Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бармады... Бірақ көргісі келуші еді... Қандай екен? «Иегі ителгінің тамағындай» деп Майбасар суреттеген, Абай көз алдына ителгі, қаршыға, тұйғын сияқты қырандардың сұлу мойындарын келтіріп, шынымен сондай нәзік, ақшыл тамақ иектердің болатынын ойлады, бір бүгін емес мұның алдында да бірнеше рет, Ділдә жайын өзгеше бір толқынмен ойлаушы еді.

– Барса нетер еді? - деп, әлдеқандай белгісіз бір қызумен ойы тұмандайды.

Бірақ Майбасардай қатаң, тұрпайы адамдардың мінезі мұның ойындағы құпия сезімін аямай қылжақ ететін тәрізді. Олардың тілеуі мен қақпайына еру - өзін-өзі аямау. Қадірлі, қасиетті сырын былғау сияқты. Ділдәні бұл іздейді.

Іздегенде «қайындау» деген сияқты ырым-жырымы көп, ыңғайсыздығы көп жолмен іздегісі келмейді. Ол ұялады!.. Сондықтан баруға бата алмайды.

Осындай екі ұдайы көңілмен көп аунақшып жатып ұйқыға кетті.

Ертеңінде Құнанбай айтқандай-ақ ерте аттанысты. Әрбір топ өзді-өз пәтерінен жеке-жеке шоғыр болып шығып, қала сыртында тоғысқан.

Қаладан Құнанбайды шығарып сала келген старшын, би, төрелер де көп екен. Жиыны жүз шамалы кісі боп, біраз тоқырап тұрысып, ақыры: «Қош, қош, мырза!.. Жолың болсын!.. Сапарыңды оңғарсын!» дескен тілектермен қалды да, Құнанбайдың отыз шамалы тобы Тобықтыға қарай тартты.

Қарқаралыдан Шыңғысқа шейін жүретін жол ұзақ. Жердің алыстығынан басқа, қар қалың, жол да ауыр болатын. Ой-қырдың баршасы да сіреу боп, қыс көрпесін қалың жамылыпты.

Арқаның дағдылы қатты желі биыл қыста да көп соққан. Кейде бір жұма, кейде тіпті он күндей айықпай, ақ боран боп түтеп тұрып алған кездері болған.

Ақпан, қаңтар, бірдің айы - баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан сар дала, қоңыр адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, сар-кідір омбыларын, оқаптарын, мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді. Қарлы оюлар, ышқынып соққан жел іздерін дәлелдейді. Даңғыл қара жол жоқ. Көп аттылар, тегіс қатар жүру былай тұрсын, тіпті үш салт аттының қатар жүретін жерлері де оқта-текте кездеседі.

Сол себепті барлық жүргінші қайтқан тырнадай, ұзақ салқар көштей боп, ылғи шұбалып, тізіле жүріп отырады.

Жолаушылардың маңдай алдында Құнанбайдың өзі. Астында семіз сары жорға аты бар. Арт жағы тегенедей жұмыр келген, ақ жал, сары жорға ат көп жорғадай күдіс емес. Қабырғалы, жазаң және зор болатын. Құнанбайдың қалың жылқысының ішінде әрдайым ұзақ жолға, әсіресе, қысқы жолға мінетін аты осы еді. Үстінде қара құлын жарғағы бар, күміс кісе буынған, қара мақпалмен тыстатып, қызыл түлкі тымақ киген Құнанбай сырт жағынан қарағанда тіпті зор, көрнекті еді. Қара жарғақ сары атқа жақсы жарасады. Тайпалған қатты жорға өзге жүргіншінің бәрін сар желдіріп келеді. Абайдың Аймаңдайы кейде Құнанбай жүрісі баяуласа, жол жорғасын салады да, сары жорға қатты тайпалып кетсе, амалсыздан желе жөнеледі. Желісі бір түрлі қатты, мазасыз.

– Ойпыр-ай, желісінің қаттысы-ай!.. Дәл бір бөренеге мінгізіп қойып, солқ-солқ ұрып отырған сияқты, - деп, Абай Қарабасқа Аймаңдай аттың жүрісін шағып қояды. Шынымен алғашқы күнгі жүрісте Абайдың іші-бауыры солқылдап, етегін де қымти алмай, икемі кетіп отырды.

– Іштеңе етпейді. Аздан соң етің қатып, үйреніп аласың... Етегіңді қымтап отыр!.. - деп, Қарабас ақыл айтып қояды.

Абайдың еркіне салса, асықпай жол жорғамен жүрер еді. Бірақ елге жету үшін бірнеше күнді санап ап, сол мөлшерде жетем деп тартқан Құнанбай жүріс шамасын өзгеге билететін емес... Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа қарсы қасқарып ап, топты бастап келе жатқан себебі де сол. Әншейінде аямайтын атшылар мен шабармандарды да алдына салмайды.

Осы жүріс бір бүгін емес, талай күндік жолдың бойында үнемі осылай боп отырды. Бірақ күндізгі уақыттар Құнанбай асығып, суыт жүргенмен, жолдағы белгілі-белгілі ауылдарға көп түскенде үнемі тез аттана алмай қалады. Жол бойындағы Шұбартау, Абралы, Дегелең, сонан соң Шыңғыстың батыс жақ сілеміндегі Тобықтының шеті болсын, баршалық қоналқаға түскен ауылдары Құнанбайды хажыдан келе жатқандай қарсы алады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий