Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әбіш осындай үздік-үздік тіршілік тыныстарын, үндерін шала ғана естиді. Көңілінде әзірше ойсыз, атаусыз болса да үлкен құбылыс бар. Жас жанына өзгеріс салғандай бір жаңалықтың еңгенін аңғарады. Бұл не? Әлі тілекке айналмаған, арман боп та еспеген, бірақ енді қайтып ұмытылмастай, өшпестей, атсыз бір сезім! Көзі ашық келе жатса да, алдындағы дүниені көрмейді. Бар жүрегі, зейінімен Мағрипаның ақ жүзін ғана, қоңырқай қолаң шашын ғана көргендей. Аппақ сүйрік, ұзынша саусақтарын біртіндеп көз алдынан өткергендей. Біресе кең ашылатын үлкен шұғылалы сұрғылт көздері, бір сәт қып-қызыл еріндері немесе сыңғырлап күлген сылдыраған үні мен бірлі-жарым тіл қатқан сөздері құлағына келгендей болады.

Осымен қатар Әбіштің ішінде бір алысу да бар.

Тоқтау керек! Сабыр қайда? Әлі көп андау, көп білу қажет! Оның іші қандай? Онда осы Әбіштегідей ден тартқан, дос шырай бар ма, жоқ па? Және, тіпті, Әбіштің шын ниеті бар ма? Туған-туысқан айтқаныменен, әлі Әбіштің өз ішіндегі байлау қандай? Бұл әуелі, үйлене ме? Үйленсе, сахара қызына үйлене ме? Осының бәрі — өзінің әрбір іс мінезін ойлап, сабырмен жайлап істеймін дейтін Әбіш үшін шешілмегентүйіндер.

Ол бір сала күдіктер болса, енді біреуі тағы бар. Ең үлкен, әсіресе, тыйымға тартатын жай — сол түйін! Ол — Әбіштің туған елінде, аулында ешкімге айтпаған, аша алмаған сыры. Осынша таза, балауса жастың өміріндегі ауыр шындығы. Азат басын жиі ойлантатын қайғысы да сол. Әбіш Петербургта биылғы кәктемнен бері өзінің өмірі туралы бір қауіпті өзгеріс сезген. Әзірше көп білінбесе де, өзіне ғана мәлім болса да, бұны қинап қорқытатын қаупі бар.

Петербургтағы үлкен доктор Әбішке қатты сақтандыру айтқан. Бұнда жаңа басталуға мүмкін боп аңғарылған ауру бар. Қаны қатты азаюымен аралас, өкпесіне ілінген сырқат бар. Күтінбесе, сақтанбаса, көп жастық жеңілдікпен тыйылып жүрмесе, бұның құрт ауруға айналар жайы бар деген. Арақ ішуден тыя сөйлеген ақылгөй мінезді доктордан Әбіш үйлену жайын да сұраған. Өйткені Мағаш пен Кәкітай өз хаттарында сол женді де қозғайтын. Доктор ол туралы жас жігітке мәслихат бермеген.

«Өзіңізге де қауіп, алатын жарыңызға да қатер... бұл шақта, бұл жаста мен сізге рұқсат етпес едім» деген-ді.

Кеудесіндегі тірлік қайғысы мұның әрбір оңаша кезде, Әбіштің қабақ шытып, өзімен-өзі боп ойланып қалатын мұңы еді.

Қазір Мағрипаның уыздай сау жүзін ыстық толқынмен көз алдына елестетіп келе жатқанда, өзінің жаңағы жасырын қайғысы есіне түсті. Сол өзгеше жүдетіп, қуартып жіберді.

«Жоқ, жоқ!.. Бәрі де бос, мүмкін емес! Ол бұйырылмаған!» дегендей боп, жүрістен де, жалғыз сенделуден де тез, оқыс тоқталды. Ауылға қарай шұғыл бұрылды да, енді жылдам басып, жататын үй жакқа қайырылды.

Жолда мұны тосып отырған Дәрменге кеп, сөз де қатқан жоқ.

— Жүр жатамыз, Дәрмен!—деп, салқын ғана сөз тастап, аяңдай берді.

Ертеңінде кеш оянған қонақтар, тағы да бір түстік жеп, қонақшыл, дос-жар ауылдан аттанып кетті.

Бұлар өздері ниет қып шыққан «Қоңырәулиеге» енді тез жетпек боп, асыға тартқан.

Кейде аялдап, кейде жазық жерлерде дүрілдетіп жарыс салған жастар кіші бесін кезінде бір мол қара судың жанына жетті. Бұнда отырған бай ауылдың үлкен, аппақ үйлері көп. Айналасында қалың шоғыр жылқы жүр.

Әбіш бұл ауылды білмеуші еді. Мағашпен екеуі көптен ондша әңгімелесіп келе жатқан. Енді осы ауылдан қымыз ішпек лайық шығар деп, інісіне ақылдасқан еді. Мағаш:

— Бұл жер Есболаттың Қарасуы атанады. Мынау отырған ауыл — Оразбай аулы!—деді. Шөліркеп келе жатса да, «бұл ауылға түспейміз» деді. Елу-алпыс құлын байлаулы жатқан салқар желінің жанынан жастар тобы өте берді.

Ауылдан шығып алған соң, ел ішіндегі қазіргі әлек, тартыс жайлы Әбіштің сұрауы бойынша Мағаш тағы да айта бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий