Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Өй, не айтасыңдар, тәйір!.. Тез болыңдар! Өздерің жаңа мешіттегі намазға бармаймысың әуелі?.. Майбасар, бармаушы ма ең намазға? - деп, Жақып қайта дегбірсізденді.

Майбасар дәл намаз үшін онша асыға қоятын тәрізденбеді. Мойнын бұра беріп күліп, Абайға қарап:

– Е, жаңағы қалың жиынның ішінен мешіт ішінде орын тиеді деймісің, тәйір! Төріне кетсең қонақ шыққанша үйге жете алмай қаласың... Онда Ызғұтты:

«Қонақтан бұрын келмейсің» деп, бауыздалып өлсін... - деді.

– Е, шығар ауызға, жақын жерден-ақ сапқа кірсең болмай ма... Бармасақ ұят қой! Тіпті, мырза білсе, ұрсып жүрер!.. - деп Жақып күдік айтып еді:

– Мырзаңа «бардық, оқыдық» деп өтірік айта саламыз... - деп жұртты ду күлдіріп, Майбасар, - жарықтық мешіт жақсы болғанмен, босағасында қайдан отырам... Намаз оқимын деп, өңшең киіз төбе Бошан Қарашордың саптамасын күзетем бе?.. Соның жалпақ табаны басқан жерге бас қоям ба?.. - деп намаз жайын біржолата қылжаққа сала бастады.

Абай Майбасардың үп-үлкен басымен балаша қылжақтап отырғанына қызығып күле бастады.

Дәл мешіт ашылғалы тұрған жерде және Қарқаралы елінің бар шонжарлары сонда жиылып, алғаш намаз оқып, Құнанбайға алғыс айтатын сағатта Майбасардың былайша қылжақ еткенін Жақып жақтырған жоқ еді. Ішінен: «Дағдылы, бейпіл ауыз, мінезсіздігі» деп ойлады да, өзге көпке бүгінгі кештің ерекше кеш екенін ескертпек болды.

– Бұл мешіт, біле білсеңдер, біздің мырзаға да, онан соң, осы отырған бәріңе де зор абырой әперетін мешіт қой, жарықтық! - деді.

Майбасар бұл тұста қайтадан нығызсып, дардия түсіп:

– Е-е, соны айтсаңшы!.. Дұшпан атаулының аузына құм құймай ма бұл мешіт? Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар. Татулықты іздеген тәрізді ғой! -деді.

Татулықты кім іздегені бұларға мәлімсіз еді. Бірақ Құнанбай айналасы:

«Бөжей ығыпты! Бөжей әлі жетпесін біліп, татулық сұрапты!» дегенді енді осылайша бастамай отырмайды. Ондайды алдымен айтатын, әрине, осы Майбасарлар.

– Байғұс Алшекең де дос-ақ қой! Біздің мырзаның анық тілеуі, адал жақыны сол бақыр ғой... - деп, Жақып Алшынбайдың күндізгі мінезін еске алып еді. «Қызғанады... Абыройыңды төре-қараның бар жел-аузы қызғанады, тіпті ұлық та қызғанады. Алдымен әлгі Майыр қызғанады!» деді ғой... Дұп-дұрыс қой, мешіт салып, абырой асып, елді алып, Еділді алып бара жатқан соң, өзімен иығы асып ырық бермей кетеді, - дейді ғой Майыр.

– Майыр, піскен бас, қызғанудан бұрын әуелі Бөжей, Байсалдан параны да соқты ғой!.. Сол ғой оның өктеп отырғаны, құлқынын танымаймысың?.. - деп, Майбасар өзінің күндізден байлаған шешуін айта кеп, - ал, енді Бөжеймен татуласу да осы бүгін кешке болады. Осы намаз, осы астың үстіне олар да келеді, оны есіттің бе? - деді.

Дәл бұл арасын Жақып та, өзге бұнда отырған жігіттер де естіген жоқ еді.

Абай да білмейтін. Бәрі де аз аңтарылып қалып, іштерінен Бөжейдің бүгінгі татуласа келетін пішінін көргісі келді.

Майбасар осы жайдың бәріне тоқмейілдене түсіп:

– Бар жақсылықтың басында әйтеуір бір Алшекең... Берген мал адал, адал ғой Алшынбай аулына! - деді де, қасында отырған Абайға иіліңкіреп, төне түсіп:

– Ұқтың ба? Бәлем, осы жолы бармай құтылшы қайныңа! - деп, Абайды тағы қолға ала бастады. Бірақ Абай дәл осы жолы бұрынғыдай жасыған жоқ.

Әншейін бұндай топ ішінде Майбасардың осы қалжыңынан терлеп-тепшіп қысылатын болса, бүгінгі кеште олай емес. Үйдің іші Абайға қарап ақырын күлісе бастады. Майбасар Жақыпқа қарап көз қысып отыр еді...

– Майеке, тағы бастадың ба, бармаймын тіпті!.. - деп, үлкендерге бұрылды да, күліп қойды.

– Өй, жаман!.. Жаман бола ма деймін осы шіркін! «Өлі-тірісін берген соң, өлі күйеу жата ма?» деп, өзің қалайсың? Иегі ителгінің тамағындай боп үлпілдеп келін отыр анада «Келмей кетсінші бәлем!» деп, ол сені сынап отыр осы жолы. Өзің сүйекке намыс болатын жайды ойламасаң керек мүлдем! - деп, Майбасар Абайды шындап айналдыра бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий