Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– О, сорлы, мына жамырап отырған жалмауыздарыңның таңдайы аққа енді тиейін дегенде жалғыз сиырға бұзау тастатпақ екенсің, ә! Балшыққа ала сиырды салғанша, мына мені сал, – Құлағы ауыр адамға тән әдетпен айқайлай сөйлеп, жуа-жуа, жамай-жамай ала-құла болып кеткен көйлегінің етегін ышқырына қыстырып алып, жалаңаяқтанып, топан араластырған лайға күмп беріп түсті де кетті.

Пісуі жетпесе лай жарықтық ылжырап, қыш құюға келмейді. Суға енесі түскен үйректің балапандары құсап, шеше соңынан лайға Тайлақтың балалары да қойып-қойып кетті.

Талбүбі – жалғанда күшті әйел еді. Ірі мал омбылап қалатын қалың батпақты қара санына дейін батып тұрып илегенде борша-борша болды.

Жоғары ауылда той болатыны бұларға да мәлім еді. Қазақ той дегенде қу бас домалар деп шақырылмаса да бара береді. Той иелері қалай ма, қаламай ма – онда шаруасы шамалы. Оларды ешкім көкірегінен итермес. Бірақ игі жақсылардың кебісі жатқан жерге де жақындай алмас.

Талбүбі болыстың тойына барамын деп бой бермеді. Байы айтты: бармайсың деді. Той сенің неңді алған, одан да төменнен барып қамыс орып келейік деді. Ақыры жанжалмен, бірін-бірі тілдесумен тынды. Тайлақ ала сиырды жетектеп қамысқа кетті. Талбүбі мұрынбоқ бір баласын жетектеп, жоғары ауылға жөнелді. Бойжетіңкіреп қалған қызы «мен де барамын» деп қыңқылдап еді, «тәйт» деп тастады. Менің қайыршылығымды көрмей-ақ қой, мен желіккеннен бара жатыр деймісің сорлы. Тойдан қалған-құтқан қамыр, сорпа-су болса, ала келемін, отыр үйде, – деп қалдырып кетті. Былай шыға бере тағы айқайлады: – Барғызбасың, барғызбас, Күләй! – деді.

Есті қыз сонда бойындағы тұлдыры – қызылала көйлекті қолымен сипалап еді, жамауы көп екен...

* * *

Жабағы жүні түсіп, түлеген сары інген жетектеген салт атты той жағалап жар салып, көгалды өзен жағасына барып тоқтады. Сары інгеннің бұйдасын сәмбі талға шиелеп байлап болып, тағы айқайлады:

– Анадан жаңа туғандай жалаңаш келіп тісімен шешіп алған әйелдікі мына інген!

Бұрын-сонды мұндай бәйгені естімеген жұрт ауылдың қақ мандай алдындағы өзен бойына қарай ағыла бастады. Тіпті қаз-қатар қазылған жерошақ басындағылар да қазандарын тастай салып, ел құлағы естімеген қызыққа қарай ұмтылды. Жалбыз арасына сүйретіп апарып сүйек кеміріп жатқан иттер анталаған адамдардан сескеніп, жемтіктерін тастай қашты. Жалбыз жапырылып, көкмайса тапталып, езілген дермене шөптің исі аңқиды. Біреулер сойылған малдың қарнынан ақтарылған қан-жынға тайып жығылып жатыр.

Халық қара-құрым болып жиылуын жиылғанмен, талапкер табылмай, бәйге ұйымдастырушылар тығырыққа тіреліп қалғандай кез. Екі өркеші майдан дір-дір еткен жардай сары інген кімнің де болса құлқынын қытықтайды. Бірақ әбиірін ашып, аймандай масқараға ашық шығуға ешкім бата алмайды. Өзі бастаған жұмыстың жігі қашып тұрғанына ренжіп, пристав тұнжырады. Бектенге салса, осы машақаттың керегі жоқ-ақ. Бірақ бас құдасы Айбар мырзаны да желік қысқан екен, елеріп алыпты.

– Әй, айт мына жұртқа! Жарамды бір ұрғашы шықпағаны ма бұл елден! – деп жаршыны қыстады.

Жаршы тағы да қақсап, тілі мен жағын безеп бақты.

– Әй, сен шық, сен шық, – деп жас келіншектер, әзілдесіп бірін-бірі итермелейді.

– Қараң қалсын, төбемнен төмен қарай алтын құйса да бармаймын! Өзің шық, өлігіңді көрейін!

– Дүйім халық тұрмақ, менің тыр жалаңаш тәнімді өз күйеуім де көрген емес, о несі!

– Сұмдық-ай! Мұны ойлап тапқан қайсысы?

– Байлық не істетпейді, бар не дегізбейді, жоқ не жегізбейді, есірді ғой... Ендігі ермегіне осы қалыпты, – десіп күбір-күбір, сыбыр-сыбыр гуледі.

Тергеуші мен Тұрар приставқа таяу тұрған.

– Адамды қорлап не керек? – деп қалды Тұрар пристав естімесін деп жай ғана.

– Оның рас. – деді Семашко теріс айналып. – Эпостың жайы бір басқа. Әр заманның өзінің салты бар.

Үлкен қызықтан дәмеленіп келген жұрт, енді әлдекім алдағандай көңілі қалып, алды тарай бастап еді, біреу ащы дауыспен айқай салып:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий