Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Арқаның кешкі самал салқыны еседі. Қаралы үйдің қапалық мұңынан босанған Әбіш далада кеудесін керіп, ұзақтыныс алды. Ауылдан шыққан бойда екі жігіт өзен жағасына тартқан. Жүріп келе жатқан жолдарында шаң жоқ, тұтас тығыз аласа көк бетеге, жасыл шалғын бар. Табанын көк жалаған етіктер сырғанап, тайғанап, жүрісті ауырлатып отырса да, жастар езенге жетіп, оны бойлап төмен қарай ұзап, сөйлесіп кетісті.

Алдарында өзенге мүлде тақап, мінбелеп қонған кеп үйлі кедей ауыл бар. Соған қарап бет алып келеді. Дәрменнің Әбішке айтпақ сөзі бар екен. Ол және өз сөзі ғана емес, барлық жас-жаран, іні-бала сияқты Абай достары атынан айтылмақ сөз.

Оңаша шығысымен Дәрмен осы жайды бастай бергенде, Әбіш өз ойында жүрген ең соңғы, ең мазасыз жарасын ескергендей, шұғыл өзгерді. Бар қабілеті, қалпымен тұтас қана Дәрменге бағынып, тындап капты.

— Біз сені Абай ағама, бәрімізге ем әкеледі деп күткеміз, Әбіш. Өзіміз ауыр уайымын сейілте алмай қойдық. Бұндағыға қуат бер. Мен саған осыны әдейі айтайын деп ертіп шықтым!— деді.

Әбіш бұл сөзге көп шешіліп, жауап берген жоқ. Сөйлеп келе жатқан Дәрменнің жүзіне көлденеңнен жиі қарап, оның шыншыл түсіне ұната қадалды. Жылтыр қара қасты, үлкен көзді, кесек қырлы мұрынды Дәрмен анық сұлу жігіт. Қазір жүріс үстінде толқынып сөйлеу себебінен өң-ажары ақсұрланып, қыландана түскен. Ашық мандайында, кесек мұрнының жотасында және екі бетінің ұшында жылтырап білінген сүйкімді шұғыла бар. Бұл рең де Әбіш көзіне өзгеше жарастықты көрінді.

Бірақ Әбіш өзінің қазіргі мінезі туралы ашылған жоқ. Өйткені қайратты жас, еркек басымен өз ішіндегі уайым-қайғының жайын таратып айтып, көп сөз етуді лайық көрмеді.

Тек қана:

— Дәрмен, әкем туралы қамығуларың орынды. Ол кісіні бәріміз болып алаң етуді ойлайық!— деді.

Дәрменге Әбіштің бұндайлық аз сөзді тартымдылығы теріс көрінген жоқ. Шыншыл жүрек бар. Ол өзін іспен, мінезбен ашады. Сөзбен көпсіту, созбалау бұған да жақпайды.

Енді өзен жағасына жақын отырған ауылдың екі-үш иті үріп, бір-екі барақ жүн, қарала қаншықтар алдарынан жүгіре шығып еді.

Екі жігітті көріп қалған үш-төрт еркек бала да бұлардың алдарынан шықты. Бұрын сәлем берген алдыңғы жеті-сегіз жасар бала. Оған Дәрмен де жылы шыраймен қарады.

— Рахымтай, атаң үйде ме?

— Үйде емес, есік алдында отыр!— деп, Рахым ұяла тұрып жауап беріп еді.

Әбіш пен Дәрмен де және Рахымның жолдас балалары да күліп жіберісті. Рахым ұялғаннан қызарып, бір қолымен екінші қолының тырнағын тазалаған боп, шұқынып қалды.

Бұндай ұялшақ, таза, момын бала Әбішке анық ұнады. Танауының ұшы тершіп, қап-қара көздерін үлкендерге қиғаштап, қысыла қарап тұрған қоңыр баланың беті-жүзі де сүйкімді екен.

Дәрмен бұны сыртынан қапсыра құшақтап, бауырына басып еркелеткенде, Әбіш те жылтыр, таза, тықыр шашынан сипады.

— Рахым, сен кім баласысың?— деп еңкейді.

Төре аға Әбшті бұл ауылдардың бар баласы сырттан білсе де, жақыннан көп көрген жоқ-ты.

Қазір Рахым:

— Атамның баласымын?— деді.

— Біздің Дәкеңнің кенжесі! Көп баладан жалғыз тірі қалғай көзі де осы ғой!— деп, Дәрмен түсінік берді.

Сезімді бала Рахым бұл сөздерден де қысыла түскен-ді. Ол Дәрменнің құшағынан бұрылып шығып, босап алды да:

— Дәрмен аға, атама сіздерді айтайыншы!—деп сылтауратып, үйге қарай жүгіре жөнелді.

Рахым қалың жатақтың көп үйлерінің ішінде қоңырқай, бірақ сырты бүтін, кішілеу үйге қарай тартты.

— Дәкеңе сәлем берейін. Көп елден бұрын бұл кісіге кездесуім ақыл болар. Сыншыл қарттың көреген көзі тағы нелерді біліп, бағып отыр екен?— деп, Әбіш әзіл аралас сөйледі.

Дәркембай өз үйінің көлеңкесінде қызыл тайтерінің үстінде ағаш шауып отыр екен. Қолындағы өткір шапашоты шапшаң сермеліп, үлкен қайың қолағаптың сап жағын қырлап, мүсіндеп жатыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий