Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осының бәрін көп күрсініп отырып айтқан Ұлжан Абайға үлкен ой салды. Ел ішінің мінезіне, әкенің тартысына баласының көңілін шындап тұрып, шүйлеп салғаны осы. Үлкен ісіне араласатын кезі жетті деді ме? Барынша ширығып отырып, ашық сөйледі.

Абай өзінің қатаң ойларын сыртқа шығарған жок, қабақ түйіп ішке жиды.

Осы күн күні бойы ешкіммен жазылып сөйлескен жоқ. Түн бойы ұйықтай алмай, аунақшып шықты.

Ертеңінде түске жақын Ербол келіп, екі жігіт үлкен үйде қымыз ішіп отыр еді.

Тыста бір нәрсеге қатты ашуланып, ақыра сөйлеп, аттан түсіп келе жатқан Құнанбай үні естілді. Жалғыз екен. Үйге кіре бере бөгеліп, есік алдында тұрып:

– Ей, Жұмағұл, Мырзахан! Кел бері! - деп, әмір етті де, үйге кірді. Екі жігіт ілесе келді. Құнанбай төрге шығып отыра бере:

– Аулымның іргесіне егесіп кеп қонып отыр ғой. Егескендіктен жылқысын қаптата жайып, бері өрістетіп отыр. Көрейін мен, Байсалдың ызғары мен айбарын. Бар дереу, қолдарыңа шоқпар, сойыл алыңдар. Анау жылқысын сойылдап-сойылдап, дәл Байсал аулының ар жағына қуып тастаңдар!

Бұлжытпай орында осы айтқанымды! - деді.

Екі жігіт жалт бере жөнелді. Бір кезде сойылдарының дыбысы естіліп, кермеден ат шешіп жатқандары білінді. Сол уақытта Абай үйден шығып, екі жігітке;

– Ей, тоқтаңдар! - деп, үн қатты. Ана екеуі аттарына мініп ап, тымақтарының құлағын жымыра байлап жатыр екен.

Абай қатарына келіп:

– Сендер қайткелі тұрсыңдар! - деп еді, Жұмағұл сырт қарап жауап берді.

– Бара, жау тигендей етеміз! Несі бар?

– Тимейсің олай, бері қара!

– Е-е, мырзаның бұйрығын екі етуші ме ем? - деп, тебіне берді. Абай осы кезде қатты булығып жетіп келді:

– Құтырма! Тоқта! - деп, ақырып қалды. Екі көзі қапталап, өзі сұп-сұр боп апты. Жұдырығы түюлі. Екі жігіт тоқтай қалды.

– Жылқыны қумаңдар! Сойылдама! Жай ғана жылқышысына айтыңдар да, қайтыңдар!

– Е, бұйрық ше?

– Бұйрық осы! Айтылды! Осыдан тек жалғыз-ақ бәле шығарып жүр, Жұмағұл, жазаның үлкенін сонда көресің! Тап мына менен көресің! - деді.

Даусы соншалық зілді. Сөзі сондай салмақты.

Жұмағұлдар еріксіз көнді де, аяңдап кетті. Абай үйге кеп әкесіне ажарлана қарап отырып:

– Әке, осы, шілденің күнінде, ен жайлауда, шөп деген тұнып тұрған шақта, жер қорыған, ағайынға реніш салсаң не қисынға сияды? - деді.

Құнанбай бұған жалт етіп, суық қарады.

– Немене, Байсалдың дауын айтар тіл, жақ жоқ деп пе ең? Қыстауымды қайырмай, қасарысып отырғанын да қостарсың сен!?

Абай қайтқан жоқ. Үні қатқыл шықты.

– Қыстау - жайлау емес қой.

– Қыстаудан жайлауға көшетін кекесін болмай ма екен?

– Ендеше түп-түйінді айтады екеміз. Сонда қыстау жайындағы ашудың өзі әділет пе?

– Әділет, сенің ойыңша, біреудің басына күн туса, соның орнын тартып алу ғой?

– Тартып алғыштың басы, шынға келсек, Байсал емес, өзіміз ғой. Байсал алушы емес, алынушы боп келмеп пе еді бұл күнге шейін? Әмір бойы бір-ақ қыстау сұрап емінгені өзіңіз емес пе едіңіз? Сол бір қыстаудың зарынан кеше сіздің қасыңызға еріп, қолыңызды қостап, тіпті анау Бөжейді сабасуға да барғаны қані? Байсалға тиген бір қыстауды қуған - зорлық. Содан ұшқындап кеп, мына... - дей бергенде, Құнанбай Абайды тоқтата берді. Бірақ, алғашқы ашулы үні бәсеңдепті - Жә, сурылма!.. Менімен жарыса түспек пе ең? - деді. Абай бұған аз іркілді де:

– ...Мына жайлауда бөлінбеген бір елдің көдесі үшін түс шайысу тіпті жол емес! - деп тоқтады.

Бұрын Абай әкесіне осындайлық ел жайындағы сөздерді айтқанда, көсіліп сөйлей алмай, күрмеле беруші еді. Тілі де тұтқыр тарта беретін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий