Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мен топастау тілмен: «Большевик мұнда келмей ме?»—дедім.

— Келеді! Олар бұл уақытқа шейін әдейі келмей жатыр. Сібір халқы мына үкіметінің қандай екенін әбден білсін деп жатыр. Енді осы қар кете қаптап келеді! — деді.

Мен басымды шайқап: — Әй-ай, жаман... жаман.., — дедім.

— Е, неге жаман? — деді.

— Е, жаман болмай қайтеді? Большевик жаман. Талайды, барлық халықты қырады, — дедім.

— Не дейсің сен, туған? Олар сен тәрізді, мен тәрізді кедей адамдарға тимейді. Олардың өздері де ылғи сенімен мен тәрізді кедей, жарлы адамдар... Олар тисе, байларға, төрелерге ғана тиеді. Оларды «жаман» деп, «талайды», «қырады...» деген сөздердің бәрі — әдейі сендерді нандырып қоюға таралған өтірік сөздері. Сен ондай сөзге нанба, — деді.

Ішімнен сүйсініп отырғанымды білдірмей, басымды шайқап: — Әй, білмеймін, олар келсе жаман болады, — дедім.

Ол арада жұрт топырлап билет сататын тесіктің алдына кезекке тұра бастады...

Мен де барып тізбекке тұрдым. Халық иін тіреседі. Билет алуға тізілген тізбек тіпті ұзын. Сығылысып тізіліп тұрмыз. Көп уақыт өтті. Ақырында «поезд жоқ» деп жұрт тізбектен тарады.

Бұрышта үймелеген қалың мұжықтың арасына тағы да келіп отырдым.

Бір қоян бөрікті, жаман киімді, он бес, он алтылардағы сары бала менің қасыма келді. Маған ноғайша сөз қатты. Ноғай баласы екен, екеуміз де лезде шүйіркелесіп, бала менің қасыма отырды. Вокзал ішінде көпке көрініп жүре бермей, сол бұрышта жаттым. Ноғай бала біреудің шайнегімен қайнаған су әкелді. Нан, сүт сатып әкелді. Шай іштік. Вокзал іші құмырсқаның илеуіндей қыбырлайды. Жұрт қақтығып, иін тіреседі. Вокзалға тарсылдатып, біреу кіріп, біреу шығады. Даң-дұң дыбыс. Біреуде біреудің ісі жоқ... Поезд жоқ. Жұрт тықырлап зарықты...

Кеш болды. Тысқа шығып келіп, бұрышқа тағы да жаттым. Манағы сөйлесіп отырған мұжықтар мен кәрі солдат кетіп қалыпты. Ноғай бала қасымда. Вокзалды баққан әскерлер бір кіріп, бір шығып, сарт-сұрт етіп жүр. Бір мезгілде әскерлер көбейіп, есіктен кіріп-кіріп тұра қалып, жұртқа:

— Вокзалдан шықпайсыздар. Билет тексеріледі! —деді...

Бір-екі әскери киінген жігіт етіктерінің темірлері сылдырлап, тас еденге аяқтарын сырт-сырт басып ортаға келді.

— Бәріңіз де қозғалмай билеттеріңізді шығарып, даярлап отырыңыздар, қазір жағалай көреміз! — деді.

Жұрттың бәрі орындарында құнжындап шығарып жатыр.

Мен де жай, сылбыр қимылдап «қағазымды» алып, ұстап отырдым. Билет тексерушілер үйдегі көп кісінің бір шетінен жағалап, қағаздарын көре бастады.

Тас еденді сырт-сырт басып етіктерінің темірлері сылдырлап, екі жігіт көп бөгелмей жағалап келеді. Біздің алдымызға келіп, біздің қағаздарымызды есік пен төрдей тұрып көріп, өте шықты. Сөйтіп, сыдыра қарап шығып кетті.

Жұрт қағаздарын алған қуыстарына қайта салып, тағы да бет-бетімен қимылдады. Біреулер шығады, біреулер кіреді. Біреулер қақтығып топырлап жүреді. Біреулер жатыр, біреулер отыр, поезд жоқ.

Түнімен билет алуға неше рет тізбектеліп тұрып, неше тарқадық. Поезд келмеді.

Қызылжар жақтан поездар Күншығыс-Сібірге қарай өтіп жатыр. Қызылжарға қарай поезд жоқ. Не себептен екенін ешкім білмейді.

Вокзалда түнді өткіздік. Таң атты. Вокзал үйінде қалай болса солай жатқан қара халық оянып, тағы да қыбырлай бастады. Тағы да біреу кіріп, біреу шығып, жұрт иін тіресіп, қақтығып, вокзал ішін даң-дұң қылып, топырлады. Мен де тысқа шығып кірдім.

Ноғай баласы біреудің шайнегімен қайнаған су мен сүт, нан әкелді. Ішіп, жеп отырдық. Поезд жоқ. Жаттық. Тұрдық. Енді сарығып жалықтық. Түс болды. Тысқа шықтым. Вокзалдың есіктерінің алдында қыбырлаған көп халық қақтығып сеңдей соқтығады. Танымал біреу кездесіп қалар ма дегендей байқап, иін тірескен жұрттың ара-арасымен вокзалға есік алдына келдім. Тозған кір-кір солдат киімді, бір ілмиген жүдеу сары орыс жігіттің көзі көзіме түсе кетті. Қарсы келеді екен. Бетімді аударғанша:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий