Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы кіреберіс бөлмеден төрге қарай және оң жақ, сол жаққа қарай бірнеше бөлме бар еді. Дәл оң жақтағысы Құнанбай жататын үлкен бөлме... Сол үй жақтан зор дауыспен көңілдене сөйлеп отырған Алшынбай, Майыр үндері келеді... Тұтасқан қатты күлкі де естіліп қояды. Кеңінен кесіліп, күлдіргі сөздер айтып отырған Алшынбай сияқты. Төрдегі бөлмелер екеу еді. Онда да жағалай тізіліп, малдас құрып, сығылыса отырған қонақтар екен. Бұндағы қонақтың көбі қаланың татар саудагерлері, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешіт имамы Хасен молла көрінді. Бұл бөлме әлгідей емес, ақырын сөйлеп, аз күледі. Ылғи бір бой тежеп сыпайылық бағып отырған ауыр кісілер тәрізді. Сол жақтағы бөлмеде Бошан, Қарашор руларының жуан-жуан атқамінерлері мен бірнеше төрелері бар екен. Ол бөлме де даурығып сөйлегіш, бірін-бірі мысқылдағыш, күлегеш, қызу бөлменің бірі көрінді.

Абай қонақүйлердің есік-есігінен бір-бір қарағаны болмаса, ешқайсысына кірген жоқ.

Бір есептен, осы аралық бөлмеде қалып, жан-жағының бәріндегі өзгешеліктерді ести тұрудың өзі жақсы. Тек ашуланшақ Ызғұтты тағы қақпайламаса болғаны.

Бір бұрышта ұмыт қалғандай боп, жалғыз серейіп қалған орындық бар екен.

Абай соған отырып, табақшылардың асығыс, қарбалас қимылдарына қарайды.

Жеті-сегіз жігіт бағанадан бері әлі күнге шейін табақ тасудан дамыл алған жоқ.

Үлкен-үлкен төрт бөлменің бұл сағаттағы мешкейлік қарекеті қалын топыр, қан жайлаудағы бәс пен астан бір кем емес. Бағанадан бері бірнеше ту бие, қысыр тай, төл емген жабағы, талай-талай ісек, ту қойлар жұтылған болар.

...Бір уақытта табақшылардың әбігері қайтадан қыза жөнелді... Бос табақтар бөлме-бөлмеден сумаң-сумаң шығып, тағы да асүйге қарай тайпия қалқып келе жатыр... Сол бос табақтардың ең соңғылары Құнанбай бөлмесінен шығып бола берген кезде асүй жақтан тағы-тағы қайқайма табақ палау қаптады... Оның да беті булана түсіп, қызара бөртіп: «Мені қайтіп жемейсің, мені қайтіп тастайсың?» деп келе жатқан сияқты. Ауызүйде ешкім үн шығарып сөйлемейді. Құнанбай жігіттеріне Ызғұтты үйреткен тәртіп сол болу керек. Үш есіктің тұсында қазірде Жақып, Майбасар, Ызғұтты - үшеуі тұрып ап табақ жақындай бергенде, қонақүйдің есігіне қарайды да, табақшыларды үндемей нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді.

Палау... Палаудан соң үзім суы, одан әрі шай... Әйтеуір ел жататын уақыттан асып, қалың ұйқының бір мөлшеріне барғанша төрт бөлме дамыл алмай, болдым демей жеп, жұтып, ішіп жатты.

Абай есінеп, түрегеліп, енді Майбасар пәтеріне қайтпақшы еді. Әлі күнге мұнымен бірауыз тілге келер ағайын жоқ. Күтушілер әлі де сол алғашқы қарбаласта.

Тиін ішігінің түймесін салып, енді сыртқы есікке қарай баса бергенде Абай Құнанбай бөлмесінен шырқай шыққан үн есітті.

Табақшының біразы да бұған елең етті. Абай да барып, есікті біраз ашыңқырап қарап, көз салды... Шоқша бурыл сақалы бар, жал тұмсық, сұр жүзді бір кісі екен. Домбырасын безілдете ойнақшытып, зор қайырманы басып ап, содан әрі домбыраны көлденең салып қойып, тақпақтай соғып, желдірте жөнелді...

– Бұл кім?..

– Бұл қайсысы?..

– Қай ақын?.. - дескен үндер өзге бөлмелерден де және табақшылар арасынан да естіліп еді...

Құнанбай бөлмесінен ауызүйге қарай басын шығара беріп, Қаратай:

– Балта, Балта ақын! - деді.

Жанынан шығарып, сілтеп отырған, Алшынбай қасында жүретін Балта ақын екен...

Алған жарын жамандап,

Асқанды қайдан табарсың?

Ақ тоныңды жамандап

Атылас қайдан табарсың?

Өз басыңды зор етіп,

Теңдес қайдан табарсың?

Ағайынды жат біліп

Жақынды қайдан табарсың?

Араз болсаң еліңе

Жамандық айтар хабаршың.

Тату болсаң, ағайын,

Сонау қатын-балаға

Сүйінші айтар хабаршың, -

деп тоқтады. Үй ішінен:

– Пәлі, пәлі сөзіне!..

– Бәрекелде, әбзел сөз!..

– Уа, сөз төресі осы да!.. - деп, даурығып, мақтау айтып жатқан Алшынбай, Қаратай, тілмәш үндері келді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий