Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Не өліп, не тірілсем де, тағдырым сенімен болды ғой, келсең кел енді!» деп, байлай сала, Иса шоқпарды түсіріп жіберіп, қасқырдың тісі өз денесіне жеткенше, лезде алқымынан қос қолдап ала түсті де, тіреп, сығымдап тұрып алды. Қасқыр омырауласа да, артқы екі аяғына ғана басып тұрғандықтан балғын, қайсар жігітті еңсере алмады. Иса өзі де тісін ақсита қайрап алып, темірдей қатқан қос шеңгелін қасқырдың алқымынан босатқан жоқ. Керіп тіреп, қылқыңдырып жатып айқайға басып, кәр шашып тұр. Жүзбе-жүз бет алдында ақсиған жауы ажалдай көрінсе де, әлі түк те шіміріккен жоқ. Қасқырдың басынан жосыған ыстық қан Исаның қолына шүмектей төгіледі. Бірақ қасқыр әлі әлсіреп жығылар емес. «Соған айбар боп шошытсын» деп Иса айқайын, ақыруын, ызалы кәрін үзбей дабыстап тұр.

Қанша мезгіл өткенін білмейді. Қарысудан білегі, саусақтары әбден талып, өзі де енді болмаса сүрінердей боп, бар сүлдері құруға айналған шағында Исаға жәрдем жетті.

Мұның артынан ауылдан тағы бір көрші кедей Қаңбақты да жөнелткен екен. Сол енді жете бере Исаның даусын есітіп асыққан-ды. Иса тек қана:

— Сал, пышақ сал өкпесінен!— дегенге келді Қаңбақ қынындағы қарыс қара пышағын шапшып тұрған қасқырдың тақ жүрегіне қорс еткізіп салып-салып қалды. Сөйтуі-ақ мұң екен, тайдай арлан талдай сынып түсті.

Сол сәтте Иса да сылқ құлап кеткен еді. Барлық қажыр-қайраты, азамат қуаты бір ызалы қайсарлыққа сыйған бетінде мұныңда сүлдері адам шамасынан тыс қарсылықтан әбден құрып болған екен. Сол жақ қолы, иығы, бүйірі де тастай мұздап қатып қапты. Үнсіз жығылған жігіттің бар сырын аңғарған, әншейінде, сырлас-мұндас Қаңбақ Исаны қатты мүсіркеп кетті. Өз үстіндегі бір қабат шекпенін шешіп, Исаны қымтап киіндіріп алды. Иса сәл ес жиып алысымен екеуі аман қалған қойды жиыстырды. Елу қойдан бөрілер талағаны он бес қой болыпты. Оның орайына төрт қасқыр соғылған.

Бесінші — бөлтірік бөрі еді. Ол езге қасқырлар қой ішінен жоқ боп кеткен соң, өздігінен қашып кеткен-ді. Он бес қойдың бәрі бірдей өлген жоқ, жарымына жуығы тамақталған, құйрығынан жараланған екен. Бұл шамада таң біліне бастап, дауыл да бәсендеп еді. Жерге қыландап қар түсіп қапты. Енді біразда Қаңбақ пен Иса барлық қойды ауылға қарай қайта айдады. Төрт қасқырды екі-екіден байластырып, екі бөліп сүйрете отырып, қоймен бірге ауылға да жеткізді.

Тәкежан аулының бұрыңғы пәлесі, ел ішін бұл күндерде мол кернеген көп өсек, алып-қашты хабардың себепшісі еді.

Енді «сол ауылдың қойы ығыпты», «қасқыр көп қойын және қырып кетіпті» деген неше алуан хабар тағы тамам елге тарады. Бірақ осы лақаптар арасында Иса қойшының ерлігі, төрт қасқырды жаяу күйде соққаны, мал үшін жаны ашып қайсар, батыр қайратын атқаны бар басқа хабардан да өктем шықты. Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, тапжылтпай ұстап өлтірткені — бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады.

Тәкежан мен Әзімбайдың барлық малшы-көршіге ететін мейрімсіздігін, қаскөй иттігін білетін кедей-кепшік:

— Қадірін біле ме сонда да қорқаулар!

— Қайран азамат, кері кеткеннің босағасында шіріп жүр ғой.

— Сол қасқырға жұмсаған күшін Әзімбайдың өзіне бір сілтер ме еді, айуанға еткен еңбек пе, ерлік пе? Еш болған еңбек қой,— деп кейбіреулер тереңге де кететін.

— Қайтесін, жазықсыз малға жаны ашыған да... Көзбе-көз қасқырға мал талатып тұра ала ма!— деп, Исаның шынын ұғынған сөздер де көп айтылып жүрді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий