Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Мырза сәлем айтты, ертең көп кісімен осында келеді. Және Бөжеймен бас қосып табысатын осы үй, осы үйдің қара шаңырағы бопты. Мұнда Бөжей, Байсалдар да келеді. Осыған қам істеп, күтіп алсын деп тапсырды! - деді.

Ұлжан ол хабарға сасқан жоқ. Айғыз екеуі екі күндей қам істеді. Үлкен-үлкен теңдерді шешіп, қымбат кілем, әсем тұскиіз, алаша, көрпелерді алып, Зере отырған үлкен үйді де, қонақ үйді де, Айғыз үйін де жақсы жасап қойысты.

Астау-астау бауырсақ пісіріп, қой үйтіп, құрт ездіріп, астарын да ықшамдады.

Бірнеше қарындағы сары майдың ішінен тұзы дәл, дәмі жақсы, түсі асыл майды таңдап ап, сондай қарынды әдейі арнап бұздырды.

Келесі күні айтқанындай Құнанбай, Бөжейлер бар нөкерлерімен тұтас кеп, ошарылып қалды.

Бөжей үлкен үйге кіргенде, Зере орнынан тұрып, қарсы барып бетінен сүйіп жылады да:

– Қарағым, бауырың суып, қатыбас боп кетпедің бе? Балам сен едің де, анаң мен емес пе ем?.. - деді.

– Алда жарықтық-ай!..

– Алда бақыр анамыз-ай!.. - десіп, Байдалы, Сүйіндік сияқты Бөжейге ере келген кісілер де босаңсып еді.

Бөжей де шынымен шіміркенді. Зерені құшақтап, қысып тұрып, қатты күрсіңді де, қолымен ақырын ишарат қып орнына отырғызды. Өзі де Зеренің қасына отырып қалды.

Аздан соң үндемей отырып, басын изеп, осы үйдегі балаларды көрді. Абай әжесінің төменгі жағыңда отыр еді. Бөжей ең алдымен соны шақырып ап, бетінен иіскеп, содан кейін Оспан, Смағұлды да беттерінен сүйді. Зере мінезіне орай етіп істеген туысқандық жауабы.

Бөжей шынында бұл үйді бөлек бағалайтын. Құнанбайдың ғана үйі емес осы бір атаның ортақ үйі және жалпыға мейірбан, момын, адал үй деп санаушы еді.

Бөжейлер жайласып отырғаннан кейін осы бөлмеге Құнанбай да кеп кірді.

Қасында Қаратай, Майбасар, Құлыншақ сияқты нөкерлері көп екен.

Абай Бөжей мен өз әкесінің беттесіп отырған пішінін көруден ұялғандай.

Өзінен өзі именіп төмен қарады. Үлкендерге орын босату керек. Соны сылтау қып, бұл үйден шығып кетті.

Осымен бұл кеште де, ертең таңертеңгі аста да әкелерінің үстіне кірген жоқ.

Жай сырттан, шешесінен сұрастырғанда, Бөжей мен Құнанбай көп үндеспей, шешіліспей, сыпайы ғана сыйласты дегенді есітті.

Ертеңінде Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естіген жат сөзінің шешуі жетті.

Өз үйінде жер бауырлап жылап, Айғыз жатыр екен. Қарабас мұның қолынан Кәмшатты алып, шарт киіндіріп, үлкен үйге апарыпты. Екі көзі қарақаттай жайнаған, аппақ Кәмшат, мұндағы барлық үлкендерге:

– Аға, ата! Ата... аға!. - деп, кішкентай нәзік саусақтарын созып, жалт-жалт қарайды.

Мұның әлдеқандай жалынышты түрін көруге шыдамай Ұлжан шығып кетті. Үнсіз жылап, бүктүсіп Зере қалды. Үлкендердің арасынан аяз лебін сезгендей боп Абай да атқып шығып кетті.

Құнанбай босаңсыған пішіндердің барлығына жалғыз көзін оқтай қадап, атып жібергендей қарайды. Қарқаралыдағы байлау бойынша, мұның Айғыз қолынан тартып алып беріп отырған баласы осы.

Үй ішінде түк өзгеріс сезбеген, бұрынғысынша былдырлаған Кәмшат, тысқа қарай бір бөтен, үлкен кісі ала жөнелгенде ғана шошынып еді.

– Апа!.. Апа!.. Әже!.. - деп, шырылдап қоя берген.

Кішкентай жүрегін қорқыныш қысып, зар қаққан бала дәл бір от басып алғандай шыр-шыр етеді.

Осы зарлаған үні Бөжейлер аттанып ұзап кеткенше басылмады, алыстаған сайын, отқа өртеніп, не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп, ызың-ызың естіліп тұрды.

ШЫТЫРМАНДА

1

Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мініп ел аралаған жоқ. Көбінесе Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге шейін күндіз-түні кітап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы еді.

Арап, парсы тілін, бірталай сөздерін ұмытыңқырап, қарайып қалған екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий