Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

—А-а, амансың ба? Сен де мұнда екенсің ғой? — деп қолын созды. «Шүкір», — деп өтіп кеттім.

Вокзалға кірдім, қалың кісінің арасына қақтығып, біраз жүрдім. Әлгі ілмиген сары жігіт тағы да ұшыраса кетті. Бетіме қарап балаша ыржиып күлді.

— Сен лагерьден қашан шықтың? — деді.

Лагерьден шыққан жігіт екенін біле қойдым. Саспай, салқын жүзбен бетіне қарадым.

— Жақында шығып едім... Жүр, тысқа шығайық — деп, есікке қарай жүрдім. О да жүрді. Енді сөйлеспей, тез тысқа шықтым. О да шықты. Оңаша барып тұрдым. Қасыма келді.

Жай салмақпен тұрып:

— Сен лагерьде болып па едің? — дедім.

— Иә, танымайсың ба? Сені мен көргеннен тани кеттім. Сен жетінші баракта болдың ғой. Мен сегізінші баракта болғамын,—деді.

— Сені қашан шығарды? — дедім.

— Мені шығарғалы төрт-бес күн болды. — деді.

— Енді қайда бармақсың? — дедім.

— Енді өз жағыма, Пермь губернесіне барамын... Поезды күтіп жатырмын, — деді.

Жай тұрып, түсімді бұзбай, сыбырлаңқырап:

— Сен бірақ байқап жүр. Бұлардың бір шығарған кісісін қайта ұстап апарып қамап қоятын да мінездері болатын. Осы вокзалда олардың сырттан бақылап жүрген кісілері көп. Сен лагерьден шығып едім деп, мұнда ешкімге сөйлеме!.. Және маған да жолама! — дедім.

Түсі өзгеріп, қорқып кетті.

— Жарайды, жарайды... Сөйлемеймін!.. —деді.

— Енді жай жүре бер! — дедім.

Бұдан кейін таныс жігіт таянбады. Ол күні тағы да неше рет билет алуға тізбекке тұрып тарқадық.

Бірде тізбекке тұрғанымда қасымнан бір-екі қазақ жігіті өтті. Екеуі де оқып жүрген жігіт. Лагерьден конвоймен шығып жүргенде біреуін Жұмабайдың әкесі жатқан қазақ үйінде көргенмін. Біреуі — беті қып-қызыл шарық табақтай ұзын жігіт. Біреуі — аласа сұр жігіт. Екеуі қасымнан екі-үш рет өтті. Бірақ түрім, қияпатым, киімім өзге болған соң, мені көрсе де танымады. Біраздан соң тағы да қалаша киінген семіз қазақ пен бір орысшалау қазақ жігіт келді. Мен әдейі бүрісіп тұрдым. Танымал адамдар емес. Екеуі де менің қасыма келді.

Жігіт:

— Сен қайда баратын жігітсің? — деді.

— Қызылжарға баратын жігітпін, — дедім.

— Сен ендеше бізді тізбекке тұрғызбай-ақ, бізге де Қызылжарға екі билет алшы, — деді.

— Жарайды. Бірақ билет сатылған кезде сіздер қайда боласыздар? — дедім.

— Біз ана первый класс үйінде боламыз. Билет сатылғанда ақшасын береміз! — деді.

— Жарайды, — дедім. Саудагерше киінген семіз қазақ менің бетіме қарап тұрды.

— Сен өзің қай жердің жігітісің? — деді.

— Осы Омбы жігітімін, — дедім.

— Қаланыкімісің, елдікімісің? — деді.

— Қаланыкімін, — дедім.

Қазақ біреудің жөнін сұрауға қандай құмар.

— Қаланікімін деймісің? Кім баласысың сен? — деді.

— Балуан Қажымұқанның жақын інісі боламын! —дедім. Семіз қазақ Қажымұқанды біледі. Мені білмеді. Ойланыңқырап тұрып:

— Мұнда көрмеп едім... — деді, — Қызылжарға жай барасың ба? —деді.

— Жай, бір шаруамен барамын! — дедім.

— Онда кімге барасың? — деді.

— Садық молда деген кісінікіне барамын!.. — дедім. Семіз қазақ енді «Садық молданы» біраз түбірлеп сұрап қойды.

Қасындағы орысшалау киінген жігіт маған тағы да ақыл айтпақ болды.

— Біз анау первый класс үйінде отырмыз. Сен енді осы тізбекке тұрып, бізге де екі билет аларсың. Орныңнан айрылып қалма... Өзің бір жуас жігіт көрінесің! — деді.

— Айрылмаспын! — дедім.

Екеуі первый класс үйіне кетті.

Ол күні де Қызылжарға поезд келмеді. Енді шыдай алмай әбден зарықтым. Вокзалда уақыт өткен сайын қауіп көбейетін болды. Кеш болды. Енді Қызылжарға қарай жүруді лажсыз тастап, Алтай губерниясына, Славгородқа қарай жүруді ойладым. Қызылжар жақтан Сібірге қарай өтіп жатқан поездың біреуі іңірде жетіп келді. Поезд ырсылдап тұр. Жұрт жабырлап, дабырлап түсіп жатыр. Бірталай кісі вокзалға келді. Кейбіреулер қолдарындағы билеттерін әркімге саудалай бастады. Бір жабайы киінген қазақ жігіт маған жетіп келді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий