы кездерде Байкөкше айтты деген әлденеше мысқыл, әзіл өлеңдер естіртіп қойып жүрді. Қыстауға келісімен Ғабитхан молда Оспан мен Смағұлды қайта жиып оқу бастаған.

Абай солар қасында ұзақ отырып, кітап оқиды. Кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды оқып-оқып кеп, өзі де қағаз, қарындаш алып, соларша бірдемелер жазып кетеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий