Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өлім кешіріммен келеді. Қайтыс болған адамның жақсылығын ғана айтқызып, айып-міндерін ұмыттырады. Бірақ осымен аралас Абай ойына жанасқан күдік те бар. Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың өзіне де, алыс-жақынға да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады. Сонда Оспан екі алуан боп ойға келеді. Кесек, бір кеткей, қайратты жан еді. Жасынан ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кетерлік, берілген бетіне барымен ауатын тұтас бітімді. Дүңиеқорлығы, сарандығы жоқ, дос болған адамына аққөйлек ашық. Өзге көп туыстың оған теңелері жоқ. Оларды ойласа Абай, әсіресе, Оспанды жаңағы жақтарынан жоқтай түседі. Сол жанның ашылмай, жетпей кеткен армандарымен қатар, барарына бара алмаған қасиеті де болса керек еді. Осы жөнде Абайды өзгеше қинайтын бір жай ел-жұртқа қадірі артарлық не істеді? Не мінезбен халқы аза тұтарлық, ерлік көрсетіп еді?— десе... Онда Абайдың ойы жүдеу тартады. Бір рет жауыздыққа, жуанға қарсы шабуыл жасап еді... Онда да Абайдың үмітінен аулақ шықты. Кешегі жуан Құнанбайдың тағы бір қолшыл содыр-сотқары боп шықты. Оразбайдан халық кегін қуар десе, өз басының дұшпанымен бәсеке ретінде ұстасып өткен кісі боп кете барды. Енді міне, артына үлкен араздық пен кешірімсіз жаулық қана қалдырды. Абай осы туралы өзін де айыптайды... Оспанға бұл аға ғана емес, әке де есеші еді. Ол әкесінен гөрі Абайдай ағасына көп сүйеніп, сеніп өсті. «Абай неге дұрысқа бастамады, неге кесек қайрат адамын жақсылыққа нұсқамады?» деген даугер болса, Абай ақтала алмайтын сияқты.

Осындай өкініші мол, қапалық ойды ойлаған сайын Абай және де өз ішіне тығыла түседі. Үнсіз жүдеу жүздің астарында сондайлық әлек көп.

Әбіш келгеннен бері Ералыға екі күндей мол бата оқыршы тобы келді. Абай екі күн ұдайы Оспан үйінен шықпады. Әбішке де осы үйде отырып, аға зарын мұң етуге ұйғарғандай. Бұл күндерде Әбіш әкесіне де ұзақ-ұзақ қараушы еді. Сақал-шашының ағы биыл айқындап молая түскен Абайдың қазіргі мінез әдетінде де өзгеріс байқалады. Ол бүгінде өте аз сөйлейді. Осы қазаның салдарынан ұзақ жалғыздық ойына кеткендей.

Сол күндерде қасындағы достарына ақын Абайдың да тілі күрмеліп, барлық сазы сөнгендей. Қайғы, қаза Абайды соншалық сындырын «кеудедегі саулап жанған өнер отын да өшіріп кетті ме?» деген күдіктер Дәрмен сиякты дос інінің ойына жиі келетін. Бірақ сыртқа солай көрінсе де қайғылы Абай, ақын Абайды мүлде тыйған жоқ-ты. Көп жұрт Оспан жайын әр алуан айтып, жылаған шақтарда, Абай өзі де ақын тілімен іштей әлденеше жырлар шерткен.

Оспанның қимас қасиетін есіне алады. Оны ойлай отырып, бүгінгі тіріде, қатарда қалған кей туыстарды ойға алғанда, көңіл медеу таппай, ызалы жүрек ащы шындықты атап кетеді.

Қалған туыс мықтысы, күштісі кім? Тәкежандар ма? Оларда пасықтық бар, адамдық жоқ. Қарашы жауыздық бар, жарқын жүз жоқ. «Кім» деп сүйенер? «Не» деп жұбанар? Көбі тегіс ұры-қар. Ауыл менен үй ғана емес, қалың жұрттың қаскөйлері, ендігі өмір не болар? Ойласа да, барласа да ем таппастай. Сондайлық қайта шықпастай тұйыққа қамала түседі.

Осы күйде түйіліп, түнеріп қалған аға ақынның жайын жас достары көп ойлап, жиі сөз қылатын. Олар Абайды алаң етерлік себептер де іздейді. Өзара ақылдары бойынша, Әбіштің келуі Абай күйін өзгертер деп сенетін. Бірақ Әбіш келгелі үш күн болса да Абай әлі онымен кең, еркін сөйлескен жоқ. Жылап келген бата оқыршы ағайын қасында әрі өзі отырады, әрі Әбішті де осы жұрттың ортасында, Оспан үйінде көбірек отырғызады.

Тек үшінші күн кешке жақын Әбішті Оспан үйінен Дәрмен ертіп, көп ішінен жарып алып шықты.

Күн батуға тақаған кез. Батыс жақ кең қызыл арай боп, балқи толқып тұр. Ералының мол жазығы мен бұдырсыз алыс көкжиегі үстінде аспан әлемі ғажайып тыныш, шексіз кеңдікте.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий