Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді! Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көрген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!..

Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілігі қатты ырза болды. Абайдың іші ала қызыл, біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей.

Әлдеқандай өріс іздегендей.

Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады.

Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді.

Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында ететін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...

Өзі салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына еткен жазда көп еріп еді. Сонда ымырт жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы қоюланған сайын, көк қаршыға, өрттей қаршыға, секунд санап жалындай шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай сезді. Бүгін біртүрлі сергектік, сезімділік бар.

Өзге күндерден дәл бүгінгі күннің уақиғалары әлде-қайда бөлек. Күндізгі әкелер, әлгі Шөже, жаңағы Бөжейлер... Бір Қарқаралы қаласының алақандай аясының ішінде болғанмен, осы адамдар арасы соншалық кереқар. Тіпті дүниенің төрт бұрышындай алшақ жатыр. Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез... Аралары және бітімсіз боп, әр салада жатқаны несі!.. Бәрі бір орынға жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не етер еді?..

Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де... және тіпті өз ойы сияқты көрінді.

Анығында: «ақыл, қайрат...», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-ды.

Қазірде Абай соны өмірден тапқанына да дән ырза... Өз ақылымен тапты...

Тапты да: «Осының бәрі бір жерде, бір кеудеде, бір адамның ішінде болмаққа лазым...» деп, өзгеше бір сенімді байлау жасады.

Осы оймен қатар, өзін осы Қарқаралыға келгелі қатты өсіп, ұлғайып қалған кісі сияқты көрді. Талай жанды көріп, талай сөздерді ұқты... Тіпті Шөже ақынды да өз құлағымен есітті.

Талай ру, талай жерлерді де білді.

Тыстан аса көңілді әсер алған Абай ымырт әбден жабылғанда Майбасардың пәтеріне кеп кіріп еді. Ауыз үйде, етігінің өкшесіне қатқан қарды Абай бүгін өзге күндерден қаттырақ, ширақ текпілеп түсірді де, табанын жылдам-жылдам сүйкеп, сүйрете сүртіп, төргі үйге кіріп келді. Екі беті кешкі аяздан қып-қызыл. Үлкен көзінің ақ-қарасы ап-айқын боп, жалт-жалт етіп, ширақ бір оттылықпен қарайды...

Үйде Майбасар, Жақып бастаған туған-туысқандар көп екен. Бағана тайдың етін жей алмай кеткен жиын, енді шындап ниет қып, қайта тегіс жиылған тәрізді. Үлкен сары самауырды жаңа ортаға алысыпты... Шайды «сорап-сорап» тартысып жатыр... Майбасар Абайдың түсіне сүйсіне қарап:

– Абайжан! Тоңған жоқпысың, қайда жүрдің! Кел, шешін, шай ішіп жылыншы! - деп, қағыла беріп, өз қасынан орын босатты... Абай асықпай шешініп болып, шайға кеп отырды.

Жақып шайды сілтей түсіп:

– Бол, бол! Шайды тез-тез ішіп, әзір отырыңдар, жігіттер! - деп, барлық жиынды асықтырып отыр екен.

– Рас, рас... Қаратай, Ызғұттыдан хабар келісімен, жөнелу керек... - деді Майбасар да.

–Е, ас әзір, үй әзір... «Жасиғ» намазынан соң келеді, - деді ғой қонақтарды...

– Ол намазды жаңа мешіт ішінде ұзақ оқитын да шығар...

– Е-е, енді Хасен молла, жаңа имам болғаны осы. Бұл намазды тез бітіре қоймас...

– Бәсе, «Ясин» мен «Тәбәрәктің» бәрін оқымай не бопты? Өзін мақамдап оқымай тоқырамас! - десіп, күле түсіп Төлепберді, Бурахан, Жұмағұл сияқты жас жігіттер шайдан оп-оңай шыға қойғысы келмей отыр...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий