Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл кезде ел-елдің бәрі де қыстауларынан көшіп көктемге, ойға қарай жөңкілген. Енді-енді ғана ауыл-ауылдар арасы күзектегі сияқты қашықтаңқырап, бытырай қона бастаған.

Күнде үйіліп баса беретін сәлемші, қонақтар да саябырлады. Сол кезде Құнанбай үй ішіне, бала-шағасына еркін тиетін болды.

Өртеңнің баурына қонып отырған Ұлжан аулына Құнанбай екі-үш күндей қонақтады. Күнкенің аулы да осы арада жақын еді. Абай осы күндерде байқады:

әкесінің сақал, шашындағы ақ көбейіп, бетінің ажымдары да молая түскен екен.

Ұлжан үйінің түстініне Күнке, Құдайберді, Айғыздар да жиылып отыр еді. Құнанбай Зереге қарап отырып, осы барлық туысына арнап аз сөз айтты. Онысы - ұзақ жолда көңіліне көп келген мұң-уайымның үлкені еді.

Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, ініде серікке жарар медеу жоқ. Баланы ойласа, бәрі де жас. Және бір өкінгені – көп баланы үйлендіріп, немере сүйетін шағына жетсе де, сол қызықты өзіне-өзі іркіп, кешендетіп кепті. Енді сүйтіп, балаларының қызығын көрмек. Бұған Зере бастаған бар шеше қуаныш айтқаннан басқа түк қарсылық білдірген жоқ. Қызық көру дегеннің белгісі не, арты не? Ол ержеткен балаларды үйлендіру, содан әрі немере сүю. Толып жатқан, шексіз бақыт сияқты елестейді.

Әңгіме арасында Құнанбай: осы жолы құдайдан соңғы қуатым құдаларым болды. Адал достықты, шын бейілді солардан көрдім деген. Атап айтқандары:

Алшынбай, Тінібек. Онан соң Тобықты ішінде тергеуге кетіп бара жатқан жолында Тасболат руының ішінде Байтас басынан қатты тілеулестік көріпті.

Бұрын үй ішіне мәлім емес еді. Өзі сол сапарда жалғыз байлаған байлауын білдірді. Байтастың жас қызы бар екен. Соны Оспанға айттырмақ бопты. Сүйтіп тентек Оспанға Байтастың Еркежан деген қызы қалындық боп аталыпты. Үй іші, әсіресе, шешелер күліп, мәз боп, Оспанның аяғына тұсау түскенін өзіне естірту, түсіндіру жайын ойлап күліскен-ді.

Осы байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның басқа екі баласы туралы да жаңалық айтты. Оның біреуі - Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген Тәкежан енді осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған. Енді несіне созады? Соның отауы түссін. Екінші, әсіресе, осы отырған барлық үй ішіне шынымен үлкен қам болатын нәрсе - Абайды қайындату.

Құнанбай осы жолы Алшынбаймен уәделесіп келіпті. Осы көктемге байласыпты.

Рас, өзге құданың бәрінен жолы бөлек Алшынбай. Оның үлкен достығынан басқа, өзі Арғынға белгілі Қазыбек Тіленшінің Алшынбайы. Бұл атраптағы қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсіресе, ұрын жіберу осал қам емес. Мал-дүниенің барлығынан да көп үлес, мол шығын шығару керек деген сөз.

Бірақ, Құнанбайдың бұл байлауын да шешелер ақ тілеумен қабыл алды.

Тек Зере ғана:

– Ел жайлауға шығып, арқа-басы кеңіген соң барған лайық болмаушы ма еді? - деп еді.

Оған Құнанбай:

– Оның рас-ау, бірақ Алшынбайдың жазғы жайлауы ары шалқып, ұзап кетеді. Бару, келудің жолы алыстап, мойны қашықтаған соң, жүріс ауыр болады.

Айдаған мал да күйзеліп жетеді. Қайындата баратын үлкендер бар, оған да ауыр.

Және қыс жақсы бопты, мал тойынтам дейтін емес, ажарлы мал осы күнде де бар. Ендеше, құдай бұйырса, осы бір бесті-алтылы күн ішінде қамданыңдар да, сапар шегіңдер. Өзің барасың ғой. Төркініңе өзің бастап бар балаңды! - деп, Ұлжанға бұйырды.

Ұлжан бұны да жақсы қабыл алды.

Осы әңгіме шыққан соң, үй ішінің барлық кеңесі, ақыл, мәслихаты сол Алшынбай аулына ұялмай, орнына сай ғып бару турасында болды.

Байлаған байлауын көп ырғап, көп көпсіте бермейтін Құнанбай сол жерде баратын кісілер жайын, апаратын аяқты мал, жыртыс жайын, ақша, пұл, күміс қазына жайын кесіп-кесіп, өзі айта бастады.

Үй ішінің бұл жөніндегі сөздері қалай да болса, аз болған жоқ, ұзақ болған.

Үйткені, жыртыс болсын, толып жатқан ырым, ілу болсын, барлығын да осы арада бір сөйлескен соң, екшеп алысу керек. Ұлжан соның бәрін атап айтып, анықтай бастаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий