Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай үндемей басын изеп, рұқсат етті.

Жеңге де шай әзірлемек боп тысқа шықты. Сол кеткеннен қайтқан жоқ.

Абай оңаша қалғанда, әуелде қатты қысылды. Бірақ байқап қараса Тоғжан тіпті ұялшақ. Тіпті нәзік, жазықсыз бала тәрізді. Өзі де басында не дерін білмей, сөз таба алмай, аса қиналған. Енді ойласа, бұл қалыпта екеуі рақат кешті зая қып өткізетін тәрізді. Аз уақыт Тоғжанға иіле қарап отырып:

– Тоғжан, менің сәлемдерімді есіттіңіз бе? Бар сөзім сізге арналған, сізді сағынудан туған сөз еді, ілтипат қып еледіңіз бе? - деді.

Тоғжан ішінен: «ілтипат қылмасам мұным не?» дегендей. Бірақ ақырын жымиып күлді де:

– Есіттім, Абай! Өлеңіңіз жақсы екен! - деді.

– Мен ақын емес ем! Жалғыз-ақ сіз мені былтыр бір көргеннен-ақ қатты толқынға салдыңыз. Содан бері бір уақыт ұмытқан емеспін.

– Ұмытпадым дейсіз, бірақ содан бері бір келмедіңіз ғой!

– Қайтіп келем? Ел жәйін білмейсіз бе? Бір көрудің өзі зар болмады ма?

–Рас! - деп, Тоғжан қызара түсіп, көзін төмендетті де, - сізді мен бір көрдім.

Көш жөнекей көрдім... байқадыңыз ба, білмеймін!

Абай ішінен соншалық ырза боп, қуана түсіп:

– Тоғжан! Япырмау, жақсы айттыңыз-ау! Мен сонда: Тоқташы, бір сәтке тоқташы!» дей жаздап, зорға шыдап қалып ем. Көрмей, көрсе де елемей кетті ме деп ем. Тоғжан, сізді қайтіп ұмытайын? - деп кеп, Абай Тоғжанның әдемі аппақ қолын ұстады.

Тоғжан қолын тартыңқырап, ұялды да, ығысып қалды.

Осы кеш екі жасты бір-біріне соншалық сүйікті, ынтық етті. Екеуі тек жүз көрісуден, сөйлесуден басқа ешбір бөтен тілек ойламастай. Алғаш көріскендері осы болса да, көп жайларды айтысты. Шын сағынышты, ынтық жандар боп ұғысты.

Таң жақындаған кезде ғана жеңге қайта оралды. Сол шай жасай бастап, тысқа тағы бір шығып кеткенде, Абай Тоғжанға жақындап кеп, үндемей ғана бетінен сүйді. Тоғжан оттай жанып, қып-қызыл боп кетіп, әлсіз ғана қорғанып, Абайдың жүзін екі алақанымен қысып, кейін шегіндіре берді. Қарсылық емес, ұялу еді. Абай қайта ұмтылып, қатты құшақтап кеп, Тоғжанды оң көзінен ұзақ сүйіп тұрды. Бұл сәтте Тоғжанның әлсіз қарсылығы да сезілген жоқ.

Жігіт сүйіп тұрғанда, Тоғжан ақырын ғана қымсынып, ыстық бетін Абайдың бетіне басты, сүйтті де тез босап кетті.

Абай:

– Сәулем! - деп барып, құшағын жазды. Осы, кезде жеңге тыстан келіп:

– Ойпырмай, қалқам Абай-ай, қиын болмаса игі еді! Су түсіп кетіпті!

Қарауыл суы түсіп кетіпті! Атың қайда еді?, - деді.

Жеңгенің үркіп келген хабары мынау күйдің үстіне Абайды шошыта алған жоқ. Бірақ Тоғжан қысылып, қиналып кетті.

– Не дейді? Судан қалай өтесіз, Абай, атыңыз қайда? Бұл жақта қайтіп қаласыз? - деп, сүйген досының басына түскен қиыншылықты жас қыз соншалық тіксініп қарсы алды.

Абай енді аңғарды. Аты ар жақта, өзі жалғыз. Қарауыл суы тентек. Бұл ауылда қалуы тіпті мүмкін емес. Енді бөгелсе қолға түседі. Қолға түспесе де, өзен бойында таң атысымен көзге түседі. Ол да оңай емес. Үйткені бұл өңірде, әсіресе өзеннің бұл жағында, Абайды дос көрер, жақын тартар бір жан жоқ.

Осы жайды аңғарып, әсіресе, мынадай жақсы қабыл алған жас әйелдерді қауыпқа ұшыратпайын деп, Абай тез киініп, қоштасты да, шыға берді.

Дәл кетер кезде, жеңге шапан жамылып, есік ашып, алдынан шыға беріп еді. Абай үйде қалған Тоғжанның қолын қысып тұрып:

– Қорықпа, Тоғжан! Бірдеме ғып өтермін! Ал, өзің ендігі бар хабарды Ерболдан тос! - деді.

Тоғжан Абайдың омырауына ақ саусақтарын салып, жабысыңқырап тұрып:

– Қош, ұмытпа! - деді.

Сыпайы, майда мінезді жақсы жеңге Абайды қараңғы қораның ішінде жетектеп ап, қақпаға әкелді де:

– Ал, қалқам, жер тар, уақыт тығыз болды. Бірақ тілеулес достарың бар екенін көрдің ғой. Еске ала жүр! Тек мына судан байқап өт! Қош! - деді.

Абай жеңгенің екі қолын қапсыра ұстап тұрып:

– Жеңешетай, ұмытпаспын! Өлсем де ұмытпаспын осы жақсылығыңды! -деп қоштасты да, кішкене есікті ақырын ашып, жай салмақпен басып жүріп кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий