Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Рас, ол дұрыс екен! Дауын әннің өзі айтсын! Кел, Ербол, - деп Абай бастады да, Ербол ерді. Бұл екеуі әдемі қосылып кеп, аса тамылжыған, шырқау ән - «Топай-көкті» айтып шықты. Тобықты естімеген ән. Абай өз әндерінің үйдегілерге әсер еткенін байқап:

– Міне, бұл әнді не дейсіз? - деді. Үйдегілердің бәрі сүйсінген екен.

Солармен бірге Құдайберді де:

– Жақсы екен! - деді.

– Ендеше тағы тыңдаңыз! - деп алып, Абай мен Ербол «Шырайлым» деген жаңа әнді де айтты. Құдайбердіге бұ да ұнады. Мақтай бастады. Осы кезде Абай мен Ербол күбірлесіп алып:

– Енді дүпке сақтаған әнді айтамыз! - десті де, аса бір сәнді, салмақты, назды қоңыр ән айтып шықты. Ән - «Аққайың» болатын. Бұл әннің үш қайырмасы айтылды. Үйдің іші мызбақпай, үн шығармай, қалта қарап, қатып тыңдап қалған екен. Абай домбыраны қоңырлатып қағып тоқтады да:

– Ал, Бәке, бұған не дейсіз? - деді.

Үш әннің үшеуін де Абайлар Қарқаралыдан әкелген, бұның бірде-бірін Тобықты әлі білмейді.

Құдайберді бар ынтасымен шын сүйсінді де:

– Сенің сөзің дұрыс па деп отырмын. Жақсы ән әкепсіңдер! - деді. Абай осы орайда Тобықтыдан өздері салып барған: «Көкқаулан», «Мақпалқыз» сияқты әндердің жарамсыз боп қалғанын айтты. Ол әннің бәрі Қарқаралыда мәлім екен. Балаға шейін білетін, ескірген ән. Және оның өзі де Тобықты ішіндегіден артық өрнекпен айтылатынын сөйледі.

Кеңесе келе Абай Тобықтының өзі ән шығара қоймайтынын, әннің көбін сол Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық келістіре алмай, бұрып, ырғақсыз ғып әкететінін айтты. Құдайбердінің алғашқы қалжыңын енді тойтарғандай. Ағасы Абайға біраз таңданыңқырай қарай отырып, сөзінің бәрін мәнді көріп:

– Өзің осы жолы сыншы боп қайтыпсың ғой! - деп, бір қолымен құшақтап қойды.

Абай шынында бұл жолда әр нәрсеге үңіле қарайтын және көптен көрі өзгешерек қарайтын қатқыл сыншы мінез қосып алғандай.

Келесі күні өз шешесінің аулына келді. Мұнда барлық ел боп қуанып қарсы алды. Кәрі әже әмсе ұзақ игілік тіледі. Жас інілер сағынғанын көрсетіп, мойнынан құшақтап, баурына оралып, мәз болысты.

Ауыл жайлаудың аса бір кең көгалды, сұлу төбелі, мол сулы қонысы -Ботақан ошағы деген жерде. Кеше Күнкенің аулында да есітіп еді. Бүгін өз ауылдарында тіпті айқын білді? Тобықтының барлық осы маңдағы қалың елі бұл күндерде бір үлкен мерекені күтіп жүр екен.

Баланың да, жігіт-желіңнің де, егде-мосқал үлкеннің де - барлығының аузында бір жаңалық, бір хабар. Ол - осы жақында болатын ас туралы, Бөжейдің асы туралы.

Былтыр Бөжей өлген күндерде басына қара тіккен ағайын қыстан бері асқа әзірленіп келген. Жазға салым, қой қоздар кезде сауын айтылған. Сауын, астың болатын ай, күнін, орнын жариялаған.

Сол сауын бойынша, қазірде Жігітек, Көтібақ, Бөкенші. Торғай былтырдан бері тобы-жігін сақтап кеп. Шақпақ, Қазбала деген мол қоныстарға жиыла қоныпты. Ас Қазбалада болмақ. Мұнда үлкен бәйгі болады. Соған лайықтай ас беретін жердің бір жағы ат шабарлық кең өлкеге таяу болуын ойласатын.

Қазбаладан бір қабат қара адырды аса, Досымбай, Балқыбек, Ақирек жақтардағы кең далаға шығатын.

Бұл өңірде Жігітек, Көтібаққа тиісті шағын қоныстардың ішінде, осы Қазбаладан лайықтысы жоқ. Сол Қазбаланың батыс жақтағы аяғы Ұлжан аулы отырған Ботақан ошағына жалғасады.

Абайдың шешелерінің аулы асқа әзірленіп жатқан қалың елдің күнбе-күнгі қамдарын ертелі-кеш сұрастырып, есітіп отыратын.

Елді сағынып келген Абай мен Ерболға енді алдарынан шыққан мына хабар аса көңілді көрінді.

Ербол өз ауылдарының әзірлігін ести сала, қайтпаққа асықты.

Абай оған рұхсат етті. Бірақ Ербол екі күн ішінде қайта келіп, тағы табысып, бірге болысуға уәде берді. Абайдың тілегі солай.

Келген күннің ертеңінде Абай, шешесімен ұзақ әңгімелесіп отырып, өздері кеткеннен бергі ел ішіндегі жаңалықтарды есітті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий